Полиция қоғамдық тәртіпті сақтауды сұрайды

399

0

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаруланған бұзақылық топ облыс орталығында 9 нысанды өртеген. Дегенмен, ғимараттағы қызметкерлер алдын ала шұғыл эвакуацияланды.

Сонымен қатар, полицияның 24 қызметтік автокөлігі өртеніп, 8-і зақымданған. Бұдан бөлек, тәртіп бұзушылар 6 модульдік полиция пунктін өртеп, тағы біреуін сындырған.

Құқық бұзушылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 5 блок-бекет қойылды. Атап айтқанда, Тұңғыш Президент паркі, «Қызылорда – Павлодар – Жезқазған», «Қызылорда – Жалағаш» тасжолдарында және «Самара – Шымкент» тасжолында 2 блок-бекет орнатылған. Оларда тәулік бойы әскерилер қызмет етеді. Арнайы техникамен қамтамасыз етілген.

4 қаңтардан бастап 80 адам ішкі істер органдарына жеткізілген. Олардың әрбірінің іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Облыс орталығындағы барлық көшелерде патрульдер қызмет атқаруда.

Айта кетейік, елімізде соңғы оқиғаларға байланысты 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай енгізілді. Полиция департаменті облыс бойынша шектеулерге байланысты тұрғындардан қоғамдық тәртіпті сақтауды сұрайды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<