«Қазақ тілінен» емтихан: Ақиқатқа қамшы ауыр

1338

0

Келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

«Қазақ тілі» пәнінен емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі, яғни 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізіледі. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады.

Бұл ұсыныс қазақ тілі мұғалімдерінің съезінде және Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өткен мұғалімдер қауымдастығы өкілдерінің кездесуінде айтылған болатын. Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады. Бұл пән бойынша қорытынды бағалар 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады» делінген хабарламада.

Жаңалық жария болғаннан қоғамда қызу талқылана бастады. Әрине, қолдаушылар да, қарсылық та бар. Қарсылық танытушылардың аса белсенділері Оқу-ағарту министрлігіне «мектепті сынақ алаңына айналдыруды доғарыңдар! Алдымен қазақ тілін оқытудың әдістемесін жөндеңдер!» деген сипаттағы үндеу жасап үлгерді. Орыс мектептерінің ата-аналары балаларының қазақша қарапайым мәтінді жаза алмайтынын, жазбақ түгілі берілген тапсырманы түсінбейтінін айтып дабыл қағып жатыр. 

Дегенмен бір ақиқаттан аттап өте алмаймыз. Ол – орыс сыныбын бітірушілердің көбісінің қазақ тілінің бастапқы деңгейін де игере алмауы. Бұл проблема біздің өңірде де бар, бірақ  аса біліне қоймауы мүмкін. Солтүстік өңірлерде өте өзекті. Оған министрліктің Facebook парақшасына жазылған пікірлер дәлел. Мәселен, солтүстік облыстағы орыс мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Медет Бекішов былай деп жазыпты: «Бұл жаңалықты оқып, қуандым әрі қорықтым. Түсіндіріп көрейін, біздің қоғамда «қазақ тілінсіз де күнімді көре аламын» деген көзқарас бар. Мына бастама соны өзгертетін шығар. Неден қорқатынымды айтайын, ол – үлгерім мен білім сапасы. Емтихан өткізгенде шындықты бүркемелемей, жағдайды қалай бар солай көрсетуіміз керек. Сонда ғана сапа мен үлгерім деңгейі жайлы нақты картина көз алдыңызға келеді.»

Тағы бір пікір «емтихан ештеңе шешпейді. Егер 2 қойсаң, өзіңді түрткілейді. Сабақ бере алмайсың деп. Айқайдың астында қалмайын деп 4-5-ті қоясың. Бірақ көрсеткіш ноль» дейді. «Бәріміз де орыс тілін жақсы көріп бара жатқаннан үйренген жоқпыз, қоғамда аяғыңды аттап бассаң жан-жағыңның бәрі орысша болған соң үйрендік емес пе?!» Бұл да – сол жердегі коментарийдің бірі. Жаны бар сөз, қажеттілік туындаса адамның алмайтын қамалы жоқ. 

Орыс сыныбы дейміз-ау, қазақ сыныбында оқитындардың өзінде кездесетін, көзге ұрып тұрған келеңсіздік – қазақша жазу сауаттылығының тым құлдырап кеткені. Балалардың WhatsApp арқылы жазысқан хабарламаларын оқысаңыз, «айналайындар-ау, сендерге мектепте қазақ тілі сабағы бола ма?» деп сұрайсыз. Ескерту айтсаңыз, «асығып жазғаным, қысқартып жазғаным, бір-бірімізді түсінсек болды емес пе?» деген уәж еститініңіз анық. Өз-өзіне аса сенімділері «мен шетелге оқуға түсем немесе айтишник болам, қазақ тілінің қажеті қанша?!» деп шалқаңнан түсіре жаздайды. Әлеуметтік желіде қатеден көз сүрінеді және жазғыштар мұны білімсіздік деп есептемейді. «Бастысы, ойын жеткізсе болды да, соның қатесін тергіштегеннен не пайда?» деп өзіңді кінәлайтынын қайтерсіз… Қашықтан оқу кезінде WhatsApp-қа келген небір жазбаларды айтпай-ақ қояйық…

Жаңалықты  қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін бірнеше мұғаліммен бірге талқыға салдық.

– Орыс сыныптарындағы қазақ тілі  мен әдебиеті бұрын екі бөлек пән еді, қазір бір пән болып оқытылады. Орыс сыныптарының оқушылары  әуелі орысша ойлап, сосын аударма жасау арқылы тапсырманы орындайды.  Қазақ тілі  пәнінен бағдарлама бойынша  бұрынғыдай сауаттылыққа бағыттайтын  диктант жұмысы  алынбайды.

Орыс сыныптарындағы оқушылар қазақша әдеби кітаптарды көп оқымағандықтан, қазақ тілінің сөздік қорындағы көп сөздерді түсінбейді, – дейді олар бірауыздан.

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Қазақ тіліне қажеттілік жоқтықтан оны оқуға деген ынта шамалы, күлбілтелеп қайтеміз, жоқ деп турасын айтайық. Қажеттілік неден туындайды? Осындай емтиханда қойылатын талаптардан. Ауыл мектебінен түлеп, қалаға оқуға барған аға ұрпақтың мысалынан көп нәрсені байқауға болады. Оларға орысшаны өмір қажеттілігі  үйретті, қарапайым күнкөрістен бастап, жұмысқа тұру, қызметте өсу үшін орыс тілін білу міндетті еді.

– Бала жауапкершілікті сезінуі үшін емтихан алған өте дұрыс. Оқушының 10-11 сыныпта ҰБТ деп алдына мақсат қойып, сабаққа деген қызығушылығы мен жауапкершілігі арта түседі. Емтихан тапсыратын болса да дайындалады. Негізі бұрынғыдай билет алып, жауап берсе дейміз. Өйткені балада айтылым дағдысы қалып бара жатыр. Қазақ тілі пәнінде тек орыс сыныптарының ғана емес, қазақ сыныптарының да оқушылары әдеби кітаптарды оқымағандықтан көп сөздерді түсінбейді. Ауызекі сөйлегенде де жаргон сөздерді қосып айтады. Грамматика жоқтың қасы болғандықтан, сауат жағы ақсап тұр. Бұрынғыдай бір ізбен 5-сыныпта фонетикадан бастап, 9-сыныпқа барғанда грамматиканы меңгеріп, құрмалас сөйлем, пунктуацияны өтіп аяқтаса, одан әрі жоғары сыныптарда шешендік сөз өнерімен танысса, ойын дәл жеткізер еді. Сондықтан емтихан тапсыру өте дұрыс шешім  болды, – дейді пән мұғалімдері.           

Оқу-ағарту министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың 2022-2023 жылдарға арналған әдістемелік нұсқау хатын ұсынған. «Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі пәнінен академиялық білім берудің мақсаты – қазақ тілінің әлеуметтік-қоғамдық қызметі (ана тілі – ұлт тілі, мемлекеттік тіл) туралы біртұтас білім бере отырып, тілдің танымдық, құрылымдық, тарихи мәнін, тілді қолданудың нормативті жүйесін игеріп, сөйлеу мәдениеті тәсілдерін меңгерген, ұлттық рухты бойына сіңірген дара тұлға тәрбиелеу» делінген осы әдістемелік нұсқаулықта.

Аталған құжаттан түсінгеніміздей, қазақ тілі бастауыш, орта жоғары сыныптарда құрылымдық, функционалдық, тарихи жүйесі өзара тұтастықта, бірлікте кіріктіріліп оқытылады. Нәтижесінде оқушылар тілдің таңбалық жүйесі, әдеби тілдік нормасы, тарихы және тіл арқылы ұлтты, адамды тану туралы кешенді білім алады. Бұлар оқушының тіл тазалығын, тіл анықтығын, дәлдігін игеріп, сөйлеу мәдениетін, сөз шеберлігін жетілдіруіне айтарлықтай үлес қосады.

Оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» бағдарламасының мақсаты – оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту, қазақ тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, тіл нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету. «Қазақ тілі» пәні бағдарламасы оқушының тіл сауаттылығы мен сөз байлығын дамытуды, әлеуметтік ортада еркін қарым-қатынасқа түсуін жетілдіруді және дүниетанымдық дағдыларын кеңейтуді көздейді. Бұл пән бойынша оқушылардың білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар «Тілдерді меңгерудің жалпыеуропалық құзыреті» (CEFR) деңгейлерін (А1, А2, В1, В2, С1) ескере отырып құрастырылды.  Білім алушылар бастауыш сыныпты аяқтағанда, қазақ тілін қарапайым А1, А2 (бастапқы) деңгейінде меңгереді. Мұғалім сабақ барысында оқушылардың сөйлеу құзыреттілігін қалыптастыруға баса назар аударады. Сонымен қатар, бастауыш сыныптарда сабақ сайын сөздік диктант пен көшіріп жазуды өткізуге болады. Бұл жазба жұмыстары оқушылардың сауатты жазу дағдысын қалыптастырады.

Байқағанымыздай, мақсат айқын, дегенмен оған қол жетті ме? Егер қол жетті десек, қазақ тілін білу, сауатты жазу туралы талапқа  «болашақта менен біреу бастауыш пен баяндауышты сұрамайтын шығар» деген әзір жауап беретіндер қайдан шықты? Бастауыш түгілі, он бір жылдықты бітірген орыс сыныбының оқушысы қазақ тілін қарапайым бастапқы деңгейде меңгере алмаса оның сұрауы кімнен?  

Мемлекеттік тілді білу туралы талап болашақта қатая түспесе, босаңсымайтын шығар. Сондықтан оқушылардың қазақ тілінен емтихан тапсыруы айқай-шуға айналдыратын проблема емес деп ойлаймыз.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<