Шығармашылық ізденіс пен шынайы еңбек жемісі

4210

0

Аймақтағы алдыңғы қатарлы білім ошағының бірі – Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының жеңімпазы атанды. Мұғалімдер күні мерекесінде іргелі ұжымға облыс әкімі 34 млн теңге грантты табыс етті. Осы орайда мектеп-лицей директоры Айгүл Алтынбекқызымен ой бөліскен едік.

Өзіңіз басқарып отырған білім ошағы «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, облыс әкімі 34 млн теңге табыстады. Әлбетте, мұның ар жағында мектеп ұстаздарының үлкен еңбегі жатыр. Оқуға құштар шәкірттердің де үлесі бар. Осы жаңалықты оқырмандармен бөліссеңіз…

– «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты ҚР Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы №544 бұйрығына сәйкес өткізілген конкурс нәтижесінде берілді. Конкурсқа мектептің кейінгі үш жылдағы жеткен жетістіктері мен атқарылған жұмыстарын айқындайтын құжаттар тапсырылды. Жалпы 11 бағытты қамтитын материалдар жинақталды. Нәтижесінде, біздің мектебіміз осы марапатқа лайықты деп танылды. Әрине, бұл – біздің ұжымның жылдар бойы зор ізденіспен атқарған еңбегінің жемісі.

Бірінші кезекте, мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын заманауи жабдықтармен толықтырылып отыр.  Жаңа модификацияланған биология, химия, өлкетану кабинеттері ашылды. Сонымен қатар, робототехника үйірмесіне арналған кабинет жабдықталды. Осылайша сапалы әрі жан-жақты білім берудің нәтижесінде мектеп түлектері жыл сайын ҰБТ-дан жоғары балл жинап, 70 пайызы мемлекеттік грант иегері атануда. Ал бірқатар түлектеріміз – алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарының студенті. Бүгінде мектеп оқушыларының 90 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Одан бөлек, спорттық үйірмелер, ІТ үйірмесі, домбыра, вокал, хор үйірмелері, робототехника, дебат клубы жұмыс жасайды.

Мұғалімдер 3 ай сайын біліктілігін арттырып отырады. Қала, облыс, республика көлемінде ұйымдастырылған кәсіби байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанды. Атап айтар болсақ, республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасында бастауыш сынып мұғалімі Ж.Жұмаділдаева І орынды жеңіп алса, «Үздік педагог-2022 республикалық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Д.Сәдірбаева 918 900 теңге сыйақы иеленді. Ал математика пәнінің мұғалімі С.Құлжанова, химия пәні мұғалімі Ж.Оспанованың оқушылары халықаралық ғылыми сайыстар байқауының жеңімпазы атанып, «Жыл үздігі» номинациясын иеленді. Орыс тілі пәнінің мұғалімі М.Қалмақова орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларына арналған «Русский язык в Казахстане – новые горизонты» халықаралық байқауының жеңімпазы атанса, А.Жармахан – «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығының иегері. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Н.Жаңалықова, А.Жұмағали «Teacher’s Debut Cup» қалалық дебат ойындарының І орын, математика пәнінің мұғалімі Г.Манғұлова – «Үздік математика-2023» қалалық байқауының І орын иегері. Осындай білікті ұстаздардың еңбегінің нәтижесінде оқушыларымыз да жыл сайын халықаралық, республикалық байқаулар жеңімпазы атанып жүр.

Былтырғы оқу жылында 2 оқушы «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар» конкурсының жеңімпазы атанды. Осы конкурстың облыстық кезеңінде 17 оқушы І, ІІ, ІІІ орындарды жеңіп алса, 8 оқушы алғыс хатпен марапатталды. Ал 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеңінде 32 оқушы жүлделі орын иеленсе, 3 оқушы алғыс хатпен марапатталды. Басқа да байқаулар нәтижесінде, қалалық байқауларда 62 оқушы, облыстықтан 16 оқушы, республикалық байқауларда 2 оқушы жүлделі орындарға ие болып, мектебіміздің мерейін асыра түсті. Міне, осындай жетістіктер негізінде жоғарыда аталған конкурс жеңімпазы атанып, арнайы грант иелендік.

– Биылғы оқу жылында мектеп-лицей жанынан 375 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Бұған қарап, жыл сайын білім алушылар қатары артып келе жатқанын аңғарып отырмыз. Қазір мектепте қанша оқушы бар және неше ауысымда оқытылады?

– Мектебіміздің негізгі оқу  ғимаратының жобалық қуаты – 624 орын. Былтырғы оқу жылында 2308 оқушы білім алып, мектеп ІІІ ауысымда жұмыс жасаған болатын. Биыл бастауыш сыныптарға қосымша оқу ғимараты салынды. Қазір мектепте 2377 оқушы бар, яғни, екі ауысымда оқытылады. Бастауыш сыныптарға арналған жаңа оқу ғимаратын заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықтап, оқушыларымыз үшін барынша жайлы білім беру ортасын қалыптастыратын боламыз.

– «Жасыл мектеп» жобасы – өте құптарлық іс. Өйткені бұл бір жағынан, білім алушылар үшін эстетикалық тәрбие десек, екіншіден, әрбір баланың еңбекке деген құштарлығын оятқаны анық. Соның дәлелі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі  ұйымдастырған ұлттық конкурстың 1 дәрежелі дипломын жеңіп алдыңыздар. Бұл – әрине, өзге де білім ошақтарына үлгі боларлық бастама. Осы жұмыстар жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын қолдаумен қатар, экологиялық білім беруді дамыту мақсатында облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын ендіруге №101 мектеп-лицейі тірек білім беру ұйымы ретінде бекітілді. «Жасыл мектеп» жобасы педагог қызметкерлердің, оқушылардың белсенді қатысуымен, білім берудің экологиялық бағыты саласында оқыту моделін енгізуге арналған. Бүгінде жоба 7 бағытта жұмыс жасап келеді. Оның бірі – «Биоалуантүрлілік» бағыты бойынша мектеп жанынан салынған  жылыжайда көкөністер мен қарапайым өсімдіктер егіп, күтімге алдық. Ал «Жасыл сақшы» аталатын эковолонтерлер тобы гидропоника әдісі арқылы аквапоника құрылғысында көгалдық жасылдар егіп, еңбектің нәтижесін көрді. Сондай-ақ, осы жоба аясында оқушыларымыз тәжірибесін жетілдіріп, арнайы бидай сабан субстратында «Вешенка» саңырауқұлағын өсірді.

Тағы бір тамаша жаңалығымыз, «Энергияны үнемдеу» бағыты бойынша жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын ҒТ-400 маркалы механикалық қондырғы орнатылды. Қондырғының электрлік қуаты 400 ваттық, қалақшаларының айналдыру жылдамдығы 12-17 м/c, диаметрі 48 мм,  1200-1300 мм құрайды.  Қазір жұмыс жасап тұр.

Мектебімізде қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесі енгізілген. Бұл орайда «Қалдықтарға сараптама жасау» бағытында оны барынша азайтуға жұмыс жасаудамыз. Мысалы, мектептің әр бұрышында қалдықтарды бөліп тастауға арналған эко-жәшіктер орналастырылған. Нәтижесінде, ең көп жиналатын қалдық – қағаз, картондарды өңдеу арқылы жеңіл және тиімді биоотын жасалды. Осы жоба аясындағы «Дұрыс тамақтану» бағытына сай оқушылар мен ұстаздар қауымы пайдалы тағамдармен тамақтануға дағдыланса, «Салауатты өмір салтын сақтау» бағытында тұрақты түрде спорттық ойындар мен сайыстар ұйымдастырылып отырады.

Жоба аясында әрбір тәрбиеленушінің бойына экологиялық сананы қалыптастыру маңызды. Сондықтан тірек мектеп ретінде «Жасыл мектеп» жобасы бойынша тәжірибемізді бөлісіп, жоба ауқымын кеңейтіп, өзге білім ошақтарында да жүзеге асыруға үлес қосып келеміз. Атап айтсақ, жоба аясында өңірдегі «Сыр бөбегі» балабақшасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен арамызда тығыз сабақтастық орнады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Жасыл мектеп – жасыл колледж – жасыл университет моделі білім беруді экологиязациялауды дамыту жүйесі» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында мектебіміз ғылыми зерттеулер базасы. Жобаның маңыздылығы, «Жасыл мектеп: экологиялық бағытталған оқытудың инновациялық шешімдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Осындай ортақ мәселелерді талқылау барысында  Минск қаласындағы «Жасыл мектеп» жобасымен жүйелі айналысып, жоғары нәтижелерге жеткен 19 гимназиясымен, Белорусь мемлекеттік университетімен екіжақты меморандумға қол қойып, бірлесе жұмыс жасауға келісімге келдік. Бүгінде Беларусь елінің «Green office bspu» ресурстық орталығы мен «Green office schools» желісі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе халықаралық марафон үздіксіз ұйымдастырылып келеді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ботаника және фитоинтродукция институты Астана ботаникалық бағы филиалымен өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жаңа оқу жылында Жасыл мектебімізді флораның  сан алуан түрімен толықтыру жоспарлануда.

Жастардың әлеуметтік инновациялары мен кәсіпкерлігінің жаһандық бағдарламасы – UPSHIFT бойынша «Жасыл мектеп» жобасы аясындағы 3 жоба жеңіске жетті. Олар: «Best team» – экологиялық биосабын, «Stars» – Табиғи антисептик, «Эковолонтерлар» – экологиялық таза өнім жобасы.

Жалпы алғанда, «Жасыл мектеп» пилоттық жобасының облыстық тірек білім беру ұйымы – №101 мектеп-лицейі базасында ғылыми негізделіп, сараптамадан өткен жобалар облысымыздың басқа білім беру ұйымдарына таратылып отырады. Облыстағы «Жасыл мектептер» желісі қалыптастырылып, жетекші ғалымдардың қатысуымен мазмұндық толықтыру бағытында нысаналы жұмыстар жүргізіледі.

Осындай атқарылған жұмыстар нәтижесінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» ұлттық конкурсының І дәрежелі дипломымен Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі «Үздік экологиялық жоба» номинациясымен марапатталды. Бұл ұстаздар мен оқушылардың тынбай ізденісінің, табанды еңбегінің нәтижесі деп айтар едім.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ» деп, Абай айтқан «Толық адам» сипатына сай «Адал азамат» тұжырымдамасының да түпкі мәні осы екенін атап көрсетті. Жалпы ХХІ ғасырда, әлемдік даму үдерістері алға шыққан кезеңде жас ұрпақты ұлттық ұстында, отаншыл рухта тәрбиелеу үшін қандай қадамдар қажет?

– Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай қоғамның ұлттық- мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыруды көздейді. Соның негізінде жеке тұлғаның шығармашылық, рухани мүмкіндіктері ұлғаяды. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты. Президент айтып отырған мәселенің мән-жайы осында деп ойлаймын.

Қоғамда отбасы берекесі оның толыққандылығында десек, әке мен ана тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасарына да сенім мол. Жалпы мектеп табалдырығын аттаған баланың барлығын да ең алдымен ұлттық сана, отаншыл рухта тәрбиелеп, туған жерін, ана тілін, ата-баба өнегесін терең ұғындырып, жалпы тіршілікті, қоршаған ортаны сүюге баулығанымыз жөн. Қазіргі біздің алға қойған мақсатымыз осы.

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<