Саладағы өзгерістер сапаға негізделген

771

0

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау, сол сияқты, оқу жылын ұзарту мәселелері қоғамда қызу талқыланып жатқаны белгілі. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов және білім саласында  сапаны қамтамасыз ету  департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова  жоғарыда аталған тақырыпты тарқата баяндап берді. Сондайақ, жаңа оқу жылына дайындық барысы айтылды.

– Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру – бүгінгі күні өзекті мәселе. Өйткені заман талабына сай білім саласының алғашқы сатысы болып саналатын мектепке дейінгі ұйымдары алдында баланың дүниетанымын кеңейтіп, болашақта жеке тұлға ретінде қалыптасуына бағыттайтын ауқымды міндет тұр. Бұл орайда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттырып, балабақшаларды білікті мамандармен қамтып, бастауыш білім берудің сабақтастығын арттырудың маңызы зор, – дейді Б.Бердәулетов.

60 мыңға жуық бала қамтылған

«Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы облыс көлемінде балабақша саны 293-ке жеткен болатын. Ал, 2010-2014 жылдар аралығында 589-ға көбейіп, қазір 677 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 162-і мемлекеттік, 439-ы жекеменшік, 76-ы шағын орталық. Оған 59 902 бала қамтылып отыр. Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ішінде жеке балабақшалар үлесі 73% құрайды.

Осы мәліметтерден-ақ облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамтуда жекеменшік балабақшалардың үлесі айтарлықтай екендігін көруге болады.

Былтырдан бері облыстағы барлық балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс меншік нысанына қарамастан жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша бірдей көлемде төленуде. Тарқатып айтсақ, биыл 1 балаға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі қалалық жерде 9 сағаттық топтар үшін 47,4 мың теңге (ауылдық жерде 51,1 мың теңге), 10,5 сағаттық топтарда 51,6 мың теңге (ауылда 55,7 мың теңге) санаторлық топтарда 77,8 мың теңге (ауылда 84,7 мың теңге) түзету топтарында 93,8 мың теңге (ауылда 102,4 мың теңге) көлемінде болды.

9 мектеп пайдалануға беріледі

Жаңа оқу жылында аймақтағы 311 мектепте (295 мемлекеттік, 16 жеке) 180 858 оқушы білім алады деп күтілуде, яғни, оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 4 087-ге артады. Оның ішінде 1-сыныпқа 17 928 оқушы қабылданады деген болжам бар. Айта кетейік, 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталған еді, 31 шілде күні аяқталады.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, мектепке тек 6 жасқа толған балалар қабылданады, яғни, баланың жасы 1 қыркүйекте толық 6-да болуы керек. Ал жасы 6-ға толмаған балалардың (жасы 1 қыркүйектен кейін толатын болса) тек ата-аналары немесе басқа заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке қабылдануға мүмкіншіліктері бар.

Биыл аймағымызда жалпы 4350 орынға арналған  9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 6-ы мемлекеттік, (Арал 200 орындық, Қазалы 250 орындық, «Қызылорда-Жезқазған» тас жолы 600 орын, Жаңақорған  600 орын, Майбекеті шағын ауданы 300 орын, Сұлтанмұратов көшесі 300 орындық мектеп) болса, 3-і жеке (Қызылорда 2 мектеп, Арал қаласы 1 мектеп). Ал, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандары және Қызылорда қаласы бойынша 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 2,1 млрд теңге қаржы қаралып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 47 мектеп модернизациядан өтеді.

Оқу мерзімі ұзара ма?

Оқу жылы әдетте 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталатын, яғни балалар 170 күн немесе 34 апта бойы оқиды. Ал биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жаңа оқу жылын 1 қыркүйекте бастап 31 мамырда аяқтау жоспарлануда. Айта кетейік, бұл мәселе де қоғамда қызу талқыланып жатыр.  Сондықтан әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл өзгеріске байланысты басқарма басшысының міндетін атқарушы Б.Бердәулетов былайша түсіндіреді:

– 2017 жылдан бастап мектептерде бес күндік оқыту енгізілді, яғни оқу аптасынан бір күн кестеден алынып тасталды. Бірақ оқу бағдарламалары азайған жоқ, сенбі күнгі оқу сағаттары басқа бес күнге ауысты. Осылайша, кестеде 7-8 сабақ пайда болды, оқушы жүктемесі артты.

Жылдағы оқу күндерінің санына әсер ететін тағы бір фактор, бұл – мереке күндері. Олар жыл бойы 10 күнге дейін жетеді. Бұл әрине, оқу күндерінен алынады, ал демалыс күндерін есептегенде, бұл екі аптаға жуықтайды. Демек бір жылға жоспарланған 34 оқу аптасы іс жүзінде азаяды.

Бірақ осыған қарамай МЖМБС, оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары міндетті түрде орындалуы тиіс.

Сарапшылар халықаралық зерттеулерде біздің оқушыларымыздың көрсеткіштерін жақсарту қажет деген мәселелерді көтереді.

Осы орайда олардың айтуынша, оқу жылын 31 мамырға ұзарту, сонымен қатар жыл бойындағы демалыс күндерін 5 күнге дейін ықшамдау мектеп оқушыларының қажетті білім алудағы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 31 мамырға дейінгі оқу жылы оқушыларға қосымша білім алуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені күнделікті сабақтар аз болады, ал мұғалімдердің кәсіби дамуға уақыты артады. Басқа да көптеген себептері бар. Бір сөзбен айтқанда, сарапшылардың ойы осындай. Сондықтан алдағы уақытта 1 маусым – халықаралық Балаларды қорғау күні енді жазғы демалыстың бірінші күні болуы мүмкін, – деді ол.

Бұл мәселеге байланысты халықтың пікірі қақ жарылып тұр, қолдайтындар да бар, сонымен қатар, «талай жылдан бері қалыптасып қалған қағиданы өзгертудің қажеті қанша?» дейтіндердің де қатары аз емес. Біз осы орайда Абылай хан атындағы №140 мектептің директоры, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаеваның пікірін білген едік.

– Міне, санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталып, жазғы демалыстан кейін оқушылар жаңаша көңіл-күймен, бір-біріне деген сағынышпен алтын ұя мектептеріне беттейді. Бұл күндері барлық ата-аналар жаңа оқу жылына жаппай қам жасап, ұстаздар да оқу процесіне керек-жарақтарын түгендейді, яғни, тамыз – бұл нағыз қарбалас кезең десек болады. Ал, жаңа оқу жылында біршама өзгерістер орын алмақшы. Бүгінгі күнге дейін оқу жылы әдетте 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталатын, сәйкесінше оқушылар 34 апта бойы оқып, жылдық жүктемесі 9 106,5 сағатты құрайтын. Білім берудің сапасын арттыру қажеттілігін назарға ала отырып, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академиясы мен сарапшылардың халықаралық зерттеулердің нәтижесінде министрлік жаңа оқу жылын 1 қыркүйекте бастап 31 мамырда  аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл шешімнің бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, бір күн ішіндегі сабақтар санын қысқартуға және 5 күндік оқу аптасын іске асыруға, күрделі тақырыптарды зерделеу қарқындылығын қалыптастыруға айтарлықтай әсері болары сөзсіз. Ал, жазғы каникул күндерін қысқарту арқылы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайтып, осы уақыт аралығында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деген болжам бар.

Бұл өзгерісті енгізуде халықаралық тәжірибелерді зерделеу, зерттеу де назардан тыс қалмағаны анық. Білім сапасы көрсеткіші бойынша жетекші елдер болып саналатын Финляндияда оқу жылының ұзақтығы 38 аптаны, Сингапурде 39 аптаны, Оңтүстік Корея мен Қытайда 42 аптаны құрайды. Демек, ұзартылған оқу күндері нәтиже береді деп ойлаймыз, – дейді А.Мұсабаева.

Лицензиялауда не жаңалық?

ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан енгізіліп отырған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау мәселесіне қатысты облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова былай дейді:

– Министрлік мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауды енгізу бойынша жұмысты бастады. Ең алдымен заңнамада белгіленген тәртіппен енгізілетін лицензиялаудың талаптарына талдау жүргізіледі, содан кейін тиісті заң жобасы әзірленетін болады. Бұл мәселеге шұғыл назар аударылып отырған себебі, кейінгі кезде балабақшалар жұмысына қатысты көптеген сын айтыла бастады. Шындығында, қазір мектепке дейінгі ұйымдарды ашу кезінде бірыңғай талаптар жоқ. Хабарламада көрсетілген мәліметтер тексерілмейді.

Айта кетейік, мектепке дейінгі ұйымдар 2011 жылға дейін лицензияланған және бұрыннан жұмыс істейтін балабақшаларда лицензия болған. Алдағы уақытта лицензия алу кезінде мектепке дейінгі ұйымдар өз жұмысының мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік ұйымдар үшін бірыңғай ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы тиіс, – дейді ол.

Департамент басшысының айтқан дерегі бойынша лицензиялауға қойылатын бастапқы талаптар нарықтың  шарттары мен мүмкіндіктерін ескереді. Мысалы, мектепке дейінгі ұйымдарға ЖОО-лар секілді өте жоғары талаптар қойылмайды, бірақ  негізгі міндеттер орындалуы тиіс. Бұл – өртке қарсы қауіпсіздік, санитарлық нормалар, сондай-ақ, топтағы балалар саны және педагогтардың біліктілігі бойынша бекітілген нормалар.

– Ойлап қарасақ, мектепке дейінгі білім беруден басқа барлық білім нысандары лицензияланады. Мысалы, мектеп, колледж және университет. Сондай-ақ, жеке мектептер де лицензияланады. Олардың саны 3 жылда 3 есе өскен, бұл – біліктілік талаптарының орынды екенінің дәлелі.

 Қазіргі уақытта басты мәселе – мектепке дейінгі білім беру сапасы. Әрине, лицензиялау сапаны қамтамасыз етудің жалғыз жолы емес. Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету бойынша кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, аттестаттау, қаржыландыру, т.б бірқатар кешенді шаралар қабылдап отыр. Лицензиялау – соның бірі.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көптеген елдерде мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады немесе аккредиттеуден өтеді. Негізгі талаптар топ түрі бойынша балалар санына, балалар мен персоналдың арақатынасына, педагогтардың біліктілігіне, оқу және ойын кеңістігіне, жабдықтарға, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру бағдарламаларына, төтенше жағдайларға дайындығына, сондай-ақ, денсаулығына, медициналық бақылауына, тамақтануына қарай қойылады, – деп түйіндеді Ғалия Дәулетова.

Қазір мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда. Бірінші кезеңде ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар, келесі кезеңде жұмыс істеп тұрған, бірақ мемлекеттік аттестаттаудан қайта өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, содан кейін барлық балабақшалар лицензияланатын болады. Ал, лицензия беру жөніндегі мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылған, бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға кепілдік береді.

Сала басшыларының айтуынша, түптеп келгенде, бұл талаптар – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім мен тәрбие берудің негізі тетігі.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<