Ұяты бар ұры

447

0

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын аталас ағамыз елден Ақтөбеге көшіп келетін болды. Құжатын арқалап, құзырлы органга жолыққан аға-жеңгеміз әкемнің үйіне кетіп бара жатып, жолда базарға соққан. Сол жерде азын-аулақ ақшасы мен күллі құжатын ұрлатқан. Әшейінде тәштай жеңгеміз сөмкесін қалай қағып кеткенін білмей қалған.


Жалпы кез келген адам үшін құжат жоғалту деген ақырет қой. Ал мына жерде жағдай тіпті қиын еді. Қарақалпақстанның азаматтығынан шығып кеткен, Ақтөбеде тіркеуге тұрып үлгермеген. Хас масқара…


Әлқисса, ұрыекең сөмкені қолға түсіргесін, құжаттарға да көз жүгіртсе керек. Блокнотта жазылған адрестерге де үңілген сықылды. Сосын сонау «Колхоз базардан» тура біздің подьезге келіп, бірінші қабатта тұратын Әбдіраш Есмахан ағамның есігінің алдына құжат толтырылған пакетті қойып кетіпті. Оны сол үйге қонаққа келген Мейірхан ағам мен Айжума жеңешем көріп, ішке ала кіреді. Сосын маған хабарласты: «Осылай да осылай, бір пакет құжат тауып алдық. Сіздер жақтан келген адамдар секілді, қарашы». Барсам, өз аға-жеңгемнің құжаты…
Алып, үйге кіре беріп ем, телефон шырылдап жатыр екен.

Әкем. «Мыналар ақшасы мен құжатын ұрлатып алыпты. Сен полицияға хабарлас…». «Құжат менде» – дедім күліп. «Қалай?». «Ұрылар әкеліп тастады…»


Дереу әкемнің үйіне жеттім. Түрлері кетіп қалған аға-жеңгемнің көзі жайнап шыға келді. Ал содан әлгі ұрыны мақтайық кеп. «Атасына рахмет!» – деді әкем. «Ұяты бар адам екен» – деді шешем. «Бала-шағасының қызығын көрсін…» – деген ағамның тілегін естігенде тіпті құладым. «Алғаны бұйырсын, ендеше» – дедім мен. Енді бәріміз күлдік. Қайран, ұрыекең біздің сол тілегімізді естімеді-ау. Қасымызда болса, тура жылап жіберер еді.

Бауыржан Бабажанұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<