Білім және бизнес. Ол қандай миллион?

912

0

Кәсіп ашуға әркімнің де таласы бар. Ол әсіресе, қазіргі нарық заманында өте өзекті. Осы жолда талпынып, тырысып, тырмысып, небір қиындықтарды жеңіп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатқандар аз емес. Бірақ, «Кім бай болам демейді, құдайы қаламайды, Кім би болам демейді, халқы қаламайды» демекші, кәсіп ашамын деп сәтсіздікке ұшырап жатқандар тіпті көп. Бұл жерде оның түрлі себептері бар екені анық. Соның бірі – бизнесті бастау қадамындағы болатын қателіктерге  ұрыну. Сондықтан ондай қателіктерге ұрынбас үшін кәсібін ашамын деп ниет еткен жандар арнаулы білім беретін  орталықтар көмегіне жүгінгені дұрыс.

Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2017 жылы құрылған Кәсіпкерлік орталығы тек білім жетілдірумен шектеліп қалған емес. Оның ауқымы өте зор. Сол жылдары «Білім және ғылым» заңына өзгерістер енгізіліп, еліміздегі әрбір университет қабырғасында технопарк, бизнес-инкубатор, жобалық офистер ашылу керек деген тапсырма болды. Сонымен қатар «Кәсіпкерлік» заңына да өзгерістер енгізіліп, осы ашылған бизнес-инкубаторлар бір бөлек кәсіпкерлікті дамыту субъектілері ретінде танылған болатын. Бүгінде сол кезде ашылған бизнес-инкубаторлардың біразы жабылып қалған. Ал Қызылорда қаласында ашылған орталық республикадағы  жоғары оқу орындарында жұмыс істеп тұрғандарының арасында үздіктер қатарынан табылып келеді. Оған бірінші себеп университет басшылығының әрдайым оң көзқарас танытуы болса, екіншіден, осы орталық жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтың құлшынысқа толы еңбегі деп айтуға болады.

Оның жетекшілігімен орталық облыстағы кәсіпкерлік, ІТ инновация салаларындағы бой түзеп келе жатқан студенттерді кәсібін ашуға, жобаларын дамытуға мүмкіндік жасаумен айналысып келеді. Оларға сан алуан түрлі қызметтер көрсетіледі. Алғашқысы – кеңес беру, сабақ беру, кәсіп саласындағы білімін жетілдіру, арнайы іс-шаралар ұйымдастыру. Жүйелі түрде өтетін бағдарламалар, бір реттік іс-шаралар, тренингтер бар.

– Солардың арқасында кәсіпке бет бұрған жастардың дағдыларын дамытамыз. Содан кейін қаржы алуға мүмкіндік жасауға тырысамыз. Біздің басқа орталықтардан айырмашылығымыз, бизнес-инкубатор болғаннан кейін идеямен келген жастарды барлығымен толықтай қамтуға тырысамыз. Білім, ғимарат, қаражат өзімізден, болмаса серіктестерден  немесе инвесторлардан болатын қаржы жағынан көмектесеміз, – дейді Ж.Түбекбаев.

Жанарыс жастайынан бизнеске бейім болды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және ақпараттық технологиялар» факультетіне оқуға түсті. Студент болып жүріп, өзінің оқу ақысын төлеу үшін түрлі қызмет көрсету салаларында еңбек етуіне тура келді. Сөйтіп жүріп, фотография саласына бет бұрады. Негізі ол фотограф емес, бұл саладан мүлде алыс. Бірақ  талаптанған адам үйреніп алатыны белгілі. Бастапқыда біреудің фотоаппаратын жалға алып, тойларға шығып жүрсе, кейінірек қаржы жинап, жаңа фотоаппарат сатып алды. Одан кейін бизнес нысандарымен келісіп, жұмыс жүргізе бастады.

– Енді қазіргі күні олар жанама табыс көзі болып қалды. Ал негізгі уақытым мен күш-жігерімді, білімімді өзімнің салам бойынша жастарды дамытуға, облыстың дамуына үлес қосуға бел байладым, – дейді осы ретте Жанарыс.

Ол университетте оқып жүрген кезінде жастар бизнес орталығымен тығыз қарым-қатынаста болғанын айта кету керек. Алғашқыда волонтер болып, тегін жұмыс істесе,  кейін менеджер ретінде жалғастырды. Университетті бітіргенде осы орталыққа жетекші болып тағайындалды.

Орталықтың ауқымды жобасының бірі – «Kyzylorda business hub». Ол алғаш рет стартап жобаларына конкурс өткізді. Бұл бүкіл облыс жастарын кәсіпкерлік саласына тартқан, қамтыған жоба болды. Оның алғашқы кезеңінде, яғни 2019 жылы «Жастар жылы» аясында 450 жас қатысты. Содан  110 жоба жартылай финалға өткізіліп, одан 22 жоба финалға шыққан болатын.

– Біз оларды алғаш рет инвесторлар мен қаржылық институтаттардың алдына апардық. Нәтижесін берді. Осылайша өңіріміздегі жобалар жүзеге аса бастады. Үш жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылған осы жобаға қатысуға облыс жастарынан 1200-ден аса өкіл қамтылды.  Әр жыл сайын 240-250-дей жоба идея сатысынан көтеріліп, жоба сатысына шықса, инвесторлар алдына елуден астам жоба ұсынылды. Олардың арасында қаражат алғандар, грант жеңіп алғандар бар. Сол кезеңде «Zhas project» жобасы аясында орталық резиденттері 22 млн теңге қаржыландыруға ие болған. «Almau project night» республикалық стартап жобалар байқауында да университет І орын иеленді. «Shevron» компаниясының байқауында экологиялық стартап жоба 800 долларды құрайтын кіші грантқа ие болды. Сонымен қатар «Unicef» халықаралық қорының байқауында білім саласындағы «КБХ-Финанс» стартап жобасы 1000 доллар қаржы ұтып алды,  – деген орталық жетекшісі қазіргі негізгі бағыт ІТ саласында да жұмыс атқару екенін жеткізді.

Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық ақпаратттық технология орталығы үлкен қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ облыстық қоғамдық даму, кәсіпкерлік басқармаларының қолдауымен ІТ саласында бірлескен іс-шаралар өткізіліп тұрады. «Smart city Kyzylorda» хакатондары, «Inno.Fest Qyzylorda» инновациялық жобалар фестивалі – осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесі.  Бұл іс-шараларға өңірдегі ІТ саласында өзін көрсете алатын, дағдылары бар, қабілетті жастар көптеп тартылған.  Оларды жүзеге асыруда «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Болашақ» университеті, IT Park, «Абзал және К» ТС, «Grand master» бағдарламалау мектебі» ЖШС, «Сыр үміті» жастар қауымдастығы, Қазақстан ІТ мамандары ассоциациясы, «Qosyl» жастар орталығы, «Maнсап» мектебі, «Kyzylorda Business Hub» ЖШС секілді ұйымдар серіктес болғанын айта кету керек.

– Әдетте бұл сала туралы әңгіме қозғасақ, біз Астана, Алматы және Қарағандыны ғана айтатынбыз. Үлкен қалалар мен үлкен цифрлық алаңдарда ғана үлкен байқаулар өтеді. Өкінішке қарай, біз олардан тыс қалып жатамыз. Бізге мұндай жағдай ұнамады. Сондықтан облысты дамытуға септігін тигізетін, жүйелі түрде өтетін іс-шараларды қаладық. Облыстық әкімдіктің қолдауымен осындай іс-шаралар өткізе бастадық. Жетістіктер бар, – деді Ж.Түбекбаев.

Мысалы, елордада «3.2.1. Старт» әлеуметтік жобасының жеңімпаздары болып Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өкілдері анықталды. Сөйтіп 1 миллион теңге иеленді. Олар «Қаржылық сауаттылықты дамыту платформасы» жобасын ұсынған болатын. Сол секілді Астанада өткен «ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO – 2022» республикалық жобалар сайысында университет студенттерінен құрылған команда ІІ орын алып, 700 мың теңге иеленді. Сонымен қатар, университет студенттерінен құралған команданың тағы бір жұмысы «BEELINE&ENACTUS: Жарқын жақта өмір сүр» арнайы IT жобалар байқауында үздіктер қатарына еніп, BEELINE кеңсесінің жаздық инкубациясына шақыру алды.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша осы кезге дейін «Startup Bolashak. Menin armanym» жобасы, «Zhas project» бағдарламасы, «HackDay» және «Smart city Kyzylorda» хакатондары және басқа да ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Орталық бес жыл ішінде 7 мыңнан астам жасқа бағыт-бағдар берді. Осы уақытқа дейін инкубатордан 89 резидент-түлек шығып, жалпы 70 млн теңгеге жуық қаржы тартылды.

– Қазіргі таңда университеттің Кәсіпкерлік орталығы білім алушылар мен профессор-оқытушылар арасында кәсіпкерлікпен шұғылдануға көмектесетін алаңға айналды. Бизнес жобалардың қыр-сырын, стартап жобалардың мақсаты мен міндетін, мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан осы саладағы қаржыландыру көздерін кеңінен түсіндіреді, үйретеді және насихаттайды. Орталық жетекшісі – іскер әрі креативті менеджер. Аталған орталық резиденттері республикалық және облыстық деңгейлерде түрлі жобаларды ұсынып, қаржылай қолдау алуда. Жалпы университеттің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі – білім алушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, сонымен қатар миллионер студенттерді қалыптастыру, – дейді осы орайда университет проректоры  Жандос Базартай.

Иә, креативті маман деп өз ісін құлшыныспен, шығармашылық шабытпен атқаратын адамды айтса керек. Ж.Түбекбаев Кәсіпкерлік орталықтың жетекшісі ретінде бағдарламалар жобасын, іс-шаралар, семинарлар кестесін дайындап, стратегиялық тұрғыдан жылдық жоспарға жауап береді. Қалған қызметкерлер студенттер қатарынан алынған. Жалпы орталықта төрт қызметкер бер. Жобалық менеджер студенттер арасында жүріп кімнің қандай кәсіпке бейімі барын, олардың бағдарламаларға, конкурстарға өтінім беруін, оның дұрыс рәсімделуін ұйымдастырып, пиар-менеджер әлеуметтік желілерде, БАҚ-тарда ақпараттандыруға жауапты.  Контакт-менеджер жалпы ішкі контент білім беру саласына жауапты.

Орталық жетекшісінің айтуынша, болашақта өңірлік венчорлық қор құру мақсаты тұр. Бұрын тек университеттің ішкі контингентімен жұмыс жүргізіліп келсе, жалпы облысты қамтуға күш салынуда. Барлығы  уақытқа, мүмкіндіктерге, қаржыға келіп тіреледі. Кейінгі бір жылда әріптестікті нығайтуға, жалпы республикалық бағдарламаларға қатысуға, облыс намысын қорғауға бетбұрыс жасалған. Соның аясында төрт меморандум бекітілген.

– Жастар өкілі болғаннан кейін бе, менің қазіргі қағидам адам өмір бойы білімін, дағдыларын жетілдіріп отыру керек дегенге саяды. Студенттердің тек білім алсам болды деген оймен шектеліп қалуын қателік деп есептеймін. Тұлға ретінде дамып, табысты жұмысқа тұрғысы келсе, тұлға болып қалыптасу үшін біздің орталықтың оқуына қатысып, белсенділік танытқаны дұрыс. Командамен жұмыс істеу маңызды. Негізі біздің университет басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда кәсіпкерлік саласын қолдауға үлкен мән береді. Өйткені, университет басшылығының қағидасы бойынша әрбір түлек жай ғана маман емес, ол миллионер болып шығуы керек. Ол қандай миллион? Миллион жалақы алатын қызметкер ме, әлде миллион табыс табатын кәсіпкер бола ма? Бастысы – өз кәсібін жетік меңгерген табысты маман даярлап шығару. Біз қазірден бастап миллионерлер шығарсақ, болашақта олар миллиардерге айналатын болады, – дейді ол өз ойын ширата түсіп.

Шынында, қоғам құбылысын аңдай алатын жастардың ойы құндылықтар қалыптастыруға үндейді. Бұл енді – уақыт талабы.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<