Карантин кезінде ҰБТ қалай өтеді?

491

0

Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл өңірде 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Ол үшін 9 тестілеу орталығы белгіленген. Облыс бойынша мектеп бітірушілердің 85%-ы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.

Карантинге байланысты сынақ ерекше санитарлық жағдайда болады. Оның алгоритмі әзірленді. Аудиторияда тест тапсыратындар саны кем дегенде екі-үш есе қысқарады. Тестілеу орындары бір күн бұрын залалсыздандырылады. Сынақ барысында 2 сағат сайын жуып-шайылады.

– Аудиторияға түлектерді кіргізу мен отырғызу кезінде 2 метрден кем емес қашықтық сақталуы қажет. Ғимарат аумағына ата-аналар жіберілмейді, оқушыларды күту кезінде 3 адамнан артық жиналмауы керек, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева.


Кіреберісте санитайзерлер, пайдаланылған маскаларды тастайтын жәшіктер болады. Бетперде ала келмеген талапкерлерге бір рет қолданылатын маска ұсынылады.

Медициналық кабинетте дәрігер және орта медицина қызметкері, жедел жәрдем көлігі кезекшілік атқарады. Тестілеу ғимаратына персоналдар, қызметкерлер, комиссия мүшелері және оқушылар дене қызуы өлшеніп, бетпердемен ғана кіреді.


Қазіргі күні коронавирус инфекциясы, жұқпалы аурулар мен тағамнан улану жағдайларының алдын алу мақсатында санитариялық ағарту, ақпараттық түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.


– Тестілеу пункттерінің сұрауымен ұялы телефон дабылдарын басу, бейнебақылау қондырғыларын орнату барысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 83 аудиторияда электромагниттік өріске зертханалық өлшем жүргізілді. Сәйкессіздік анықталған жоқ. Әр аудитория желдеткіш жүйелерімен, стандартты жиһаздармен, ғимаратішілік әжетханалармен жабдықталған, – дейді департамент өкілі.

Сб-ақпарат.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз