Бағдар түзейтін темірқазық

910

0

Жыл сайын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына мемлекеттің даму сатысына бағыт сілтейтін басты құжат – өз Жолдауын арнайды. Президент Жолдауы арқылы ел болашағы үшін жасалатын істердің жоспарын, тың ұсыныстарын, мемлекеттің алға қадам басып, өркендеуі жолындағы келелі тұжырымдарын бөліседі.

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдау отыз жыл толған тәуелсіздіктің бағасы, оның әр қазақстандық үшін маңызы туралы ойдан бастады. Алдағы сын-қатерлерге, қиын-қыстау кезеңдерге дайын болуымыз керек екені де айтылды. Жер-жаһанға зор залалын тигізген пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту, білімнің сапасын арттыру, еңбек нарығында көпке қолайлы, тиімді экожүйе қалыптастыру және адам құқығын қорғау сынды маңызды бастамаларын көтерді.

Сонымен қатар, Президент елдің әл-ауқатын арттырып, еңбек өнімділігін отыз пайызға дейін көтеруді, Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлді күшейтіп, күллі әлем экономикасындағы орнымызды нық етуді аса маңызды міндет, алға қойған мақсат ретінде атап өтті. Экономика саласындағы заңсыздықтар, жеке ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың шығынға ұшырауы, инфляцияның бақылаусыз өсуі, азық-түліктің қымбаттауы секілді мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Оларды тез арада шешуді міндеттеді. Қ.Тоқаев цифрландырудың кезек күттірмей орындауды қажет ететінін, сол үшін «электронды үкіметтің» жаңа әрі ыңғайлы жүйесін жасауды тапсырды. Президент ұсынып отырған жаңа құрылым арқылы мемлекеттік қызметтер жүз пайыз қолжетімді болса, халықтың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетері анық.

Жолдауда сөз болған негізгі бағыттардың бірі – білім саласы. Президент білімсіздіктің арты не болатынын, бұл мәселе қарауға алынбаған жағдайда мемлекеттің зардап шегетінін болжап, салдарын айтып өтті. Мемлекет келешегінің тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың білімі сапалы болса, келешек те жарқын болары анық. Осы орайда ел басшысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы 25 пайызға дейін көтерілгенін және сол бастаманың айтарлықтай нәтиже бергенін атап өтті. Расында, мемлекеттің еңсесін тіктеп, дамыған елдер қатарына нық қадам басуы үшін аса білікті мамандар көбеюі керек. Сондықтан, Президент мұғалімдердің қайта даярлықтан өту мерзімін бес жылдан үш жылға қысқартты және сол арқылы сәт сайын қарыштап дамып, үздіксіз өзгеріп жатқан заманда ұстаздардың үнемі жаңа білімді сіңіріп, оны оқушыға жеткізуі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан мектеп салуды міндеттеп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша техникалық және кәсіби білімнің тегін берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Оған қоса білім саласы үнемі қаржыландырылып, моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырылатынынан хабар берді. Бұл бастамалар оқушылардың білім сапасын әлдеқайда арттырып, болашақта білімді жастар санын толықтыратынына сеніміміз мол. Сонымен бірге, ел Президенті ғылым саласының дамуын жеделдету қажет екенін алға тартты. Осы орайда бөлінетін грант мерзімін бес жылға дейін ұзартуды, апелляция институтын енгізуді және ғылым саласын тікелей  қаржыландыруды ұсынды. Бұл жастарға және жалпы ғылымға үлкен көмек, айтарлықтай қолдау болары сөзсіз.

Президент елдің әрі қарай дамуы үшін отаншылдық, білімге деген құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершіліктің маңызы зор екенін айтып өтті. Ендігі мақсат – Президент Жолдауын темірқазық етіп, жаңа замандағы әр салада тыңғылықты дамыған Қазақстанға қол жеткізу.

Ләззат СПАНОВА,

экономика ғылымдарының магистрі, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<