«Жайлы мектеп». Ол қандай мектеп?

8166

0

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

Көп талқыланғанмен, шешілген жоқ

Бұрын да «Жүз мектеп, жүз аурухана» сияқты мемлекеттік бағдарлама  жүзеге асқан. Одан бөлек те мектеп құрылыстары салынып жатты. Бұл жобаның бұрынғылардан ерекшелігі неде? Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің әлеуметтік желідегі парақшасындағы «Жоба өзінің ауқымы мен өзектілігі жағынан ерекше. Сондай-ақ оған ұқсас ешқандай жоба жоқ екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, ол толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылған» деген жазбасы ұлттық жоба туралы індетіп зерттеуге ынталандырды.

Білім саласы осы жылдар ішінде бірнеше реформаны бастан өткерді. Оның арасында табысты жүзеге асқандары да, маңдайы тасқа тигендері де бар. Демографияның, ауылдан қалаға қоныс аударушылар  беталысының жіті зерттелмеуі кесірінен үш ауысымдық мектептер мәселесі ушығып кетті. Бұл туралы Президент  Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында:    

– Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деді.

Былтыр елде  250-ден астам мектеп іске қосылған. Биыл тағы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланыпты. Осыған қарамастан мәселе әлі өткір күйінде қалып отыр.

Министрдің жазбасына қарағанда, кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн балаға өскен. Бүгінде бала саны 3,7 млн-ға жетті. Оған урбанизация, көші-қон, мектеп ғимараттарының тозуын қосыңыз.  Әсіресе, қалаларда қосымша орын қажеттілігі туындады.

Сондықтан ұлттық жоба қолға алынып, ол бойынша 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа, заманауи, жайлы мектептер салу жоспары әзірленді.

Алдыңғылардан айырмашылығын айтсақ…

«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде?

Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.

Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.

Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.

Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

Жобаны бастауға дайын ба?

Жоғарыда аталған Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ны мектеп құрылысы бойынша бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы Үкіметтің ұсынысын қолдады.

Құрылысы алдағы жылы басталатын мектептердің жергілікті атқарушы органдар және Оқу-ағарту министрлігі айқындаған учаскелері бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ учаскенің әлеуетін зерттейді және осы аумақтарды мектеп құрылысына пайдалану ерекшелігін талдайды. Министрлікпен бірлесіп жер учаскелерін құрылысты бастау үшін қажетті сумен жабдықтауға, су бұруға, электрмен жабдықтауға қосу мүмкіндіктері қаралуда.

 Бес климаттық аймақ үшін мектеп жобаларының жеті түрі бойынша (300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орын) форэскиздер (тұжырымдамалар) әзірленді және министрлікке келісуге жіберілді.

Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді және еліміздің кез келген азаматына мектеп құрылысының барысын онлайн режимде қадағалауға, салынып жатқан мектеп бойынша қызықтыратын құжаттармен танысуға мүмкіндік береді. Сондықтан жобаны іске асыру мониторингі бойынша ақпараттық жүйе іріктелуде.

Мектептерді жабдықтауға арналған оқу, корпустық және жұмсақ жиһаздардың алдын ала тізімі анықталды. «Атамекен» ҰКП және ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы арқылы отандық тауар өндірушілерді тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Біздің өңірден бір ақпар. Облыстық білім басқармасынан білгеніміздей, Сыр өңірінде 15100 орынға лайықталған 21 мектеп салынады. Алдағы жылы 10 мектептің құрылысы басталады да, олар 2024 жылы пайдалануға берілмек. Ал 2024 жылы басталған 11 мектеп 2025 жылы оқушылардың игілігіне айналады. 

Жайлы мектеп аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы, қауіпсіз болатын сыңайлы. Ұлттық жоба деп айдар тағылған бастама баянды болғай!

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<