ТҮЛЕКТЕР ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ҚАДАМ БАСТЫ

456

0

Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында өткен «Соңғы қоңырау» салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Білім ошағының іргесі 1918 жылы мұсылман мектебі ретінде қаланған.
Әр дәуір талабына сай түрліше атауға ие болған білім ошағына 2003-2004 оқу жылында ҚР Үкіме­тінің қау­лысына сәйкес жазушы, дра­ма­тург, осы мектептің түлегі Қал­тай Мұхамеджановтың аты берілді.  
Ғасырлық тарихында білім нәрімен талайды сусындатқан бұл мектеп халық құрмет тұтқан тарландарды түлетті. Қоғам және мемлекет қайраткері, академик Шахмардан Есенов,  медицина саласының майталманы Тұрғанбай Маханов, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, ұлағатты ұстаз Сейтқасым Жүнісов осы білім ұясының түлектері.
Бүгінде білімнің қара шаңырағы саналатын мектепте 1 мың 221 шәкірт білім алып, 115 мұғалім осы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде.
Биылғы оқу жылында мектеп­тің 3 оқушысы халықаралық бай­қау жеңімпазы атанса, 5 оқушы рес­публикалық байқау бәйгесін алды.
Жиында биыл 100-түлектерін ұшырып отырған мектеп ұжымына қала басшысы өз тілегін жеткізді.
– Білімнің басты өлшемі – сапа. Осы талапқа сай қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арт­тыру, жаңа технологияларды ендіру бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда.
Жасалған қолдаулар мен ұстаздар қауымының тынымсыз еңбектері арқасында былтырғы оқу жылында 1 мың 739 мектеп бітіруші түлектің ішінен 581 оқушы мемлекеттік грант иегері атанып, 107 бала «Алтын белгі», 102 түлек «Үздік аттестат» иегерлері атанды.
Мұнан бөлек, ең үлкен жетістігіміздің бірі – 2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен Қызыл­орда қаласынан 346 бала Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда.
Биыл осы жастарымыздың ішінен 64 түлек оқуын аяқтап, алған білімі мен жинаған тәжірибесін туған жерді түлетуге жұмсап, елдің ертеңі үшін қызмет ететін болады.
Қазіргі жаңалығы желмен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен талас­қан заңғар заманның басты бірегей талабы білім жолындағы тынымсыз талпыныс пен үздіксіз ізденіс екендігін есте сақтаңыздар.
Өңіріміздің абыройын асқақ­татар өрен ұрпақ ретінде танылып, биіктен көрініңіздер, – деген қала әкімі ұстаздар қауымына да зор алғысын жеткізді.
Салтанатты шара соңында қала басшысы мектеп-гимназияның тарихынан сыр шертер жаңа мұражай жұмысымен танысты.
М.АҚЫН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<