20-21 маусымда шектеу шаралары күшейтіледі

362

0

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қаралды, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Л. Ақтаева, өңірлердегі жағдай туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев баяндады.

Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық жағдайдың өршуін және коронавирус инфекциясымен ауыру көрсеткішінің артуын ескере отырып, ВАК биылғы 20-21 маусым, демалыс күндеріне, мынадай қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады:

  • Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалалары бойынша: 
  • сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да  базарлардың қызметі тоқтатылады;
  • қоғамдық тамақтану орындары тек далада әрі әлеуметтік арақашықтықты сақтап қана жұмыс істеуі тиіс; 
  • қоғамдық көліктердің қызметі шектеледі;
  • қоғамдық демалыс орындары: парктер, саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер қызметі тоқтатылады;
  • фитнес-орталықтарының қызметі тоқтатылады;
  • 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуы шектелсін.
  • Тұрғындарының саны 50 мыңнан асатын елді мекендер бойынша:
  • қоғамдық орындардың: парктер, саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер жұмысы тоқтатылады;
  • 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуы шектелсін.
  • Өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерінің қаулыларына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына аумақтық жақын орналасқан туристік аймақтарға кіруге тыйым салу ал аталған аймақтардағы адамдарға – әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне қысқа мерзім ішінде мына мәселелерді пысықтауды тапсырды:

  • медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейту;  
  • ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындар санын көбейту;
  • меншік нысанына қарамастан, өңірде бар ресурстарды тарта отырып, науқастарды КТ-зерттеумен қамтамасыз ету;
  • жедел медициналық жәрдем станцияларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақытылы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету;
  • үйлерінде жатқан пациенттерге амбулаторлық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылау жасау (қашықтан, мобильді бригадалардың көмегімен);
  • халыққа белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз