Бәсекеде озған білім ошағы

936

0

Білім беру саласын заман талабына бейімдеп, сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында рухани әрі материалдық құндылықтармен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынған. Соның ішінде маңызды жаңалық – «Педагог мәртебесі» заңы қабылданды. Ежелден-ақ қоғамдағы интеллегенцияның алдыңғы қатарынан табылатын мұғалімдер қауымы аталған заң арқылы абырой-беделін айқындай түсті.

Жаңа оқу жылы қарсаңында оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізе отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз еткен облыс орталығындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі  облыс әкімінің «Үздік орта білім беру ұйымы»  грантын жеңіп алып, 34 млн теңге иеленді. Айта кетейік, аталған конкурстың талабы бойынша мектепті материалдық-техникалық, оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың қауіпсіздік тұрғысынан қамтамасыз ету және олардың еңбегін қорғай білу қажет. Мектеп-лицейдің білім сапасын ішкі және сыртқы бағалағанда соңғы үш жыл ішінде оқушылардың оқу рейтингтік көрсеткіштері жоғары екені айқындалған.

Білім ошағы тәуелсіздік жылдарында бой көтерді.  Дәлірек айтсақ, 2010 жылы «100 мектеп,100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген. Жаңаша талап деңгейіне сай жаратылыстану-математика бағытында оқытады. Бүгінде 151 сынып комплектісінде 3747  оқушы білім алуда. Шәкірттерге сапалы білім бере отырып, шығармашылығын дамытатын, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыратын оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологиялары енгізілген. Оқу процесінде АКТ құзыреттілік дағдыларын дамыту үшін инновациялық технологиялар  тиімді жүргізіліп келеді.

Мектеп-лицейде 346 жоғары, 48 орта арнаулы білімді педагог, оның ішінде 28 магистр, 2 ғылым кандидаты бар. Жоғары санатты мұғалім – 15, бірінші санатты – 40, екінші санатты – 35, педагог-шебер – 1, педагог-зерттеуші – 79, педагог-сарапшы – 60, педагог-модератор – 75. Бұдан бөлек, информатика, физика, химия, биология пәндері бойынша 16 ұстаз үштілділік-терминологиялық курстан өткен. Жалпы 2018-2020 оқу жылдары 68 жас маман қызметке келген.

Мектеп-лицей директоры Бек Тумырзаевтың айтуынша, соңғы оқу жылдарындағы кәсіби байқаулар, педагогикалық оқулар, түрлі семинар-тренингтерге қатысушы педагогтардың шаралары лайықты бағаланды. Кейінгі үш жылда мектеп-лицей оқушыларының 99-ы пәндік олимпиада, 91-і ғылыми жоба, 925-і түрлі шығармашылық байқаулар жеңімпазы болған, 913 оқушы спорттық шараларда топ жарған. Оның ішінде республикалық кезеңнен 5 оқушы жүлделі орын иеленсе, халықаралық дәрежеде 1 оқушы, 3 мұғалім  АҚШ-та ағылшын тілін оқу грантын иеленді. Осылайша халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысқан оқушылар мен педагогтардың үлесі артып, жаратылыстану бағытында әлемдік  білім беру кеңістігіндегі ақпараттарға қол жеткізу  мүмкіндігіне ие болып отыр.

Сапалы білім беруді  қамтамасыз етуде мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасының маңызы зор. Осы тұрғыда оқу және зертханалық кабинеттер, оның ішінде кеңжолақты интернет желісіне қосылған жаңа модификациядағы информатика, физика, робототехника, химия, биология,   STEM-лаборатория кабинеттерімен жабдықталған. Сонымен қатар, 800 орынға арналған акт залы, заман талабына сай жабдықталған 458 орындық асхана, 90 758 дана кітап қоры және «Коворкинг» орталығы бар кітапхана,  мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы дуальды оқыту жүйесі, қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізетін жылыжай, арнайы жабдықталған 3 спорт залы, теннис, шахмат кабинеттері, жүзу бассейні бар.

Мектеп-лицейде дарынды балалардың қарым-қабілетін ашуға мүмкіндік беретін қосымша білім беру орталығы жұмыс жасайды. Бұл бағытта әр баланың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өзіндік ерекшелігін анықтауға, өмірге бейімделе отырып, сана-сезімін, жалпы мәдениетін қалыптастыруға, салауатты өмір салтына үйретуге барынша жағдай жасалған. Қосымша білім беру орталығы мұғалімдерінің ізденімпаздығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жылдар бойы жүйелі жұмыс атқарылып, дарынды, қабілетті оқушылардың қатары артып келеді. Сондай-ақ, мектеп-лицейде ерекше білім алуды қажет ететін балаларды ерте жастан түзете дамытып, кедергісіз орта қалыптастыратын  инклюзивті білім беру мен тәрбиелеу шарасы қарастырылған.

Білім ошағы 2020-2021 оқу жылының қорытындысымен «Үздік орта білім беру ұйымы» атанып, облыс әкімі тағайындаған 34 млн теңге грантты жеңіп алғанын жоғарыда айтып өттік. Бұл қаражат мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуға  бағытталатын болады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<