Ақжарманың алма бағы жеміс бере бастады

407

0

Сырдария ауданы Ақжарма ауылының тұрғындары биыл алма бағының алғашқы жемісін тере бастады. «Ақжарма» серіктестігі ауылдағы байырғы бақтың көнеріп, ағашын жаңалау керегін байқаған соң, жеміс ағашын көбейту мәселесін қолға алған. Биыл олар төккен тердің нәтижесін көруде.
– Біз қазір өсіру кезеңінен өтіп, өнімге жеткізу деңгейінде тұрмыз. Алда әлі сақтау қоймасын салу және өнімді өткізу кезеңдері тұр. Биыл барлық талапқа сай сақтайтын қойманы салуды жоспарлап отырмыз. Негізі бақта 7 адам жұмыс істейді. Ағашты күтіп-баптауды жете меңгерген Ерлан Спанов жеті жұмысшыны ұйымдастырып отыр. Біз басқа шаруашылықтар сияқты 9 ай жұмыс істеп, үш ай демалмаймыз. Шаруашылықта жыл бойына жұмыс бар. Қазір егіс алқабындағылардың қолы босап, осында келді. Ағаштың түбін қопсытып, күтіп-баптау жұмыстарына атсалысады, – дейді серіктестік директоры Марат Бисенов.
Жалпы аумағы 12 гектарға жететін алқапта алманың 5 сорты егілген. Оған қоса, алмұрт, жүзім, шие, өрік тәрізді жеміс ағаштары жайқалып тұр. Жүзімді де үзіп жейтін күн алыс емес. Шаруашылық жұмыстарын әртараптандыруға байланысты қолға алған бастама жемісті болып келеді.
– Ойға алған жоспар көп. Алматының апортын еккіміз келген. Оған біздің табиғатымыз сәйкес келмейді екен. Ылғалды молынан қажет етеді. Жұртшылық ауылдағы бұрыннан келе жатқан алма бағын да жаңарту жұмыстарына кірісіп кетті. Кезең-кезеңімен іске асып жатса, бұл да жергілікті тұрғындарға жұмыс көзі болады, – дейді М.Бисенов.
Мәуелі ағашты майысып, өнімі төгіліп тұратын деңгейге жеткізу үшін көп еңбек керек. Мұндағы алма сорттарының үшеуі кеш, екеуі ерте піседі. Бар­лығының бабын тауып, келер жылға дайындамаса, жеміс­тің дәмін татамын деу бекер.
– Әр күні ағаштарды суарып, қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етеміз. Әлі бір ай уақытымыз бар. Артығын кесеміз. Алғашқы ызғарға дейін осы жұмыстарды үлгермесек, келер жылы өнімсіз қалуымыз мүмкін. Жеміс ағашына бей-жай қарауға болмайды, – дейді Е.Спанов.
Шаруасы шалқыған шаруа­шылықтың биылғы өнімі де бітік болды. Екі мың гектар жерге күріш еккен серіктестік гектарына 75 центнерден өнім алды. Қамбасы күрішке толған ақжармалықтар жеміс ағашын да ұмыт қалдырмай, жыл сайын көшеттің санын арттыруда. Осы күні Ақжарманың алма бағында 2500 дана жеміс ағашы бар.
Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<