«Janarym AI» қандай қосымша?

292

0

Бүгінде бизнес бастауда, әсіресе жастардың кәсіпкерлікке қадам басуында «Startup» сөзі жиі айтылады. Бұл − бәсекелік қабілет пен табысты арттыруға арналған жаңа жоба. Елімізде стартап нарығы 2018 жылдан белсенді түрде дами бастады. Қазіргі күні стартап жобалар ұлттық экономикаға белсенді енгізілуде және халықаралық конкурстарда алдыңғы қатарлы орындарда. Бұл тұрғыда біздің өңірде де өз жобасын дайындап, біліктілігімен сүйсінтіп жүрген дарынды жастар жетерлік. Солардың бірі – Азамат Ибрагим. Ол Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйінде «Инклюзивті ағылшын тілі» үйірмесінің жетекшісі.

Жас та болса өзінің бизнес идеясымен ерекшеленген Азаматтың зағип жандарға арнап жасаған «Janarym AI» мобильді қосымшасы «Smart city Kyzylorda» облыстық IT жобалар хакатонында «Әзірлеу бағыты» бойынша 3-жүлделі орынға ие болды. Жобамен танысу барысында жас талантпен әңгімелескен едік.

− Азамат, стартап жобаға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Инклюзивті ағылшын тілінің ерекшелігі не?

− Жасөспірім кезімнен әлеуметтік және қоғамдағы шешімін таппаған мәселелерді талдауға деген қызығушылығым мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын мазмұнды зерттеуге итермеледі. Дәл осы қызығушылығым инкубациялық стартап жобасына әкелді. Инклюзивті ағылшын тілінде оқыту дағдыларым мен әлеуметтік мәселелерді шешуге деген ұмтылысым мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға және оларды әлеуметтендіруге бағытталған инновациялық білім беру шешімдерін әзірлеуге негіз бола алды деп ойлаймын.

Инклюзивті ағылшын тілі мұғалімі болуға талаптандым. Ағылшын тілі −  жай  тіл ғана емес, бізді әлемдік қауымдастықта біріктіретін қарым-қатынас құралы. Дегенмен, оқушының білім алу мүмкіндігі бірдей емес екенін түсініп, барлық білім алушыларға қолжетімді оқу ортасын жасағым келді. Инклюзивті ағылшын тілі мұғалімі ретінде грамматикалық ережелер мен лексиканы жеткізіп қана қоймай, күшке айналатын білім ортасын құруға тырысамын. Мен үшін әрбір оқушының өзіне бағытталған қолдауды сезінуі және ағылшын тілі олардың әлеуетін ашу құралына айналуы аса маңызды.

− Сіздің дайындаған жобаңыз өте ерекше. Жоба іске қосылса, зағип жандардың қажеттіліктерін барынша өтер еді…

− Расымен де, «Janarym AI» − зағип жандарға арналған жасанды интеллект қамтылған мобильді қосымша. Бұл қосымша волонтерге видеоқоңырау, ақылды камера, инклюзия академиясы, инклюзивті қоғамдастық сынды бірегей функцияларға ие болады. Үлкен волонтерлік жүйені қалыптастыру жолында, еріктілерді ынталандыру мақсатында бонустық жүйе де ойластырылған. Қазір жобаның интерактивті, сандық прототипі жасалған. Көп ұзамай осы жобамның техникалық әзірлеу сатысы сәтті іске асып, жарық көреді деген сенімдемін. Жоба дайын болса, қоғамда ерекше жандар үшін қолайлы әлеуметтік орта пайда болып, инклюзивті, цифрлық Қызылорданың бейнесіне айналады деген сенімім мол. Айта кету керек, бұл жобаға өңірге келген іссапарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те жоғары бағасын берді.

− Мобильді қосымшаның басты артықшылығын тарқатып айтсаңыз…

− Ең бірінші жоғары жылдамдықты интернет, GPS,  камерамен жабдықталған смартфон және «Jañarym AI» қосымшасы арқылы зағиптар күнделікті тұрмыста кездескен тосқауылдар мен қиындықтарды оп-оңай шеше алатын болады. Мысалы, жолда адасқан зағип жан қосымшаны ашып, камераны айналаға бағдарлайды, ал оған енгізілген жасанды интеллект алдындағы тосқауылдар мен жол жүру белгілерін анықтап, қолданушыға ауызша хабарлайды. «Карта-навигатор» цифрлық сервисі жол сілтейді. Сонымен қатар қосымша түрлі мәтіндерді оқып, аударуға да қауқарлы. Ең үлкен артықшылықтарының бірі – волонтерге қоңырау функциясы. Аталған функция арқылы зағип жан мобильді қосымша платформасына енген волонтерлерге видеоқоңырау шалып, олардың көмегіне жүгіне алады. Бұл дегеніміз, бағдарламада зағип жандардың қауіпсіздігі  басты  назарда екенін көрсетеді. Демек, алдағы уақытта мобильді қосымша еліміздегі зағиптарға әлеуметтік-тұрмыстық-цифрлық көмек көрсететін үлкен волонтерлік желіге айналатыны сөзсіз. 

− Әңгіме барысында қосымшадағы бірегей функция деп  «Инклюзия академиясын» атап өттіңіз. Бұл платформа қандай қызмет атқарады?

− Иә, «Инклюзия академиясы» деп аталатын білім платформасы  арқылы еріктілер білімдерін шыңдап, ерекше жанмен сәтті қарым-қатынас құру дағдыларын игереді. Түрлі онлайн-офлайн семинар, тренингтерге қатысып, өздерін дамытады. Бағдарламаның әлемдік өзге бәсекелестерден ұшқыр тұсы да осы − қауіпсіздік мақсатында қабылданған Инклюзия академиясының шешімі. Себебі жобаның әлемдік өзге бәсекелестерінде мұндай сын-тегеуріндер ескерілмеген. Басқа әлеуметтік жобадан тағы бір артықшылығы − еріктілерді ынталандыру, шабыттандыру мақсатында енгізілетін бонустық жүйе. Еріктілер қызметіндегі әрбір минуты мен Инклюзия академиясындағы әр сертификатын бонусқа айналдырып, қосымшадағы онлайн дүкеннен мерчтер мен түрлі құнды техникалар алуына мүмкіндік береді.

− Әңгімеңізге рақмет!

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<