Қызылорда қаласының жаңа әкімі тағайындалды

4921

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Қызылорда қаласының актив отырысында әріптестері Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарған Асылбек Шәменовті жаңа қызметке шығарып салды.

2022 жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқарған Шәменов Асылбек Өмірбекұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды.

Актив отырысында Нұрлыбек Машбекұлы өткен жылы жүзеге асқан жобаларға, атқарылған жұмыстарға, қабылданған шешімдердің маңыздылығына тоқталды. Халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс-тіршілігіне арқау болған бастамаларды соңына дейін жеткізу үшін уақытпен санаспай, жұдырықтай жұмылып еңбек еткен жанашыр азаматтарға алғыс білдірді. Асылбек Өмірбекұлына аймақ дамуына елеулі үлес қосқаны үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстады.

«Асылбек Өмірбекұлы әр жылдары жеке сектор мен мемлекеттік органдарда түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Мемлекеттік қызметте сатылап өскен білікті кадр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, Жалағаш ауданының әкімі қызметтерінде біліктілігін, ұйымдастырушылық және жауапкершілік қасиеттерін көрсетті», – деді облыс әкімі.

Қызылорда – облыстың бас шаһары, ең үлкен елді мекені болғандықтан, сәйкесінше мұндағы жұмыс қарқыны, тұрғындардың талап-тілектері, қолға алынған, алдағы уақытқа межеленген жобалар да ауқымды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері қаланың даму тенденцияларымен тікелей байланысты.

«Қызылорда қаласының бюджеті 2022 жылдың басында 51,6 млрд теңге болса, екі жылда екі есе өсіп, өткен жылды 95,1 млрд теңгемен қорытындылады. Осы кезеңде Асылбек Өмірбекұлы Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасын қалыптастырды. Қала халқының 97,7 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Абай, Досан елді мекендері де табиғи газға қосылды, қоғамдық көлік мәселесі толықтай шешімін тапты.

Соңғы екі жылда 2 мектеп, 2 мәдениет үйі пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы басталды, 4 іргелі мектептің жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Досанда медициналық бекет ғимараты, Тасбөгет кенті мен Ақсуат ауылдық округінде жаңа спорт кешені бой көтерді. «Отбасы», «Анаға тағзым» орталықтары қызметін бастады. 2 102 пәтерлік 39 тұрғын үй пайдалануға берілді, 42 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылды, 36 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Қала мен оған қарасты елді мекендерде 326 көшенің 243,3 шақырым жолы жөнделді, 35 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды. Екі теміржол өткелі көпірі, «Бәйтерек» тұрғын ауданында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол айрығы ел игілігіне пайдалануға берілді. Қаланың бас көшелері – Сұлтан Бейбарыс және Астана даңғылдары кеңейтілді. Өзге де ілкімді жобалар мен игі бастамалар жүзеге асырылуда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі маңызды саяси науқандарды жоғары деңгейде үйлестірудегі Асылбек Өмірбекұлының елеулі үлесін атап өтті.

Актив отырысында аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қожаниязов Серік Салауатұлы тағайындалғанын хабарлады.

«Серік Салауатұлы – облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде мойындалған білікті маман, тәжірибелі басшы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде ол жетекшілік еткен салалардың макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасты. Жыл қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі 3,6 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 33,5 пайыз, ауыл шаруашылығы 3,7 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 40,4 пайыз, тұрғын үй 8,4 пайыз, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,2 пайыз артты.

Серік Салауатұлының көп жылғы тәжірибесі мен түрлі салаға жетекшілік еткен кезеңдердегі сапалы жұмысын, жедел әрі жүйелі шешім қабылдайтын, кез келген іске жоғары талап қоятын қабілетін ескеріп, Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадық. Мемлекет басшысының, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, қызылордалықтардың әл-ауқатын арттыруға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін.
Облыс тұрғындарының басым бөлігі қалаға қоныстанып, шаһар аумағы ұлғаюда. Қызылорда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, жайлы ортаға айналып, барлық аудандарға үлгі болуы керек. Жаңадан тағайындалған қала әкіміне экономиканың барлық салалары бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде нәтижелі жұмыс көрсетуді тапсырамын. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар», – деді облыс әкімі.

Жыл өткен сайын халық саны да, аумағы да өскен қалада тұрғындардың жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін алда атқарылатын жұмыстың ауқымы кең. Тазалық пен сәулет, құрылыс жұмыстарының қарқыны, коммуналдық саланың үздіксіз қызметі, қылмыс деңгейі уақытпен санаспай, тәулік бойы қатаң қадағалауды қажет етеді. Аймақ басшысы бұл жұмыстарды үйлестіру тек қала әкімінің ғана міндеті емес, оған барлық басқармалар, департаменттер, құқық қорғау органдары да атсалысуы тиіс екенін атап өтті.

Қазір Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа жылу-электр орталығының, Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының, заманауи үлгідегі автовокзалдың құрылысы салынуда. Биыл Жаппасбай батыр көшесі 4 жолақты болып кеңейтіледі, Яссауи көшесі қайта жаңғыртылады. Жанқожа батыр көшесінен теміржол асты көпірі салынады. Бұл жобаларға республикалық және облыстық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы қаралуда. «Оқушылар сарайының», Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін үстел теннисі орталығының, «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледж ғимараты құрылысын бастайды. 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық салынады, Қан орталығы өз қызметіне кіріседі. Жерлесіміз Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен қаланың орталық алаңы қайта жаңғыртылуда. Аймақтың бас шаһарындағы айқымды жобалардың мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуы қала әкімінің тікелей бақылауында болуы қажет.

Жаңа тағайындалған қала әкіміне жылу маусымын жоғары деңгейде, іркіліссіз ұйымдастыру, коммуналдық сала қызметінің үзіліссіз, сапалы қызмет көрсетуін үйлестіру, кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен жастарды тұрғын үй және жер учаскелерімен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау міндеті жүктелді. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін арттыру, шет аймақтардағы жолдарды жөндеу, көше құрылысы мен электр желілерін жаңарту, қаланы және елді мекендерді абаттандырып, сәулет келбетін қатаң сақтау тапсырылды.

Серік Салауатұлы Кузбасс политехникалық институтын «Инженер-механик» және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог болып бастаған. Қызылорда облысы әкімі аппаратында бөлім меңгеруші, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, Қызылорда қаласының әкімі қызметінде нәтижелі жұмыс көрсетті. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі лауазымдарында абыройлы қызмет атқарды. 2022 жылдың маусым айынан Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын өркендетуге, аймақтың инфрақұрылымын жетілдіруге зор үлес қосты.

Актив отырысында қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, ҚР Мәдениет қайраткері Шәкизада Әбдікәрімов, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова Асылбек Өмірбекұлы мен Серік Салауатұлын құттықтап, жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<