Білім мен тәрбие – басты құндылық

1255

0

ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова облысқа арнайы жұмыс сапарымен келді. Алдымен вице-министр облыс әкімімен жүздесіп,  білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында ой бөлісті.

Облыс орталығындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің педагогтарымен кездескен Шолпан Таңатқызы білім ошағындағы жаңа технологиямен жабдықталған обсерватория, киностудия, Biomaster, Bioflowers, Stem лабораториясы мен «Ғылыми идеялар аллеясы» көрмесінің жұмысымен танысты.

Сондай-ақ мектептегі шахмат, тоғызқұмалақ, стол теннисі, баскетбол ойыны, бассейн және көркем-эстетика бағытындағы би үйірмелерін көріп, оқушылармен әңгімелесті. Бұдан кейін вице-министр М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде болып, «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» тақырыбындағы республикалық патриоттық жастар форумының ашылуына қатысты.

Салтанатты жиында вице-министр Ш.Каринова, облыс әкімінің орынбасары Б.Шәменова, «Қос шынар: Әлия – Мәншүк» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Ғ.Байдербес және Ақтөбе қаласынан арнайы келген колледждің көшбасшы студенті А.Нұрлыбекқызы мерейтоймен құттықтады. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар М.Мәметованың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Вице-министр колледждің материалдық базасы мен атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, форум аясында жарық көрген «Білім шамшырағы» атты кітаптың лентасын қиды.

«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы мен «Құзіреттілік орталығы», «Көркем еңбек» шеберханасындағы кіріктірілген сабақтарға қатысып, студенттердің енгізген жаңа жобаларына оң бағасын берді.

«Балалар жылындағы» жақсы жаңалықтың бірі – облыста шахмат фестивалі ашылуы. Интеллектуалды додаға «KazPetrol Group» ЖШС бас директоры Ержан Какимұлы мен Сыр елінің мақтанышы, шахматтан Әлем және Азия чемпионы Әсел Серікбай қатысты. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен және «KazPetrol Group» ЖШС-ның қолдауымен өтіп жатқан шахмат ойынына еліміздің 12 өңірі мен облысымыздың аудандарынан барлығы 300-ге жуық шахматшы қатысты.

Фестивальдің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеген Шолпан Таңатқызы балалардың ойлау қабілетін арттырып, білім деңгейін көтеруге ықпалы зор жаңа бастаманың жалғасын табатындығына сенім білдірді.

– Мемлекет тарапынан мектеп оқушыларын қосымша білім берумен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп отыр. Соның нақты көрінісі – балалардың спортпен, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік мол. Айталық, Қызылорда облысында 176 771 оқушы болса, оның 139 536-ы мектеп жанындағы қосымша біліммен қамтылған. Бірлескен жұмыс аясында бұл көрсеткіштер алдағы уақытта да ұлғаятын болады, – деді ол.

Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мектеп басшыларын анықтау, өзара тәжірибе алмасу және білім беру ұйымының озық инновациялық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Edcrunch Headmaster» атты І республикалық конкурсына Шығыс Қазақстан, Ақмола, Түркістан, Қызылорда облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан 6 директор қатысып, 5 кезең бойынша бақтарын сынаған болатын.

Республикада алғаш өткізілген байқаудың нәтижесі бойынша І орынды Қызылорда қаласынан №101 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Өткелбаева жеңіп алды. Ал, ІІ орынды Ақмола облысы, Щучинск қаласы №7 мектеп-лицей директоры Дамир Сұрағанов, ІІІ орынды Түркістан облысы, Ата түрік атындағы №17 мектеп-гимназия директоры Рахила Үрімова иеленді.

«Достық үйінде» «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республикалық патриоттық жастар форумы өткізілді. Форумға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар, белсенді жастар қатысты. Форумды «Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің түлегі Ғалымжан Кеңшілік жүргізді.

Жастар форумында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйледі.

– Жастармен жүздесіп, ой бөлісетін әрбір кездесудің маңызы мен үшін ерекше. Жастарға қолдау көрсету – біздің жұмысымыз ғана емес, басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы олардың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталып отыр. Облыс әкімінің халықтың әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларына арналған гранты 2 есеге артып, биыл 200-ге жетті. Кәсіпкерлікпен айналысам дейтін жастардың жобаларына облыстық бюджеттен 70 млн теңге бөліп отырмыз. Мұнан бөлек, спортпен шұғылдануға да жағдай жасалуда. Тек қала, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт нысандарының саны артып келеді. Біз қай кезде де жастардың бастамаларын қолдауға әзірміз,

Өмірдің өзі дәлелдегендей, адамзат дамуындағы халықты мұратқа, ата-ананы бақытқа, мемлекетті дамуға жетелейтін ең маңызды инвестиция жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жұмсалған қаржы, –деді облыс әкімі.

ҚР Ғылым және білім бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Сыр елінде ұйымдастырылып отырған республикалық іс-шаралардың барысында куә болғандай, облыста балалар үшін жасалып отырған жағдайдың көңілінен шыққанын айтты. Бұл бірінші кезекте Тәуелсіз еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа мемлекет тарапынан  көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі екенін  атап өтті. Сонымен қатар, өңіріміздегі іргелі оқу орны – М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің 90 жылдығы мен оқу орнына  есімі берілген қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдық мерейтойына құттықтау лебізін білдірді. Сонымен қатар, вице-министр интеллектуалдық сайыста топ жарған зерделі жастардың талпынысын жоғары бағалап, олардың ұсыныстарын ескеріп, министрлік тарапынан тиісті жұмыстар жүретінін айтты.

Жастар форумында олардың жаңа бастамалары мен жүзеге асырған шығармашылық жобалары назарға ұсынылды. Оның ішінде колледж студенті Руслан Бақбергеновтың үйден оқитын балаларға арналған «Виртуалды шындық» жобасы жиынға қатысушылардың назарын аударды. Облыс әкімі мұндай әлеуметтік жобалардың келешек үшін маңызды екенін айтып, қолдау білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ, үздік студент Биназир Алиханқызына Мәншүк Мәметова атындағы арнайы стипендияның сертификатын табыс етті. Қорытынды сәтте жиынға қатысушы жастар атынан Үндеу қабылданды.

Өңірімізде ұйымдастырылып отырған республикалық іс-шаралардың аясында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» тақырыбында музыка, көркем еңбек пәндері мұғалімдерінің және көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің съезі өтті. Жиынға еліміздің барлық аймағынан келген 350-ден астам музыка, көркем еңбек пәндерінің мұғалімдері, әдіскерлер, министрліктің өкілдері, жоғары оқу орындары және педагогикалық колледж оқытушылары, біліктілікті арттыру институтының мамандары қатысты.

Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жүргізіп, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сайраш Жиенбаева, Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Сәтпаев атындағы №61 орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Мұхаметқан Ахметжанов, Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның музыка пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Медет Қасымбаев және Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылындағы өнер мектебінің директоры Жанар Ермекбаева музыкалық және көркем еңбек пәндерінің білім беруі бойынша баяндама жасады.

Съезде педагогтар музыка, көркем еңбек пәндерін мектепте оқытудың өзекті мәселелерін ортаға салып, өнер мен мәдениетті насихаттау арқылы қоғамдық сананы рухани тұрғыдан жаңғырту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жиын барысында вице-министр Шолпан Таңатқызы музыкалық және көркем еңбек бойынша білім беру тұжырымдамасын қайта қарап, сондай-ақ оқу бағдарламаларының мазмұны оқушыларды ынталандырып, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыруы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, съезд қорытындысы бойынша білікті музыка және көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің ұсынысына сәйкес жаңадан тұжырымдама жасалып, түрлі деңгейдегі іс-шаралар, олимпиадалар өткізілетін болды.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында сахналанған қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің 90 жылдығына арналған «Моншақ» спектаклі көрермен көңілін толқытып, зор қошеметке ие болды.

Спектакльде қаһарман қазақ қызының өмірі баяндалған. Әкесінің халық жауы атанып, айдалып кеткені өрімдей жас қыздың кеудесінде кек ұшқынын тұтатқан еді. Әкесін жаладан ақтап алып, әділдікті дәлелдеуге өз-өзіне серт береді. Ел басына күн туғанда ер азаматтармен қатар соғысқа аттанып, қолына қару алған  қаршадай қыздың жанкешті ерлігі жан жүрегіңді толқытады. Қорыта айтқанда, колледждің 100-ден астам студенттері қатысқан қойылым жастарды отаншылдық рух пен ерлікке жетелейді.

Вице-министр Ш.Каринова қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры М.Мәметованың 100 жылдығы мен колледждің 90 жылдығымен құттықтап, спектакльден алған ерекше әсер алғанын айтып, студенттерге алғысын жеткізді.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринованың сыр өңіріне сапары Студенттер сарайында өткен жастармен жүздесу жиынымен қорытындыланды. Жүздесуде жастар қауымы жарқын бастамаларын бөлісіп, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<