Педагог мәртебесі көтерілді, беделі қандай болмақ?

1065

0

Әлемді жайлаған қатерлі індет еліміздің экономикасына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, тіпті жеке адамдардың психологиясына да әсерін барынша тигізуде. Осындай қиыншылықтарға қарамастан елімізде, өңірімізде еңбек адамдары үлкен қажырлылықпен жұмыс істеуде. Әрине, олардың алдыңғы легінде педагогтар, дәрігерлер жүреді.

Жалпы, осы пандемия педагогтардың қоғамда алатын орнын барынша айқындап берді: егер еліміздің ертеңін ойласақ, онда педагогтардың өз жұмысына деген ынтасын арттыру міндеті тұрғаны анықталды. Ал, ынталандыру дегеніміз – оларды материалдық тұрғыдан қолдау, оларға жақсы жағдай жасау екендігі анық. Кейінгі жылдары осы тұрғыда Үкімет, министрлік тарапынан біраз нақты қадамдар жасалды, бұл – қуанарлық жағдай. Өткен жылы қабылданған «Педагогтар мәртебесі туралы» заңның Үкімет отырысында бекітілуі ұстаздар қауымын біраз желпіндіріп тастады, сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісі тағайындалғаны өте құптарлық. Олармен қоса, өңірдің білім саласын дамытуға үлес қосып жүрген 10 үздік ұстазға қаржылай біржолғы сыйақы берілгені де көңілге қуаныш ұялатады. Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, ұстаздардың жалақы мөлшері біртіндеп көтерілуде. Осы қадамдардың барлығын ұстаздарға көрсетілген құрмет деп түсіну керек. Жасыратыны жоқ, «Алты алаштың баласы бас қосқанда, сөз алдымен ұстазға беріледі» деп жалаулатқанымызбен, тек мейрамдарында ғана ауызға алынып, сый-құрмет көрсеткендей сыңай байқалатын, оның қасында жоғарыда аталған іс-шаралар – ұстаздар мәртебесін көтеру жолындағы нақты қадамдар. Өңірдің барлық аудандарындағы мектептерде өз ісінің шын шеберлері, оқушыларына терең білім берумен қатар үлкен адамгершілік тәрбиесін беретін ұлағатты ұстаздар көптеп саналады. Олар барды қанағат тұтып, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп, өз істерін адал атқаруда. Сондықтан олардың қажырлы еңбегінің өтеуі де жоғары болғаны құптарлық. Жалпы, ұстазын ұлықтаған елдің ертеңі жарқын деп ойлаймын.

Биылғы жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін ең төменгі деңгейлік көрсеткіш – 75 балл болып белгіленді, ал былтырдан бастап осы мамандықтар бойынша мемлекеттік тасырыс негізінде оқитын студенттердің, магистранттардың, докторанттардың стипендиялары бір жарым есеге дейін көбейді. Міне, осы жұмыстардың барлығы педагог мамандығы мәртебесінің көтерілуі үшін жасалғаны айқын. Оның да өз себебі бар: кешегі өтпелі кезеңнің ауыртпалығы еліміздің экономикасын тұралатқан шағында көптеген білімді де, білікті ұстаздар күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткені бәрімізге белгілі, олардың орнына мектептерге және басқа да оқу орындарына кездейсоқ адамдар келе бастады. Олар өңі түгіл түсінде де ұстаз болам деп ойламаған еді…

Енді еліміздің экономикасы тұрақталып, жағдай түзеле бастағанда ұстаздар қауымының қызметіне, олардың тұрмыс-тіршілігіне назар аударылып, арасында кездейсоқ адамдардың болмауына жіті бақылау жасалуда. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Енді мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне қатаң талап қойыла бастайды, оны қазіргі заманның талабы деп түсінсек болады. Біліктілік демекші, әр жылдың аяғында, басында аудандық, қалалық, облыстық пәндік олимпиадалар дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Осы олимпиадаларда ұсынылатын есептер өте жоғары деңгейде болып келеді. Ол есептердің барлығы Республикалық оқу-әдістемелік «Дарын» орталығында дайындалады да, бір мезгілде еліміздің барлық аудандарына, қалаларына жіберіледі. Сол есептерге оқушы түгіл пән мұғалімдерінің тісі бата бермейді. Оның себебі, біріншіден есептердің авторлары (Елеусинов Д., Сатылханов Қ., Қангужин Б., Васильев А., т.б) кезіндегі Халықаралық олимпиадалардың алтын, күміс жүлдегерлері және олар бұл жұмыспен кәсіби түрде айналысады, екіншіден біздің мұғалімдеріміздің теориялық дайындығы жетіңкіремейді. Бұл жағдай, әсіресе, жас ұстаздардың арасында көптеп көрініс беруде. Бұл есептер негізінен мектеп бағдарламасына енбеген, енсе де мейлінше аз қарастырылған тақырыптарды қамтиды. Атап айтқанда: салыстырулар теориясы, сандар теориясының көптеген теоремалары, графтар теориясы, инварианттар теориясы, функционалдық теңдеулер секілді. Осы ретте мұғалімдердің біліктілігі мен терең білімі, олардың оқушыларынан көрініс береді. Әрине, олардың мектеп бағдарламасын жақсы білетініне ешкім шүбә келтірмейді, алайда тек мектеп бағдарламасымен ғана шектелсек, онда біз оқушыларымыздың білімін жоғары деңгейге көтере алмаймыз. Айтатын бір сылтауымыз бар: мектептегі күнделікті жүргізілетін іс-шаралар мен қағазбастылық уақыттың барлығын алады, сондықтан білімімізді көтеруге мүмкіндігіміз жоқ. Менің оларға айтатын бір ғана уәжім бар, егер біз осы заманның талабына сай күнделікті жүйелі түрде жаңа идеялармен, біліммен қаруланбасақ онда көштен қала береміз. Оны соңғы жылдардағы математика пәнінен болатын дәстүрлі Республикалық олимпиададағы оқушыларымыздың көрсеткіштері анық көрсетіп тұр.

Осыған байланысты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Математика және қолданбалы механика» кафедрасының ұжымы облыстағы математика пәнінің мұғалімдері үшін «Мектеп математикасының таңдамалы бөлімдері мен теоремалары» тақырыбымен біліктілікті арттыру курсын ұйымдастыру жұмысын қолға алды. Курстың ұзақтығы 72 сағат деп есептеліп, жоғарыда аталған бөлімдер түгел қамтылу көзделіп отыр. Осы ретте, біз облыстық білім басқармасының көмегіне жүгінеміз. Себебі, мұғалімдердің курсқа қатысуын қамтамасыз ету – үлкен жұмыс, сондықтан біз аудандық, қалалық білім бөлімдері осы ұйымдастыру жұмысына көмектерін береді деп сенеміз.

Түйінін айтқанда, ұстаздың беделі оның терең білімі мен біліктілігінде. А.Жұмаділдаев шыққан өңір талантқа кенде болған емес. Кім біледі, шалғайдағы ауылдарда талай Асқарлар жүрген болар, оларды тауып, терең білім беріп елдің алдына шығару – біздің негізгі міндетіміз.

Б.ЖАНМОЛДАЕВ,

 техника ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<