Ел дамыса, халықтың бірлігі беки түседі

220

0

Жаңа ғана Қазақстан Республикасы Президентін  ұлықтау рәсімі өтті. Қатыстық. Көрдік.

Қай уақытта да ел тізгінін ұстаған Президентке халық үлкен үмітпен қарайды. Себебі кемел келешектің бастауы ел басшысының ұстанған саясатына тікелей байланысты.

Бүгінгі тарих сәт ел жадында мәңгі сақталары анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде еліміздің алдағы дамуының он бағытын айқындап, нақты жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, алдағы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілетінін мәлімдеді. Елдің күткені де осы еді.

Шынында, еліміз алдағы жаңа бастамалардың нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түсіп жатса, елдің іргесі сөгілмей, бірлігі беки түсетіні анық. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарса, мемлекеттігіміз бен егемендігіміз мәңгі боларына сенім мол. Мемлекет басшысы өз сөзінде осынау құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – Қазақстанның Президенті ретіндегі қасиетті парызы екендігін айтып өтті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ елі бүгін тарихи кезеңге аяқ басып отыр. Ал енді әділетті Қазақстан құру үшін қоғамда болып жатқан үдерістерге әрбіріміз жауапкершілік алуымыз қажет. Бұл ел еңсесін тіктеп, дамыған елдердің қатарына қосылуға сөзсіз әсер етеді. Халық та тұрақты, әділетті және өркендеген Қазақстанды қолдайды деп ойлаймын.

Жандос БАЗАРТАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры