Аймақ басшысы Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

272

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямадамен кездесіп, екі ел арасындағы, оның ішінде Сыр елінің дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, тиісті басқарма басшылары және Жапония елінен келген делегаттар атташе Томоя Ёкоэ мен «Шөп тамыры» халықаралық бағдарламасының үйлестірушісі Акира Мацумото қатысты.

Облыс әкімі аймақтағы білім беру және экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, Джун Ямадаға Алғыс хат табыстады.

– Бүгінгі таңда Қазақстан мен Жапония ұзақ жылдар бойы ашық және сенімді өзара қарым-қатынас орната білген стратегиялық әріптестер болып табылады. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, сауда-экономикалық қатынастар мен бірлескен мәдени ынтымақтастық елдеріміз арасындағы тиімді өзара қарым-қатынастың жарқын айғағы болып табылады. Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі және екіжақты қатынастар жылдар өткен сайын тек кеңеюде. Достық қарым-қатынастың бір мысалы ретінде Жапония үкіметі біздің еліміздің аумағында жүзеге асырып жатқан «Шөп тамыры» бағдарламасын атап өтуге болады. Әлеуметтік саланы дамыту өңірлік саясаттың, оның ішінде білім беру саласын жақсартудың аса маңызды басымдығы болып табылатыны баршаға мәлім. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерге Қызылорда облысында білім беру және экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асыруға көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

«Шөп тамыры» бағдарламасы – Жапония Үкіметі Дамуға Ресми Көмек шеңберінде іске асыратын бағдарламалардың бірі. Бұл бағдарлама үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ жергілікті органдар бастамашылық еткен жобаларға жәрдем көрсетеді. Бағдарлама шеңберінде денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және т. б. салалардағы жобалар іске асырылуда. Гранттық көмек жабдықты сатып алуға, сондай-ақ мекемелерді жабдықтауға қаражат беруге бағытталған.

Кездесуде Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.

Айта кету керек, Жапония делегаттары Сыр еліне жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, Арал ауданына барады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз