Уақыт пен нәтиже жауапкершілік үстемдігін көрсетеді

451

0

Сейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралауды жалғастырды. Алдымен аймақ басшысы сол жағалауда жаңадан салынып жатқан 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы алаңы 40,4 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйде 780 пәтер бой көтереді. Баспаналарды салуға 8 млрд 322,6 млн теңге қаржы бөлінген.

Өңір басшысы пандемия кезеңіне қарамастан, тұрғын үйлер құрылысында іркіліс болмауы керегін айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына жұмыс сапалы орындалып, уақытылы аяқталуы қажеттігін қаперге салды.

Мұнан кейін аймақ басшысы сол жаға­лаудағы автономды блокты-модуль­дік қазандықты көрді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу жүйе­сіне қосатын қазандықты мердігер «Ария Жаңа Астана» ЖШС компаниясы үйлес­тіреді. Жобаның жалпы құны – 2 млрд  438,5 млн теңге.

Облыс әкімі қала көшелеріндегі абаттандандыру жұмыстарына да мән берді. Әуелі Ы.Жақаев пен Әйтеке би көшелеріне барып, көркейту бағытында атқарылған жұмысты көрді. Бүгінде көше бойында 250-ге жуық жарық шам орнатылып, 3 субұрқақ салынған. Ал, Әйтеке би көшесінде 100-ден аса түнгі жарық шам орнатылған. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі орындықтар мен жәшіктер де қала сәулетіне сән беруде.

Гүлшара Әбдіқалықова келесі кезекте бірнеше шағын өндіріс орындарына аялдады. Алдымен Талсуат ауылдық округіндегі «Сыр маржаны» ет комбинатының құрылыс жұмысымен танысты. Комбинат ауысымына 5 тонна ет өнімін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орны 250 бас ірі қара мен 1000 бас уақ мал союға мүмкіндігі бар. Шағын комбинаттағы өнімдердің 70%-і ішкі нарыққа, 30 проценті экспортқа жөнелтіледі. Бүгінгі таңда ет комбинатының құрылысы 30%-ке аяқталған. Қажетті жабдықтар толық алынып болғаннан кейін нысан осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Мұнан кейін облыс әкімі Ә.Қашаубаев көшесінің бойында орналасқан шыны зауытына барды. Өндіріс жылына 197 100 тонна табақша шыны шығара алады. Мұнда табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна мен ламинатталған шыны өндіреді.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында жабдықтау жұмыстарына 91 жұмысшы тартылған. Зауыт құрылысы 78%-ке аяқталып отыр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пешін монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыт толықтай іске қосылады. Айту керек, балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт және жылы режим жағдайы қажет. Шыны зауытының жай-жапсарын бағамдаған облыс әкімі орынбасары Нұрлан Тілешовке зауыт жұмысын мерзімінде аяқтау қажеттігін тапсырды.

Қаладағы нысандарды аралауда «Бақытты отбасы» орталығы да назардан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы түрлі санаттағы отбасыларға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмектер береді. Бұл үшін орталықта 66 маман жұмыс атқарады. Гүлшара Әбдіқалықова көмек қажет ететін, өмірде қиындыққа кезіккен отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу мәселесі өзекті екенін жеткізді. Сондай-ақ, көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың мемлекеттік қызмет алудағы кейбір қиындықтарды жою және көмек беруде орталық жұмысының маңызды екенін алға тартып, әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігін әлі де арттыруды ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қолдауымен іске асырылатын жобалар нәтижелі әрі уақытылы игілікке айналуы қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<