Ақордада Қатар Әмірін салтанатты қарсы алу шарасы өтті

694

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Қатар Әмірі құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді елорда әуежайында күтіп алған болатын.

Сапар аясында ертең жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 13 қазанда шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI саммитіне қатысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<