Облыс әкімі жаңартылған колледжде болды

1294

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманауи жаңғыртудан өткен Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, ұстаздармен пікірлесті.

Колледжді сенімгерлік басқару негізінде алған меценат Сейітқали Алшынбаев оқу ордасының базасын жаңартуға 1,7 млрд теңге қаржы салған.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы, кәсіптік білім беру саласының ардагерлері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Жиында аймақ басшысы колледждердің әлеуетін жетілдіру үшін «Жас маман» жобасы қолға алынып, білім алуға ынталы жастардың мүмкіндігі кеңейгенін тілге тиек етіп, қайта жаңарған білім ордасының студенттеріне сәттілік тіледі.

  • Келешек жастар арасынан еңбек адамын дайындауды біз бүгіннен бастауымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінде жоспарлы түрде жүргізіледі.
    Сейітқали Бегманұлы бұған дейін облыс орталығы Қызылорда қаласынан «Шұғыла», «Нұр-Шұғыла» балабақшаларын, «ZERDE» интеллектуалды мектебін ашты.
    Өткен жылдан бастап Қызылорда құрылыс және бизнес колледжін сенімгерлік басқаруға алып, оқу орнын заманауи талаптарға сәйкестендірді.
    Аймақтың еңбек нарығына оның ішінде құрылыс саласына қажетті, сұранысқа ие кадрлар даярлайтын оқу орнының алдағы атқаратын жұмыстар легі ауқымды,-деді Н.Нәлібаев.

Шарада сөз алған Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы білім саласына жанашыр азаматтың оқу ордасының дамуына инвестиция салуы игілікті іске екенін алға тартты.
Ал, оқу орнын сенімгерлік басқаруға алу жобасын іске асырған, «Парасат» орденінің иегері Сейітқали Алшынбаев шара қонақтарына алғыс білдіріп, жерлестерін шын ниетпен туған жерге қызмет етуге шақырды.

Бүгінде оқу орнында 100-ден аса педагог қызмет етеді. Биылғы жылдың өзінде 500-ге жуық студент білім алуда.
Алдағы жылы колледж жанынан қосымша оқу-өндірістік шеберхана, зертханалар ашылып, спорт алаңы және жатақхана құрылысы жүргізіледі.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда «Жас маман» жобасы аясында өңіріміздегі 9 колледждің оқу өндірістік шеберханалары мен зертханаларын жабдықтауға 2,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. 284 қажетті техника мен құрал-жабдықтар алынды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<