Жаңа оқу жылына жан-жақты әзірлік

1133

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова БАҚ өкілдеріне арнап жаңа оқу жылына дайындық шаралары бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Аймақ басшысы өңірдегі білім беру мекемелерінің оқу жылына дайындығы мен қашықтан оқыту форматына қатысты қолға алынып отырған шаралар жөнінде баяндады.

Айталық, биыл об­лыстағы 293 мектепте 168 мыңнан аса оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 789 бала қа­былданады. Өңірдегі оқу­шылардың 83%-і, яғни 163 491 оқушы бірінші тоқсанды қашықтан оқумен бастайды. Ал, аудан орталығынан шалғай орналасқан және шағын жинақталған 50 мектепте 4986 оқушы барлық санитарлық талаптарға сай штаттық режимде оқитын болады.

Облыс басшысы қа­шықтан оқыту кезінде мектеп оқу­шылары мен ұстаздарды элек­тронды құ­рылғылармен қам­тамасыз ету мәселесі ше­шімін тап­қанын атап өтті.

– Жаңа оқу жылы қар­саңында оқушылардың ком­­пьютер, планшет, ноут­бук, смартфондармен қам­­тылуына талдау жа­са­лып, жетіспейтін құ­рал­дар бірінші кезекте, мектеп балансындағы техникаларды беру арқылы, екінші, жергілікті жерде демеушілердің қолдауымен шешімін тауып отыр. Бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен 22 мыңнан аса компьютерлік техниканы сатып алуға 3,5 млрд теңге қаржы бөлінуде. Сонымен бірге, жергілікті бюджет есебінен 2635 планшет алуға 176 млн теңге бөлінуде, – деді облыс әкімі.

Оқу жылының алғашқы тоқсаны қашықтан оқыту форматында өтуіне байланысты  оқушылармен қа­тар ұстаздарға да электронды құрылғылар табысталатын болады. Аса қажеттілігіне қарай, мектеп балансындағы компьютерлерден бөлек, 306 педагогқа ноутбук беріледі.

Биылғы оқу жылында мектеп құрылыстары да қарқынды жүруде. Облыс әкімі бұл мәселеге де арнайы тоқталды.

Нақты айтар болсақ, қазіргі таңда өңірде 8 мектептің құрылысы жүр­гізілуде. Осы жылы Қызыл­орда қала­сынан және Жалағаш ауданынан 2 мектеп ғимараты пайдалануға берілмек. Сон­дай-ақ, 4 мектептің құры­лысы жүр­іп жатыр. Оның ішінде Қы­зылорда қаласынан 600 орындық, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептердің құры­лысы жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Өңір басшысы журналистер тарапынан қо­йылған сауалдарға жауап берді. Онда оқушылардың оқулықтармен қамтамасыз етілуі,   бастауыш сыныптарды оқыту форматы, мектептерде балалардың қауіпсіздігі, яғни, бейнекамералар орнату, балалар әжетханасын мектеп ішіне кіргізу жайында бірқатар мәселелер айтылды.

– Бала қауіпсіздігін сақтауға барлығымыз мін­деттіміз. Бұл мақсатта мектептерге жаңа талаптарға сай сапалы бейнекамералар орнату үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда бейнекамералар 70 мектепке орнатылды. Әрине, бұл бірден ше­шілетін мәселе емес, әрі көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады. Сонымен бірге, бүгінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салааралық арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Бұл ата-аналармен, оқушылармен тығыз байланыса отырып, жүйелі жұмыс жүргізуге жол ашады, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында аймақ бас­шысы қазіргі пандемия жағ­дайында балалардың қауіп­сіздігі үшін ата-аналарды үй жағдайында сақтық шараларына барынша мән беруге шақырды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<