Мектеп бітіру рәсіміне ақша жиналмайды

1236

0

3-4 маусым күндері мектеп түлектеріне арналған соңғы қоңырау шаралары мен аттестат алу рәсімі бірге өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова оны ұйымдастыру тәртібін түсіндірді.

«Біріктірілген шаралар мектептің сыртқы ауласында ұйымдастырылады. Аттестат тапсыру барысында санитарлық сақтық шаралары қатаң сақталатын болады. Атап айтқанда, шараға қатысушылар арасында әлеуметтік ара-қашықтықтың сақталуы, оның алдын ала орындарының белгіленуі, маскалық режим және барынша қатысушылар санын шектеу көзделіп отыр. Оған түлектердің ата-анасы немесе заңды өкілі ғана қатысады», – деді Ақзира Қасымова.

Шаралар мектеп бітіруші түлектердің санын ескере отырып белгіленген кесте бойынша өтеді. Онда сынып саны, бітіруші сыныптың саны ескеріледі. Салтанатты шара 45 минуттан аспауы тиіс. Яғни, түлектердің қоштасу вальсі, мерекелік отшашулар болмайды.

«Мектеп мұғалімдеріне сыйлық алуға, басқа да шараларға, безендіру, жөндеу жұмыстарына, мектепке естелік сыйлық алуға ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға қатаң тыйым салынды», – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, аудандық, қалалық білім бөлімдері, полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп бітірушілердің кортежбен серуендеуіне, кафе-мейрамханаларда тойлауына, кешкі уақытта жалдамалы үйлерде, табиғат аясына серуендеу, өзен-көлдерге суға шомылуға тыйым салынады.

Биылғы оқу жылын қызылордалық 6059 бітіруші мектепті аяқтайды. Бітірушілердің 548-і «Алтын белгі», 363-і «Үздік аттестат» иегері атанды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<