Аймақ басшысы бірқатар маңызды мәселеге қатысты нақты тапсырмалар жүктеді

375

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының іске асуы, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытындысы талқыланған мәжіліс өтті.

Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Рауан Рақымбеков, орталық атқарушы органдардың өкілдері, облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары, басқарма, департамент, инспекция басшылары қатысты.

Аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, нақты міндеттер жүктеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін өңірімізде жаңа құрылыс стандарттары бойынша 21 мектеп салу көзделген. Биыл 10 мектептің құрылысы аяқталып, келесі жылы қалған 11 мектепті ел игілігіне беру межесі қойылған. Бұл құрылыстарға отандық тауар өндірушілердің жергілікті өнімдерін қолдану тапсырылды. Қазір барлық мектепке жер телімдері беріліп, 10-ының құрылысы жүргізілуде. Сыртқы инженерлік инфрақұрылым тартуды шілде айының соңына дейін аяқтаңыздар, 1 тамызға дейін жол-көлік желілерін, жарықтандыру, абаттандыру, жаяу жүргінші жолдарын және аялдамаларын салыңыздар.

Облыста шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау шаралары қалыптасты. «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларына жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Қаражаттың тиімді, мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіңіздер.

Кәсіпкерлікті дамыту бюджет қаражатын таратумен шектелмейді. Әрбір тиыны нысаналы және тиімді жұмсалуы тиіс. Қала және аудан әкімдеріне қаржы ұйымдарымен бірлесіп, жаңа инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, жүзеге асыруды тапсырамын. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының басым бағыттарын анықтап, жұмысын одан әрі жалғастыру жолдарын пысықтау керек. Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бизнес ахуалды жақсарту мәселесі күнделікті бақылауда болуы тиіс.

Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, өз аумақтарыңыздағы көше-жол желісінің, аулалардың, жасыл желек аймақтарының, ғимараттардың қасбетінің тазалығын қадағалаңыздар. Облыстық басқарма басшылары, салаларыңызға қатысты нысандарда тазалық, абаттандыру, көркейту жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне жеке жауаптысыздар. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің, халық көп шоғырланатын сауда базарлары аумағының тазалығын тұрақты бақылауда ұстаңыздар, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында инфрақұрылым жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Көше-жол, жаяу жүргінші жолдары, аялдама, жарықтандыру бойынша бүгінгі күнге 5 нысанның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленген. Қалған 5 нысанға мамыр айының соңында сараптама қорытындысын алу жоспарланып, тамыз айында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталмақ.

Соңғы 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 45,1%, ондағы жұмыспен қамтылғандар саны 26,7%, өндірілген өнім көлемі мен салық түсімі 1,8 есе ұлғайды. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 1,1% өсіп, 18,9%-ға жетті. «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 5,5 мыңнан аса жоба субсидияланды, 3,9 мыңға жуық жобаға кепілдік берілді. Ауылдық елді мекенде кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттің 100% қатысу үлесімен құрылған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 1500-ға жуық жобаны қаржыландырды. Шағын және орта бизнестің жаңа жобаларын орналастыруға мүмкіндік беретін 6 индустриялық аймақ бар. Қала және аудандардың әлеуеті мен мүмкіндігіне қарай 8 өңірлік инвестициялық бағдарлама әзірленіп, әкімдіктерге ұсынылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қорытындыласақ, аймақта ұйымдастырылған шараларға барлығы 116 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Акция кезінде 6 жарым мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылып, елді мекендердегі 505 сквер мен парк, 208 тарихи-мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан, 848 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 258 су объектісі, 13 883 аула мен көше бойы тазартылды. Оған 900-ге жуық техника жұмылдырылды. Сыр жұртшылығы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып, өңіріміздің тазалығына өз үлесін қосуда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<