Мәртебелі мамандар марапат биігінде

941

0

«Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай» жүретін ұстаз есімі қашанда қадірлі. Үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған мамандық иелерін кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова құттықтап, құрмет көрсетті. «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты салтанатты шара эпидахуалдың тұрақтануына байланысты Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті.

– Қиындықпен бетпе-бет келген сындарлы кезең мұғалімдерге де оңай тиген жоқ. Ұстаздарымыз жаңа технологиямен байланысты дағдыларды тез үйреніп, тосын жағдайдан шығып, бейімделуге тура келді. Ата-аналар да өз кезегінде ұстаздар қауымына қолдау білдірді. Бүгінгі мерейлі сәтті пайдалана отырып, барлық кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, жаңа ғасырдың зерделі ұрпағын тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына алғыс білдіремін, – деді облыс әкімі.

Биыл білім беру саласына облыс бюджетінің 45 проценті, яғни 171 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылының қарсаңында Арал ауданында 1 мектеп пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін 2 жаңа мектеп пен 2 мектептің құрылысы қосымша ел игілігіне табысталмақ. Оған қоса 3 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Жергілікті бюджеттен мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 433 млн теңге қаржы бөлініп, пәндік кабинеттер жабдықталуда. Бүгінгі күні облыстағы мектептерде барлығы 22 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді. Оның 94,2 проценті жоғары білімді педагогтар.

– Мемлекет ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және біліктіліктерін арттыруға ұдайы жағдай жасап келеді. Биыл облысқа республикалық бюджеттен 32 млрд теңге ұстаздардың жалақысын көтеруге бөлінді. Дегенмен, мәртебелі маман иелеріне артылатын жауапкершілік жүгі де еселенді. Сондықтан білім сапасының жоғары болуы аса маңызды,– деді облыс басшысы және бір сөзінде.

Кәсіби мерекеде бірқатар ұстаздарға «Ы.Алтынсарин», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ, өткен жылы облыс әкімінің ұйғарымымен облыстың білім беру саласындағы көп жылғы еңбегі үшін жергілікті «Ерекшелік белгісі» тағайындалып, алғаш рет 12 мұғалім марапатталған болатын. Марапат биыл да жалғасын тапты. «Ерекшелік белгісі» табысталған мұғалімдерге «Сарыағаш» шипажайына жолдама қоса берілді.

Биыл 10 ұстаз «Үздік педагог – 2021» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, 875 мың теңге қаржылай қолдауға ие болды.

Салтанатты шарда Ақбота Керімбекова, Төреғали Төреәлі, Кенжебек Жанәбілов және бірқатар өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<