ІРГЕЛІ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

454

0

Дүние  жүзілік тау-кен конгресі аясында Астанада «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің 100 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті. Бұл оқу орнында 202 қызылордалық жас білім алуда. Шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев университет студенттерімен кездесіп, бітіруші түлектерді марапаттау рәсіміне қатысты.
Салтанатты рәсімде «МБжҚИ» Ұлттық зерттеу техно­логиялық университеті Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Ресей тауар өндірушілері одағының президенті Олег Сосковец пен ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек университет түлектерін құттықтады.
Шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мерейтойға орай университет басшылығы мен студенттеріне лебізін жеткізіп, Ресейде оқып жатқан сырбойылық түлектерді аймақта жұмыспен қамту перспективалары туралы айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жолдауында жоғары оқу орындарында ғылым саласын металлургия, мұнай және газ химиясы, агроөнеркәсіптік кешен, био- және IT технологиялары саласына бағыттауды тапсырды. Біздің облысымыз Ресей Федерациясының жетекші техникалық оқу орындарымен тығыз әріпестіктің арқасында осы бағытта 2014 жылдан бастап қарқынды жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде екі жүзден астам сырбойылық түлек Мәскеу болат және қорытпалар институтында оқып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде Ресей Федерациясы Үкіметінің гранттары есебінен Мәскеу және Санкт-Петербург университеттерінде аймағымызда жоғары сұранысқа ие инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша жүздеген студент білім алуда.
– Осы жылы студенттердің алғашқы легі оқуын аяқтайды. Диплом алатын 75 студенттің  елу тоғызы “МБжҚИ” түлегі. Олардың 13-інің  магистратураға түсіп, оқуын жалғастыратынына қуаныштымыз, ал қалған 62 жас маманды аймағымыздың ірі кәсіпорындары жұмысқа қабылдау үшін күтуде, кейбіреулері мемлекеттік қызмет резервіне енгізіледі, – деді облыс әкімі.
Қабылдауда түлектерді «МБжҚИ» университетінің оқу жұмысы бойынша проректоры Вадим Петров құттықтады.
Былтыр Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде Қызылорда облысының әкімдігі мен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының жетекші жоғары оқу орындары арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған. Оған ҚР РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, «МБжҚИ» Ұлттық зерттеу технологиялық университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік  мұнай және газ университеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграрлық академия және Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технологиялар мен дизайн университетінің ректорлары қатысты.
Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап Мәскеу болат және қорытпалар институты,  Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті қызылордалық түлектерді аймаққа қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін  гранттар бөліп келеді.
Ресейдегі іргелі оқу орындарының бірі – «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің тарихы Мәскеу тау-кен академиясында металлургиялық бөлімше ашылған 1918 жылдан басталады.  
2014 жылдың қорытындысымен университет БРИКС елдерінің үздік 100 университеттері тізіміне және QS негізгі білім беру рейтингісі бойынша әлемнің 1000 жетекші техникалық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Университет «5-100» Ресей жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасының 15 қатысушыларының бірі болып табылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<