Жинақылық пен қауіпсіздік — қырағылық негізі

558

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста 2021 жылғы өрттен қауіпті кезеңге дайындық шаралары және жаз мезгіліндегі су айдындарындағы қауіпсіздік туралы екі мәселе қаралды деп хабарлайды облыс әкімі баспасөз қызметі. Алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев аймақтағы өрт сөндіру мекемелерінің жай-күйі туралы баяндады.


– Облыстық табиғатты пайдалану және табиғат ресурстарын реттеу басқармасына қарасты 8 мемлекеттік мекеме бар. Қалалық және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер 54 өрт сөндіруші, 9 өрт сөндіру автокөлігі, 26 дана өрт сөндіру тіркемесі, 14 дана мотопомпасы және 77 дана радиостанциямен қамтылған. Сонымен қатар 370 дана ұрғыш, 72 дана балта, 222 дана күрек, 16 дана бензопила, 45 дана арқаға салып жүретін өрт сөндіргіш алынған. Мекеменің өрт-техникалық жабдықталуы 30%-ті құрайды. Орман шаруашылығы мекемелеріне өртті дер кезінде жою және анықтау үшін өрт мұнарасы және басқа да құралдар жеткіліксіз. Кей ауданда өрт сөндіру техникаларын жаңарту қажет, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
Баяндамадан соң облыс әкімі өткен жылы болған 41 өрт бойынша тиісті құжаттарды тергеу реттілігімен төтенше жағдайлар департаменті полиция департаментіне жолданғанмен, бірде-бір кінәлі тұлға анықталмағанын атап өтті. Құзырлы орган тиісті жұмысты атқармай отыр. Аймақ басшысы полиция департаменті басшысына аталған қызметтің жұмысын жеке бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармаларының басшыларына ор­ман шаруашылығы мекемелерінің ма­териалдық жарақталуын қамтамасыз етуді жүктеді.


– Белгілі болғандай, орман шаруа­шылығы мекемелерінің материалдық қамтамасыз етілуі 30 процент. Бюджетті нақтылау барысында және келесі жылдарға қаржы қарастыруды тапсырамын. 2021-2025 жылдарға облыс аумағының елді мекендерінде өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарына сәйкес биыл Қазалы ауданындағы Сарыбұлақ және Бозкөл ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері ашылуы тиіс. Қала және аудан әкімдері 1 тамызға дейін құрылған өрт сөндіру бекеттерін бөлек ғимараттар мен қажетті өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен жарақтандырып немесе мемлекеттік емес өртке қарсы қызметімен келісім-шартқа отырып, нәтижесі бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті тексеріп, жеке өзіме баяндасын, – деді облыс әкімі.


Мұнан соң судағы қауіпсіздік шаралары сөз болды. Руслан Қайрақ­баев өткен жылы суда 39 адам қаза болғанын, биыл 7 адам суға кеткенін, оның 4-еуі бала екенін жет­кізді.


Аймақ басшысы қауіпсіздікке қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.


– Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері өз аумақтарындағы демалыс орындарының талапқа сай болуын қарастырсын. Оларды қоғамдық құт­қарушылар және суда құтқару құрал­дарымен жабдықтасын. 15 мамырға дейін суға шомылу орындарын түгендеу, су айдындарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін орындарды айқындау, оларды нақты иеленушіге бекітіп беру жұмыстарын ұйымдастырсын. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жұмыссыздар есебінен жазғы маусымда қоғамдық құтқарушыларды іріктеп жұмысқа тартуды және жедел құтқару жасақтарынан дайындықтан өтуін ұйымдастырсын. Облыстық полиция департаменті суға шомылу маусымында көпшілік демалатын орындарында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шараларын қадағаласын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ өңір басшысы су айдын­дарындағы қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жөніндегі үгіт-насихат материалдары мен жаднамаларды бұ­қаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде жариялау қажеттігін де баса айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<