Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері пысықталды

329

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығы, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін, сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпуді тіркегенін айтты. Оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі.

Президент Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болмағанын, қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалғанын атап өтті. Сондықтан бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау екеніне тоқталды. Инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.

Мемлекет басшысы Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісіне дайын болуы және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Еске салсақ, 23 қаңтар күнгі Алматы облысы аумағындағы 5 балдық жер сілкінісі кезінде үрей, дүрбелең салдарынан 50 шақты азамат зардап шегіп, 40-тан астам ғимаратта жарық пайда болған.

Қызылорда облысында мұнай-кен орындарында көмірсутек шикізатының өндірілуіне және кейбір аумақтардың тау бөктерінде орналасуына байланысты сейсмикалық қауіпті аймақтар бар.

Кеңестен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізді. Оған қала, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Мәжілісте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Ибрагимов баяндама жасап, Қызылорда облысы аумағының 1:1000 000 масштабтағы сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеу бойынша атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталды.

Ықтимал төтенше жағдайлардан халықты құлақтандыру үшін «Қызылорда облысының басқару органдары мен халқын құлақтандырудың кешенді жүйесі» жұмыс жобасы іске асырылуда. 2021-2023 жылдары облыс бюджетінен қаржы бөлініп, оған 79 сиреналық-сөйлеу, 1 теле және радио арнаға қосылу құрылғысы, 8 басқару пульті орнатылып, жұмыс жасауда. Алматыдағы жағдайдан соң облыстық жедел штаб құрылған. Штаб құрамына азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері енген.

Жиын қорытындысымен аймақ басшысы төтенше жағдайлар департаментіне құлақтандыру жүйелері мен апаттық-құтқару күш құралдарының үнемі әзірлікте болуын бақылауға алуды, материалдық-техникалық базаның жеткілікті жарақталғанын тексеруді тапсырды. Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өңірдің сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеу бойынша тиісті министрліктермен жұмыс жүргізуі керек. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары әкімдерімен бірлесіп, жаңадан салынатын нысандарды жобалау кезінде құрылыс нормаларындағы сейсмикалық талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алуы тиіс.

Оған қоса бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жеке тұрғын үйлерді сейсмикалық жағынан берік етіп салу туралы түсіндірме жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Ал, облыстық бақылау жөніндегі басқармасына қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, соңғы 2 жылда сейсмикалық қауіпті аумақта салынған нысандардың талапқа сәйкестігін зерделеп, кемшіліктер анықталған жағдайда конструкцияларды күшейту жөнінде ұсыныс енгізу міндеттелді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Құмкөл» кен орнындағы мұнай компанияларының есебінен сейсмикалық станциялар орнату мәселесін пысықтап, ұсыныс әзірлеуге жауапты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<