ТӘЛІМІ АСЫЛ ПАРАСАТ ИЕСІ

516

0

Қазақ халқының «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөзі бар. Олай болса, қай дәуірде болсын жастарымыздың білімді, саналы болып шығуы үшін мектептен бастап бүкіл білім беретін оқу орындарының мұғалімдер ұжымына үлкен міндеттер жүктелері анық. Білім мен тәрбие беру – қиын да қастерлі еңбек. Бұл жолда талмай, тынымсыз еңбектеніп, шығармашылық ізденуді, үйренуді асыл мұратына, биік парызына айналдырғандар ғана мақсатына жете алатыны сөзсіз. Шебер мұғалімдер ғана зеректік пен зерделікті сомдап, рухани құндылықтарды, өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қабілетті, мәдениетті, өнегелі, заман талабын қанағаттандыра алатын жағдайда ғана халқының сеніміне ие бола алады.

Осындай ұстаз дәрежесіне талай шәкірттеріне адалдық пен адамдық жолын танытқан, жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеген, тағылымды ойларымен, ерен еңбегімен танылып, бүгінде сексеннің сыйлы төріне шыққан Ұлтай Балмағанбетқызы әбден лайықты тұлға.

Саналы ғұмырының қырық жылға жуығын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, қазақ қыздарын ұлттық тәрбие қайнарынан нәр ала отырып, отбасының ұйытқысы болуға баулыған ұстаз.

Ұлтай Балмағанбетқызы 1938 жылы 15 маусым күні Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүние есігін ашқан. Аққұм ауылындағы мектепті үздік бітіреді. Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін ойдағыдай аяқтаған соң, туған ауылына ұстаз болып оралады. Сол алғашқы ұстаздық жылдарында айтқан: «Бәрінен де өз ауылыңда ұстаздық ету ауыр екен, айналамдағы адамдардың бәрі таныс. Көбісі туыс жандар. Мектептегі мұғалімдер кеше ғана алдынан шыққан, тәрбиесін көрген апай, ағайларым. Өзім химия, биология пәндерінен сабақ беретін төрт-бес сыныпта жүзден аса бала оқиды. Олардың қай үйдің, кімнің балалары екеніне дейін білемін. Соларға қарап тұтас ауыл алдында сабақ бергендей боламын. Бәрі де «Балмағанбеттің қызы қалай жұмыс істеп жүр екен» деп бақылап, бағып отырғандай көрінеді. Ең алдымен ел алдында ата-ана, ағайын-туыс абыройын төмендетпеуді ойладым. Сол үшін де тынбай ізденіп, бұрынғы ұстаздарымнан жалықпай үйренуіме тура келді» деген сөздерінен жас маманның алғашқы тебіреністерін, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін, жүрегін тебіренткен қаншама шынайы сезімдері мен үлкен жауапкершілік жүгін сезінуін танимыз. Қазіргі мұғалімдер қауымы да осындай жауапкершілік жүгін сезініп, яғни, «бүкіл ел алдында сабақ өтіп отырмын» деп сезінетіндей болса, онда қоғамдағы көп талқыланып жүрген мұғалім мәртебесі де әрдайым биік болар еді деп ойлаймын.

1960 жылдан 1980 жылға дейін №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, №11 мектепте, №1  қазіргі Қ.Мұхамеджанов атындағы мектептерде химия пәнінен сабақ берді, мектеп директорының орынбасары болды. 1980 жылдан 1996 жылы құрметті зейнетке шыққанға дейін М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде еңбек етті. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, облыстық партия комитетінің мүшесі, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды.

Алдыңғы буын өкілдерінен үнемі үйренуден, тәжірибелі мамандардан тәлім алудан жалықпаған ізденімпаз жан аз уақытта өзін кәсіби маман ретінде танытып үлгерді. Әр сабағына мұқият дайындалып, өзі оқытатын химия, биология пәндерінен лабораториялық жұмыстар, түрлі тәжірибелер жасауға көп көңіл бөлді. Биология кабинетінде түрлі өсімдіктер өсіріп, оны шағын жасыл бақ бөлмесіне айналдыра білуі – өз ісінің майталманы екендігінің бір ғана дәлелі.

Ұзақ жылдар бойы атқарушы органдарда, ағарту саласында басшылық қызметте болған, терең білімі, ерекше инабаттылығымен көпшілік құрметіне бөленген белгілі азамат Сейітқасым Баяхметұлының сүйікті жары, сенімді серігі болды. Айналасына білім беруді өмірінің өзегіне айналдырған зиялы жандар ретінде танылды.

Батыр қыз атындағы киелі білім шаңырағының өсіп-өркендеуіне, сонау педагогикалық қыздар училищесі кезінен бастап бүгінгі педагогикалық жоғары колледж атануында білім саласындағы өнегелі ісі үшін «ҚазақССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, мемлекет тарапынан марапаттар иеленді.

Кейіпкеріміз өзінің қырық жылдай ұстаздық қызметінде мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Олардың санасында білім шырағын жағып, жүректерінде ізгілік нұрын ұялатты, өміріне қажетті білім берді. Шәкірттерінің арасында ел мақтанышына айналып, түрлі салада өзінің еңбегімен танылып жүргендері қаншама?! Олардың арасында ғылым докторы, профессор, ғылым кандидаты, доценттер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, аудан, шаруашылық, мектеп басшылары да бар. Қай шәкірт болса да, өздеріне тәлім-тәрбие берген, бойына жиған рухани қазынасымен бөліскен, ардақты да аяулы ұстаздарын әрдайым еске алып жүреді. Ұстазынан алған ізгі де асыл қасиеттерін келесі ұрпақ бойына дарытуға тырысса, көрген өнегесі мен ғибратты істерінің жалғасы емес пе?! Ал ұстазға бұдан асқан бақыттың қажеті де жоқ шығар. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел ертеңін кемел біліммен тәрбиелеп шығару ерен еңбекті талап ететіні белгілі. Жүректегі жылуын, бойындағы бар мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын шәкіртінің бойына дарытуды ойлаған ұлағатты ұстазға мағыналы да ғибратты ғұмыр тілейміз. Жақсылық пен ізгілікке толы еңбек және өмір жолыңыз білім мен тәрбиені қатар ұстаған білім ордасында тәлім алып жүрген жастарға, ұстаздар қауымына әрқашанда үлгі болмақ.

Роза ШЕРМАХАНОВА,

М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі 

директорының орынбасары міндетін атқарушы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<