Аймақ басшысы түлектердің соңғы қоңырау салтанатына қатысты

1089

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Б.Момынбаев атындағы №278 мектеп-лицейінде өткен «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасына қатысып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақжолтай тілегін арнап, ұстаздарды мерекемен құттықтады.

– Құрметті түлектер, сіздермен үлкен өмірге аттанар сәттеріңізде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл күн түлектер үшін ерекше толқынысқа толы мерейлі сәт! Мектеп бітірушілердің көңілінде қуанышпен қатар қимас сезім де бар. Дана халқымызда «Қатарыңның алды бол» деген баталы сөз бар. Үлкен азаматтық өмірге қадам басқан сәтте баршаңызға осы сөзді ерекше арнағым келеді. Бар білімдеріңізді Тәуелсіз Қазақстанның, туған жерлеріңіз Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне жұмсап, үлкен жетістікке жете беріңіздер. Қанаттарыңыз талмай, бейбіт еліміздің көгінде шарықтап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов білім ұясынан қанат қаққан жастарға ақ жол тілесе, ата-аналар атынан сөз сөйлеген Мереке Елеуова риясыз алғысын білдірді. Сондай-ақ, FLEX бағдарламасының грант иегері Бітімбай Тұмар құрдастарына ізгі тілектерін арнады.

«Соңғы қоңырау» соғу рәсімінен кейін аймақ басшысы мектептегі «Кәсіпкерлік мектебі» пилоттық жобасы аясында ашылған оқу-өндірістік комбинатының жұмысымен танысты. Мұнда «тігінші», «аспазшы», «жүргізуші» біліктілігіне кәсіптік даярлау мақсатында жүргізілетін қолданбалы курстардың білім беру бағдарламаларын іске асырады. Бұл үшін білім ордасы мен Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі арасында ынтымақтастық меморандумы бар.

Облыс әкімі жиын соңында оқушылармен тілдесіп, мектеп ішінде маңызды жобалар жасауға талпынысы ерекше жастарға әрдайым қолдау болатынын жеткізді.

Айта кетейік, биыл 7505 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 430-ы «Алтын белгіге» үміткер, 720 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<