АУЫЛҒА АЖАР БЕРГЕН ҚОЖАЛЫҚ

187

0

Бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді өркендетуге басымдық беріліп отыр. Осыған орай ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, кешенді даму үрдістерін жүргізуде шаруашылық құры­лымдарының тигізер ықпалы зор. 

Сырдария ауданында тұрмыс-тіршілігі түзу Ақжарма атты тіректі ауыл бар.  Осындағы ірі шаруа­шылықтың бірі – «Ақжарма және К» қожалығы мал етін және егін шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысады. Шаруашылықта күріш ақтау, сүт өндіру, мал бордақылау алаңы, модульдік мал сою бекеті және ет өңдеу жобалары бар. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан қожалыққа «Ақжарма агро» және «Ақжарма Инвест» агроөнеркәсіптік кооперативі кіреді.

Шаруасының шырайы келіскен «Ақжарма және К» шаруа қожалығында 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Еңбекке қабілетті жастар жұмысқа тартылып, ауылда жұмыссыздық түйіні тарқатылып келеді.

Елді мекеннің ел аузында жүрерлік айтарлықтай табысқа жетуіне, әлеуетін арттыруға арналған жобаларды қолға алған азамат Қайрат Нұрсейітов. Жұртшылыққа үлгі боларлық игі істерді атқарып жүрген ол «Туған жер» жобасы аясында ауылдық пошта ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Өз бастамасымен «Әлеуметтік дүкен» ашып, көпбалалы, жалғызбасты, аз қамтамасыз етілген отбасыларға арзан бағада азық-түлік үлестіруде. Жасы 70-тен асқан ауыл қарияларына арнап тегін қызмет көрсететін қоғамдық монша салып, ел игілігіне берді. Жерлестер мақтанышына айналған азаматтың жасөспірімдерге деген қамқорлығы бір төбе. Ол ауылдағы №130 А.Құнанбаев атындағы орта мектептің 30-дан астам оқушысына тынығу лагерьлеріне тегін жолдама сыйлауды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, озат оқушылардың облыстық, республикалық байқауларына баруына қаржылық қолдау көрсетіп келеді. «Мектепке жол» акциясына, ауыл мешітінің жөндеуден өтуіне, абаттандырылуына да үлес қосты. Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтетін мүшәйраларға, байқауларға, жарыстарға қолдау көрсетіп келеді. Мұның бәрі Қайрат Нұрсейітовтің елжандылығын, туған ауылына деген шынайы сүйіспеншілігін білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, жанымызда жүрген жақсы адам – өз замандастарына үлгілі азамат.

Ауыл – қазақтың қазынасы. Егін және мал шаруа­шылығымен айналысатын «Ақжарма және К» ШҚ алдымен күріш ақтау зауытын салды. Бұл жер жыртып, дән сепкен ауыл диқандарының игілігіне жарап тұр. 40 адам жұмыспен қамтылған. Жуырда Өскеменнің Үлбі зауытынан сүт өндіру қондырғысын әкеліп іске қосты. Сүт пастерлейтін құрылғының ауыл жұртына берері мол болмақ. Қолда бар мүйізді ірі қара малдан сүт сауылып, күнделікті алынатын сүтті өңдеу үшін құны 10 млн теңге болатын қондырғы орнатты. Жоспар бойынша жаңадан 7 адам жұмысқа тартылды.

Қожалықтың бас технологы Қуат Шәкизадаев басты байлық бірлікте, еңбекте екенін айтады.

– Зауыт сүтті қабылдап, фильтрден өткізеді, сал­қын­датады, пастеризатор арқылы қайнатып, қаймаққа немесе пастерленген айран, сүтке айналдырады.  Қаймақ 20 проценттік, ал айран-сүттің майлылығы 2,8 процент, – дейді бас технолог.

Инвестициялық жобаның екіншісі – мал сою бекеті. Онда жылына 50 тоннадан астам ет өндірілмек. Құрылғы толық автоматтандырылған. Шикі еттен бөлек мұнда жартылай фабрикатталған ет өнімдері, фарш, қаптамадағы өкпе-бауыр, жылқы-сиырдың ысталған еті, қазы-қарта, жал-жая, шұжық өндіріледі. «Жалпы 18 түрлі ет өнімі шығарылады. Күніне бес ірі қараға дейін сойылып, жіліктеледі. Отандық «Казтехпромсервис» ЖШС-ның мал сою пункті лабораториялармен қамтылған. Алдағы уақытта наубайхана пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, төрт мың жұмыртқа басатын инкубаторлық цех салынуда. Осы арқылы тамызға дейін қаз, үйрек балапандарын шығаруды көздеп отырмыз. Қысқа қарай етпен бірге тауық етін де сатылымға шығаратын боламыз. Әртараптандыру мақсатында көпсалалы шаруашылықта 200-ден астам мал бордақылауда тұр, ал 70-тен астам сиыр күнделікті сауылады, – дейді инженер-технолог Қуат Шәкизадаұлы.

Шаруа қожалығы егіс көлемін жылдан жылға арттырып келеді. Мәселен, биыл Қоғалыкөл ауылына мың гектар жерге күріш септі. Қызметін  елге арнаған олар жуырда облыстық малшылар слетінде «Ақжарма-Инвест» АӨК – «Үздік ет және сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі» номинациясымен, «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз