Грантқа түсумен іс бітпейді

517

0

Бүгінгідей уақыт көз ілеспес жылдамдықпен айналып, қоғам қас-қағым сәтте құбылып жатқан кезеңде тұрақты бір жұмыстың тізгінін ұстаймын деуге болмайды.  Себебі, бұл мүмкін емес. Өйткені жылына мыңдаған жас мамандық алып шығуда, жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті. Әрине, көп жыл еңбек өтілі бар кәсіби білікті мамандарға деген сұраныс жоғала қоймас. Десек те сол мамандықтың өзі жоғалып кетсе қайтпек керек? Сондықтан алдын ала бірнеше жылға болжам жасай отырып, сұранысқа сай мамандыққа мектеп қабырғасынан баулу қажет сияқты.

Бала бастауыш сыныпта әріп танып, жазуды үйренеді. Осы жаста оның әнге, бейнелеу өнеріне немесе спортқа бейімін байқауға болады. Сондай-ақ, «Баланы – бастан» дегендей, тәрбие бағытына барынша мән берген жөн. Ғалымдардың зерттеулеріне қарасақ, баланың сана-сезімі, ақыл-парасатының деңгейі туралы екі түрлі болжам айтылады: бірі оны генетикасымен байланысты десе, екінші тобы баланың зердесіне сыртқы факторлардың әсері бар деген болжамға тоқтайды. Қалай десек те балаға жастайынан берілетін тәлім-тәрбиенің ықпалы зор екені анық.

Бұл ретте ата-ана ретінде өзімнің ойымда жүрген пікірімді айта кетсем артық болмас. Мысалы, бір сыныпта 20-25 оқушы болса, соның барлығына ән сабағын оқытқанмен, ішінде бір-екеуі болмаса қалғаны әнге мүлде қызықпайды. Бейнелеу өнеріне де дәл солай. Ол пәнге икемі бар бала қызығуы мүмкін. Ал қабілеті жоқ баланы қанша қыстағанмен, нәтиже шықпайды. Оның есесіне баланың қызығушылығы мен ішкі қалауын ескерген жөн болар еді. Расында, барлық сабақтан үздік болып тұрған баланың тек ән сабағынан, бейнелеу өнерінен төмен баға алатынын бірнеше мәрте кездестірдім. (Өз балам да осы «қиындықты» басынан өткерді) Әрине, бұл жағдайда мұғалім бағаны көтермелеп қоюға мәжбүр. Өйткені барлық пәнді үздік оқитын балаға бейнелеуге қабілеті жоқ деп төмен баға қою әділетсіз болар еді. Міне, сондықтан баланың қай өнерге қабілеті, ынтасы барын анықтап, соған қарай (топқа бөліп) оқытса дұрыс болар еді. Бұл бала бойындағы таланттың ертерек ашылуына да септігін тигізер еді. Әрине, бұл – жеке пікірім.

Тақырыбымызға ойыссақ, мектеп оқушысын орта сыныптардан (5-7 сынып аралығы) бастап мамандық түрлері бойынша бағыттауға болады. Өйткені қоғамдағы көптеген белгілі тұлғалардың өмірдерегіне көз салсақ, олардың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасынан бастап қалыптасқанын аңғарамыз. Айталық, ақын-жазушылар жасөспірім кезінен балалар басылымына шағын жазбалар жариялап, шығармашылық жолға бейімделген. Әншілер, спортшылар да солай, балалар арасындағы байқауларда топ жарып, есейе келе нақты таңдау жасаған. Осы орайда орта буын мамандықтарға бейімі бар оқушыларға көбірек көңіл бөлу қажет.

Мысалы, қолөнерші, тігінші, ағаш ұстасы, ауыл шаруашылығы мамандары, оның ішінде егінші, фермер, ветеринар, су шаруашылығы сияқты  сұранысқа қажетті мамандықтар бойынша жан-жақты бағыт-бағдар берілуі қажет. Тіпті бұл мамандықтардың қоғамдағы, өндірістегі маңызы туралы ашық сабақтар өткізіліп, қызығушылығы бар оқушылар үшін кез-келген ақпараттар қолжетімді болуы тиіс.

Тағы бір айта кететін жағдай, мектепте оқу үлгерімі жақсы балаларға көбірек көңіл бөлініп, оларды пәндік олимпиадаларға, басқа да танымдық байқауларға қатысып, өзін-өзі дамытуына қолдау көрсетіледі. Ал үлгерімі төмен балалар мұндай қолдаулардан қалыс қалып жатады. Мысалы, осы үлгерімі төмен балалардың қарым-қабілетіне назар аударып, ынтасы мен қызығушылығы бойынша бағыттай білсе мықты мамандар шығуы ғажап емес.

Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықовтың пікірі бұл айтқанымызды құптай түседі.

– Мамандық таңдау – маңызды іс. Әсіресе, бітіруші түлектердің басты мәселесі. Бүгінде мамандықтың түрі көп. Технологияның дамыған заманында жастар еңбекке қабілетті, озық білімді, жаңашыл болуы шарт.

Әлемдегі оқиғалар мен пандемия еліміздің еңбек нарығына да айтарлықтай әсер етті. Қашықтан жұмыс және толық цифрландыру жаңа мамандықтарды алға шығарды. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылы Қазақстанның еңбек нарығында бағдарламашылар, логисттер мен сәулетшілер  сұранысқа ие болады. Жыл сайын кәсіби бағдарламашыларға деген қажеттілік артып келеді, ал IT саласындағы бос жұмыс орындарының саны көбеймесе азайған емес. Бағдарламалық кодты жазумен және бағдарламалық баптауларды жөндеумен айналысатын «классикалық» бағдарламашылардан басқа, веб-дизайнер мамандығы да сұранысқа ие және танымал болмақ. Қазір бизнесте бәсекелестік өте жоғары. Сол себепті, бұл сала бойынша қойылатын талап та оңай емес. Қазір сұранысқа сай мамандықтың бірі – логистика. Логисттер тауар қорларының қозғалысын бақылаумен және басқарумен қатар жұмыс процесін ұтымды ұйымдастыруға жауапты. Келешекте білікті, талантты сәулетшілерге де сұраныс жоғары болуы мүмкін. Қазірдің өзінде жер бетіндегі мегаполистер мен ірі қалаларда тұрғындар саны артып отыр. Сондай-ақ, биыл ең көп оқу гранттары  педагогика, IT және техникалық білім салаларына бағытталды. Бұл орайда жоғарыда айтып өткеніміздей, уақыт сұранысы, нарық талабы да ескерілді.

Көрнекті жазушы Ж.Аймауытов «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен.

Расында, қоғамға кез келген саланың білікті мамандары қажет. Әйтсе де экономиканың дамуы, технологиялық процестердің енуіне байланысты бір мамандық жойылып, жаңа мамандық ашылып отыратынын ескеру қажет, – дейді ол.

Қазір елімізде орта буын және жұмысшы мамандықтары жетіспейді. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен аталған мамандарды даярлауда түйткілді мәселелер аз емес. Басты себептерінің бірі – кейбір оқу орындарының материалдық базасы төмен, жаңаша оқыту талаптарына сай заманауи техникалық жабдықтар жетіспейді. Теориялық білім берілгенімен, практика жүзінде жетілдіруге келгенде қиындықтар бар екенін жасырудың қажеті жоқ шығар… 

Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірдегі 30 колледжде 97 мамандық бойынша 18940 студент, оның ішінде 25 колледжде 87 мамандық бойынша 3788 студент дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Ал, 24 колледжде 78 мамандық негізінде модульдік білім беру бағдарламалары, сонымен бірге,  облыстағы 10 колледжде «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда.

2025 жылға қарай Ұлттық жобада көзделген халықаралық салалық стандарттарға сәйкес құрылатын құзыреттілік орталығын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық -техникалық колледжі базасынан ашу жоспарлануда.

– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Жас маман» жобасының операторы болып «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ белгіленіп, қажетті 100 мамандық жобасы қолға алынды. Жобаны жүзеге асыру ережелері, механизмдері қабылданып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің №425 бұйрығымен бекітілді.

Жоба аясында 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын қайта жаңғырту қарастырылған. Оның ішінде материалдық-техникалық базасын жаңғырту және оны жетілдіру, кадр даярлаудағы халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстарына басымдық берілген.  Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 10 колледж бұл тізімге енсе, оның ішінде И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжіне осы жоба үшін арнайы қаражат (323 млн-дан астам) бөлінді. Атап айтқанда, «Электрмен қамтамасыз ету», «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары», «Пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау», «Жылу электр жылу энергетикалық қондырғылары» деп аталатын төрт мамандық бойынша оқытуға қажетті техникалық қондырғылармен жабдықталды. Бұл жабдықтар орнатылмас бұрын колледждің 10 кабинеті  39 млн-ға толық жөндеуден өткізілді. Ал осы мамандықтар бойынша дәріс беретін 18 оқытушы және 3 лаборант жаңа технологиялық жабдықтарды меңгеру мақсатында тағылымдамадан өтіп, сертификатталды. Жаңа технологиямен жабдықталған колледж базасында «Электрмонтаждаушы» құзіреттілік орталығы ашылып, қазіргі таңда жұмыс жасауда, – дейді  И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда  аграрлық-техникалық жоғары колледж директоры Б.Әбдікәрімов.

Айта кетейік, өңірде техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кадрлар даярлайтын 13 мемлекеттік колледж жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылында  колледждерге бөлінген грант саны  4708-ді құрады.

Тақырып төңірегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Игенбаеваның ой-пікірін білген едік.

– Мамандыққа баулуды бастауыш сыныптан бастаса да артық болмайды. Мысалы, 1-4-сынып оқушыларының бойында еңбекке деген құштарлығын оята отырып, адал еңбектің адам өміріндегі және қоғамдағы рөлі туралы түсінігін қалыптастыру қажет. Ал 5-7 сынып оқушыларының танымдық тәжірибе мен кәсіби іс-әрекетке қызығушылығын зерделеп, соған қарай бейімдеуге назар аударған жөн. Олардың өзіне деген сенімділігін арттырып, әлеуметтік және кәсіптік тәжірибенің әртүрлі салаларында бастапқы тәжірибені алуына бағыт беру керек.

Бала бойында байсалды мінез қалыптасатын 8-9-сыныптарда оқыту бейінін таңдау бойынша топтық және жеке кеңес беру арқылы  оқушының қызығушылығы мен қабілетіне, сондай-ақ, құндылық бағдарына сәйкес келетін білім беру сұранысын қалыптастыру қажет.

Ең маңызды кезең – 10-11-сыныптарда оқушының бойында өзіндік даярлық және таңдаған жұмыс түрі бойынша кәсіби қасиеттерді қалыптастыруға, соған сәйкес жоспарлар түзуге, бұл ретте туындайтын сауалдар мен қойылатын талаптарға дайын болуға үйрету керек. Осындай кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілсе ғана оқушы өз кәсібін жүрек қалауымен таңдай алады.

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ата-аналарды баласының қандай мамандықты таңдағаны емес, тек грантқа түсу мәселесі ғана толғандыратыны жасырын емес. Мысалы, ел-жұртқа, ағайынға «балам грантқа түсті» деп мақтанышпен жарияласа, сол жағын көбірек ойлайды. Сол үшін ата-аналар алдын ала шешім қабылдап, баланың болашағын болжап қояды. Ал шынында, ата-ана айлығы көп жұмысқа қарағанда, сол айлықты мол табуға, табысқа жетуге өзінің қабілеті мен дағдысын сүйіспеншілікпен жұмсайтын нағыз маманның қалыптасуына ықпал етуді ойлағаны дұрыс болар еді.

Мектеп мұғалімдерін де баланың мамандықты дұрыс таңдағанынан гөрі кейбір көрсеткіштер қызықтыратыны белгілі. Айталық, грантқа түскен оқушылар саны мен рейтинг нәтижесі. Қоғамдағы жұмыссыздықтың басты себебі де осы, яғни, қаламаған кәсібімен айналысқысы келмейтін, қолында дипломы бар мамандардың даярланып шығуы. Жылдан жылға мемлекет грант санын көбейтіп жатыр, бұл әрине, жақсы. Әйтсе де бүгінгі қоғам талабына сәйкес кәсіби бағдарға ерекше мән беру керек, – деді ғалым.

Сөзімізді қорыта келе айтпағымыз, заман ағымына сай адам баласының талғамы өзгеріп, талабы күшейе түскен қазіргі кезеңде  мамандықты дұрыс таңдай білудің маңызы зор. Сондықтан жас ұрпақтың санасын жоғары білімге деген «тәуелділіктен» арылтып, қажетті мамандықтарға орай көзқарасын қалыптастырған жөн. Біле білсек, білімнің санатынан гөрі сапасы маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеді.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<