Ән көгінде жарқыраған жұлдыздар

1584

0

Қызылордада композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, облыстың Құрметті азаматы Рамазан Таймановтың 70 жас мерейтойына орай автор шығармашылығын насихаттау мақсатында І республикалық «Сыр ана» әншілер конкурсы ұйымдастырылды.

Конкурстың тұсаукесерінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова сөз сөйлеп, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Конкурста Жаңаөзен, Көкшетау, Семей, Ақтөбе, Байқоңыр, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарынан және өңірден іріктелген 17 талапкер өзара бақ сынасты. Байқау ережесіне сәйкес талапкерлер алғашқы кезеңде Рамазан Таймановтың әндерін, екінші кезеңде еркін тақырыптағы конкурстық әндерді шырқады.

Қатысушыларға Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серік Әбдінұров, мерейтой иесі Рамазан Тайманов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, продюсер Сәрсен Әбдрашева, Мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы төрелік етті.

Конкурс қорытындысы мен мерейтой иесінің шығармашылық кеші Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық-музыкалық драма театрында өтті. Жүлделі ІІІ орын ақтөбелік Әкімжан Шәкіров, Қостанай облысынан келген «Шабыт» тобы мен алматылық Назым Мәуленқызына бұйырды. ІІ орынға қызылордалық Арайлым Маханбетжанова мен көкшетаулық Ақтоты Абдрахманова лайық деп танылды. Жүзден жүйрік шыққан байқоңырлық Замира Көлімбетова І орынды иемденсе, Қызылорда қаласының атынан өнер көрсеткен Айсұлу Әбді бас жүлдемен марапатталды.

– Кейінгі жылдары өнердің қай саласынан да, қызылордалық жастардың жеңіске толы, жұлдызды сәттерін көп байқаймын, көргенде шынымен қуанамын. Айтыс, театр, ән мен жыр байқауларынан Сыр жастары топ жарып қайтады.

Өнер адамы үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы мен көрерменнің жылы сөзі, қолдауы. Оған аймақ басшысының қолдауы қосылғанда, тың жаңалықтар дүниеге келері анық. Сыр өңірінде мәдениет саласында оң өзгерістер көп. «Руханият жылы» деп жарияланған жыл басынан бері жаңа жобалар іске асырылуда. Осы орайда жүрегі өнер деп соққан жалынды жастарға сәттілік тілей отырып, мәдениет саласына қолдау көрсеткен аймақ басшысына, мәдениет басқармасына алғысымды айтамын, – деді мерейтой иесі.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<