Абай әндерін шырқаған Айшани

407

0

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар». Естісінен гөрі есері басым әндердің уақытында өмір сүріп жатқанымызбен,  музыканы талғаммен саралайтын жастар көп. Жақында қазақ әнінің беделін биіктетіп жүрген үнді қызы Айшани Даттатреямен пікірлестік.

«Алыстан сермеп, жү­ректен тербеп, шымыр­лап бойға жайыл­ған» –  деп данышпан Абай ардақтаған, қазақ әнін дәріптеген Айшани – Қызыл­ордадағы Назар­баев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Білім мен өнерді қатар алып жүр­ген ол бала кезінен ха­лық ән­де­ріне су­сындап өс­кен.

– Музыка әлеміне деген қы­зығу­шы­лы­ғым ерекше. Орыс, украин, ағылшын, француз, хинди тіліндегі әндерді орындаймын. Жақсы ән тыңдасаң, жан жадырайды. Арманыңды ұштап, қанат бітіреді. Соның ішінде қазақ халқының композициялары әуезді, мағынасы терең дер едім, ерекше сезім сыйлайды. Сырға толы қазақ өнерін көпшілікке насихаттауға септігімді тигізгім келеді, – дейді ол.

Айшанидің әкесі Халлимайсор Даттатрея – үнді ұлтының өкілі, анасы қазақ. Бір-бірін Алматыда кезіктірген. Қазақстанда 18 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүріп келеді. Халлимайсор Даттатрея бұл өлкеден ағайынның кіршіксіз көңілі бұйырғанына, ынтымағы жарасқан елде болғанына қуанатындығын айтады. Отбасының барлық мүшелері өнерге жақын. Үлкендері вокалмен айналысса, балалары – музыкалық аспапта ойнаудың шебері. Дегенмен, Даттатрея отбасындағы басты қағида – білімге ерекше ден қою. Бүгінде Айшани мен ағасы Раджив – Зияткерлік мектептің озат оқушылары. Келешекте Айшани ғылымның сырын ашып, атақты биолог ғалым болуды армандайды.

– Жастар мобильді болуға тиіс. Мен осы қағиданы ұстанамын. Шығармашылыққа жақынмын, содан болар түрлі сайыстардан қалыс қалған емеспін. Креативті, талантты, ғылым, өнер саласында шыңдалған жастардың қатарынан табылғым келеді, – дейді ол.

Болатын бала алысқа қарайды. Әңгіме барысында Айшанидің болашаққа жүйелеген жоспары көптігін аңғардық. Бастысы, жеңіл әуеннің жетегінде кетпей, өнер тазалығын қолдап, ән өнерінің өз деңгейінде жаңғыруын қалайтын жас­тың алғырлығы бізді тәнті етті.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,


«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз