Президент елдің арман-мұратына адал болуға серт берді

1755

0

Бүгін елордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Онда ол сайлауға қатысқан барша жұртшылыққа ризашылығын білдірді.

– Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын. Президенттікке кандидаттарға да құрметімді білдіремін. Сайлауда саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті. Осы ретте, мені президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған халық коалициясы мүшелеріне рахмет айтқым келеді. Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым, – деді Мемлекет басшысы.

Көк туды сүйіп, дана халқының алдында бас иген Президент елдің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт берді. Ол ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант етті.

«Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады», деді ол.

Айта кету керек, осы рәсімге Қызылорда облысына делегация қатысты. Оның құрамында қоғам қайраткерлері, ардагерлер, әр саланың басшылары мен мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың, партиялардың өкілдері, Сыр жастары бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<