Облыс әкімі: «Қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялау процедуралары аяқталуға жақын»

755

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысын көріп, тұрғындармен кездесті.

Ең әуелі аймақ басшысы аудандық Ардагерлер үйінің жұмысымен танысып, еңбек ардагерлерімен пікірлесті. Басқосуда су тапшылығы жағдайын алдын алу, ауылшаруашылығы саласы, денсаулық сақтау мәселелері сөз етіліп, алдағы жоспарлар талқыланды. Ауыл ақсақалдары облыс әкіміне аудан үшін өзекті Қарлан көпіріне аяқтауға ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы Қарлан көпірінің құрылыс жұмыстарын аяқтау күн тәртібінде тұрғанын және көпір құрылысын аяқтауды жүзеге асыру кейінге шегерілген жобалар негізінде қаралатынын еске салды.

Кездесу сәтінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов бата беріп, Астана күніне құттықтауын жеткізіп, аймақ басшысының жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кету керек, аудандағы Ардагерлер үйі 2015 жылы демеушілер есебінен пайдалануға берілген. Ғимаратта тренажер, асхана, демалыс, дәрігер, ем қабылдау бөлмелері бар.

Мұнан кейін облыс әкімі аудан орталығында орналасқан Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп гимназиясында қосымша спорт зал құрылысын көріп, нысанды жаңа оқу жылына дейін аяқтауды міндеттеді. Мұнымен қоса, Әйтеке би кенті – Қазалы қаласы аралығындағы «Жалаңтөс батыр» ескерткіші орналасатын орынды көрді. Ескерткіш Рәміздер аллеясы жанынан бой көтермек.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Құмжиек ауылдық округтерінде болып, Пірімов ауылындағы орталық саябақта ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жүздесуде ақсақалдар ауылдың өзекті жағдайларын қозғады. Оның ішінде спорт кешенінің құрылысын бастау, жаңа балабақша салу қажеттігін атап өтті. Тұрғындар тілегін тыңдаған облыс әкімі әлеуметтік нысандарды салу Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделгенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын салу кезең-кезеңімен аяқталатынын жеткізді.

Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Қарашеңгел елді-мекеніндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің егіс алқабында күріш дақылының су жағдайымен танысты. Шаруашылықтың жалпы егіс көлемі 1255 гектар. Оның ішінде, күріш – 600 гектар болса, жаздық бидай – 100 гектар, жоңышқа – 555 гектарды құрап отыр. Егіс алқабында стенд арқылы ауданның ауылшаруашылығы дақылдарының орналасу көрсеткіші мен алдағы жоспары таныстырылды.

Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев пен аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа су тапшылығына байланысты ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыруды және егін алқаптарын суару кестесін бақылауға алуды тапсырды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал, Қазалы ауданына жұмыс сапарын қорытындылап, мәселелерді жан-жақты таразылап, аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Бүгін Арал, Қазалы аудандарындағы бірнеше ауылдарға барып, елдің ішіндегі өзекті болып тұрған құрғақшылықтан туындаған мал азығының жетімсіздігі, малдардың қырылуы, су арналарын тазарту мәселелерін саралап, тиісті шешімдер қабылдадық. Осы кезге дейін ахуалды таразылай келе мәселелерді оңтайлы шешу үшін аудан әкімдеріне, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Қазір жағдай түзеліп, мал азығынан тапшылық көріп отырған аудандарға көрші аудандардан жем-шөп, жоңышқа жеткізілуде. Ал, Арал ауданына төтенше жағдай жариялау процедуралары аяқталуға жақын. Қазірде тиісті құжаттамалар ашық нормативтік құжаттар порталына енгізілді. Жағдайдан шығудың механизмін сызып, қысқы маусымға мал азығын алдын ала жинап алу жұмыстарын үйлестірудеміз. Егін мәселесі де тысқары қалмайды. Бүгінде сала мамандарымен бірлесіп күн сайын жағдайды бақылап отырмыз. Суды үнемдеп пайдалануды және шаруа қожалықтарына су бөлінісін кестеге сай бөлу жұмыстары жолға қойылды. Барлығы да өзімнің бақылауымда,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айту керек, облыс әкімінің жұмыс сапары Қармақшы және Жалағаш аудандарында жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз