ВАУЧЕРЛІК ТӘСІЛ: Халыққа қай жағынан тиімді?

2025

3

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға дейін алты жасқа толмаған балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамтуды тапсырды. Алайда, бұл мәселе мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейтінін, сондықтан осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін енгізудің қажет екенін айтты. Қаржыландырудың ваучерлік тәсілі арқылы ата-аналар кез келген балабақша немесе мектепті таңдап, мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана алады.

Ваучер

дегеніміз не?

Осыны түсіндіруге тыры­сайық. Ваучер бұл – ха­лықаралық тәжі­рибе. Ай­талық, алғашқы рет Ұлы­британияда “білім алуға жәрдемдесу схемасы” деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема жұмыс істейді. Жобаның мақсаты – кедей отбасынан шыққан қабілетті, дарынды  оқушылардың са­палы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау. Дәлірек айтсақ, олардың білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде оқуы үшін төленетін ақысын мемлекет көтереді. Бұл тәжірибе кейіннен кәсіптік білім беруде кеңінен қолданылған. Сол сияқты, Чили, Колумбия елдерінде, АҚШ-тың бірқатар штатында ваучерлік бағ­дарлама қолданылады.  Белгілі болғандай, бұл тәсілді енгізу – табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың же­кеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік берумен қатар, мемлекеттік мектептерде бала санының көптігінен сы­ныптардың  толып қалуы, яғни орын жетіспеушілігі мәселесін де шешкен.

Айта кетейік, бүгінде облыстағы бірнеше мектептерде осындай мәсе­ле бар. Мысалы, қаладағы үш тілде оқытатын мамандандырылған сынып­тары бар дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде бір жылдары 30-дан астам параллель сынып қабыл­­данған болатын. Мұның бір себебі, сол аумақта халықтың тығыз орналасуы болса, екіншіден, білім беру сапасының артықшылығы, үшіншіден, әртүрлі себептерге байланысты ата-ана­ның таң­дауы. Ал егер ваучерлік тәсілді енгізіп, әр баланың қолжетімді әрі сапалы білім алуына мемлекет қолдау көрсеткен жағдайда бұл мәселенің біршама шешімін табары анық.

Тәсілдің тиімділігі

Мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ол қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сондай-ақ, оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық немесе бір бөлігін төлеу міндетін алады. Түсінуімізше, бұл жұмыстар мемлекеттік орган, жекеменшіктегі білім беруші ұйым және ата-ана арасындағы өзара келісім-шарттар арқылы реттеліп отырады. Ең бастысы, білім беру саласында ваучерлік тәсілді пайдалану арқылы ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге, білім беру жүйесінде нарық­тық қатынасты дамытуға, қызмет көр­сетуде бәсекелестікті арттыруға, қар­жының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Балабақша

жетіспеушілігі

болмайды

Жоғарыда айтып өттік, Мемлекет басшысының Жолдауында  Білім және ғылым министрлігіне 2025 жылға дейін алты жасқа толмаған балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамту міндеті жүктелді. Бұған байланысты  министрлік тарапынан мектепке дейінгі білім берудің бүгінгі жағдайына шұғыл талдау жасалды.

Айталық, елімізде 10179 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 4450-і – жекеменшік балабақша. Осы орайда 906800 бала (78,7%) мектепке дейінгі білім берумен қамтылған болса, олардың 40,6 проценті жеке­меншік балабақшаға барады. Яғни, мек­тепке дейінгі білім беру қызме­тінің тең жартысынан астамын жеке бала­бақшалар қамтамасыз етіп отыр деген сөз. Осыны назарға алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасына сәйкес алты жасқа дейінгі балаларды түгел бала­бақшамен қамтуда біріншіден – жеке­меншік балабақшалардың үлесін арт­тыру, екіншіден –  ваучерлік меха­низм арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Ми­нистрдің айтуынша, ваучер­лік механизм арқылы ата-ана өзіне қолай­лы балабақшаны таңдайды. Сондай-ақ, бүгінде білім басқармалары мен бөлімдері мемлекеттік тапсырыс ала­тын балабақшаны конкурс арқылы анықтап отырса, ата-анаға таңдау еркі беріледі. Нәтижесінде, салада бә­секелестік орын алып, білім мен тәрбие беру қызметінің сапасы артады.

Біліктілікті

арттырудың

жаңа жүйесі

 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қыз­мет­керлердің біліктілігін арттыру инс­титутының директоры Б.Елеусінов «Педагогтардың біліктілігін артты­руда ваучерлік-модульдік жүйесін қол­данудың ерекшеліктері» тақырыбын ұжымның қатысуымен талқылады. Онда Б.Елеусінов Ресей Федерациясы Самара облысындағы ваучер негі­зін­дегі біліктілікті арттырудың ерек­ше­ліктеріне тоқталып өтті.

Сол сияқты, шет елдерде ваучер не­гізіндегі біліктілікті арттыру тәжірибесі мен зерттеу нәтижелеріне зер салып, Қазақстанда осы жүйені енгізудің ерек­шеліктері жайлы ойын ортаға салды. Атап айтқанда, біліктілікті арттыру курстарының мазмұнын әзірлеу, авто­маттандырылған «Кадрлар» ақпа­раттық жүйесі және ваучерлерді енгіз­ген жағдайда курстарды ұйымдастыру ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Осы орайда халықаралық тәжірибе – ваучерлік-модульдік жүйесін терең тал­дай отырып, артық-кем тұсын түзе­тіп, қолданысқа енгізу – бүгінгі уақыт талабы екенін назарға ұсынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<