ҰБТ 22 маусымда басталады

1197

0

Әйгерім Ерсін – биылғы түлектердің бірі. Ол Қызылорда қаласында орналасқан №4 дарынды балалар мектеп-интернатын бітірді. 11 жыл бойы жиған білім көрсеткішін дәлелдейтін уақыт таяп келеді. Басқа талапкерлер сияқты Әйгерімнің де көңілінде қобалжу бар. Әйтсе де, үміт алдамайтынына сенімді.


– Төртінші пән ретінде география мен математиканы таңдап отырмын. Бұйырса, қаржы немесе маркетинг саласында еңбек еткім келеді. Сол үшін көп оқып, көп білу керегін түсінем. 8-сыныптан бастап мұғалімдеріміз таңдаулы пәндерге бейімдеді. Ай сайын сынама тест тапсырдық. Нәтиже жаман болған жоқ. Алдағы сынақта осы деңгейден түспесек екен, – дейді кейіпкеріміз.


Әйгерім Ұлттық бірыңғай тестілеуді 27 маусым күні қаладағы №2 «Мұрагер» мектебінің базасында тапсырады. Облыста жауапты науқанға осындай 9 пункт дайын. Оларда 6020 мектеп бітірушінің 5172-сі сынақтан өтуге ниетті.


– ҰБТ 22 маусым күні Шиелі ауданында басталып, 1 шілде күні Қызылорда қаласында қоры­тындыланады. Ол үшін Сырдария ауданы мен Байқоңыр қала­сынан басқа жердің бәрінде тес­тілеу пункттері жабдықталды. Сыр­дариялық талапкерлер облыс орталығына, байқоңырлық бітіру­шілер Ақай елді мекеніне барады. Түлектерді тасымал көлігі, жатын орын және ас-ауқатпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 15,9 млн теңге бөлінді, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Берік Жәнібеков.


Карантин болған соң биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгерек. Ерек­шелігі – санитарлық-эпи­де­мио­­ло­гиялық талаптар қатаң сақ­та­луы тиіс. Түлектер әуелі зарар­­сыз­дандыру туннелінен өтіп, қолын, аяқ киімдерін тазартады. Мамандар кіреберісте дене қызуын бақылаған соң тест тапсыруға медициналық бетпердемен кіре­ді. Әлеуметтік ара­қашықтық сақ­талады. Бұл, ең алдымен, тү­лектердің қауіпсіздігі үшін қажет.


Адамдар көп шоғырланбас үшін ата-аналар ҰБТ өтетін ғимаратқа кірмейді. Оның орнына тестілеу процесін үйде отырып-ақ онлайн трансляция арқылы бақылай алады. Ал «Digital Agent» қосымшасы кез келген адам үшін қолжетімді. ҰБТ өткізу ережесі бұзылған жағдайда мобильді қосымшаның көмегімен фото-бейнежазбаны тікелей жібере алады. 1414 немесе 1424 телефон нөмірлеріне хабарласса да болады. Одан әрі тиісті шара қолданылады.


Облыстағы тестілеу пункт­терінің 2-уі – Қармақшыда. Оларда 563 мектеп бітірушінің 511-і сынақ тапсырмақ.
– Бірі Жосалыдағы №250, екіншісі Ақайдағы №99 мектептің базасында орналасқан. Ақайдағыға жергілікті және Байқоңырдан, Төретамнан түлектер барады. Пункттер барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілді. Тамақ, жатын орын, тасымал мәселесі түгел дерлік шешілді. Бір сөзбен айтқанда, балаларды қабылдауға дайын, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Назен Баһадүрова.


Назерке САНИЯЗОВА,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<