Кестелі орамал келіншектің сәні

724

0

Келіншектің сәні – орамал екені рас. Оның бүгінде түр-түрі көп. Алайда өзіндік ерекшелігімен тігілген орамал жоқтың қасы. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Аида Темір жас болса да өзінің талантын көпке мо­йындатып келеді. Бала арманының іске асуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бойжеткеннің табандылығына сүйсінесің.

Талабынан таймаған дизайнер мамандығына оқуға түсіп, биыл дипломын қолға алды. Студент болса да бірнеше рес­пуб­ли­калық, халықаралық байқау­ларға қатысып жүлделі орындармен оралды. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Аида үйдің кенжесі. Әкесі мен анасы да қарапайым еңбек адамдары. Алғашқыда кенже қыздарының көз майын тауысып тігінші болуына батасын бермегенімен, уақыт өте балаларының дара қасиетін мойындады.

Сән әлеміне жаңа қадаммен кел­­ген жас дизайнердің қолөнерге қызығушылығы бесінші сыныпта басталды. Өзінің авторлық «Premium rose» атты орамалынан бөлек барлық киім үлгісін кескіндеп, пішіп тігеді, әдемі моншақтармен безендіреді. Осы уақытқа дейін Аиданың екі топтамасы көрсетілімге шығарылған.  Бұл, әрине, жас дизайнер үшін үлкен жетістік. ­Нео-фольклор үлгісінде тігілген сән көйлектерін арнайы модельдер шеруімен жұртшылық назарына ұсынады. Сәнгердің биылғы жетістігі – Өзбекстан республикасында өткен байқаудан топ жарып, бірінші орын иеленуі.

Қазіргі күні жарыққа шығарған өнімдерінде қазақы нақыштың иісі аңқып тұр. Жас дизайнердің айтуынша, соңғы жылдары қазақы стильде тігілген киімдердің тұтынушылары артқан. Заманға сай ою-өрнекпен әдемі көмкеріліп тігілген орамал мен киім-кешек ерекше сұраныста.

– Келіншектерге арналған орамалды әдемі раушан гүлдерімен көмкеріп, өзіндік реңк беруге менің бір күн уақытым кетеді. Ал ұзатуға арналған көйлектерді тігуге бір апта жұмсаймын. Маған арнайы тапсырыс беруші тұрақты тұтынушыларым бар. Бірақ көп емес. Өйткені, тек әлеуметтік желідегі парақшам арқылы мені танитындар ғана сатып алады, әсіресе мереке кезінде тапсырыс берушілер көп болады. Жай күндері күніне 1-2 орамал өтеді. Көз майымды тамызып, асқан төзімділікпен тігілген орамалдың бағасын қалта көтеретіндей етіп қойдым. Бірақ көп адамдар қолөнер еңбегінің бұдан қымбат тұратынын біле бермейді. Сондықтан арзанға сұрайды. Бір ормалдың бағасы оған кеткен жұмыстың көлеміне орай  2500 теңгеден басталады, – дейді.

Аидаға тігіншілік өнер әжесі Тұрсынкүл Баяхановадан берілген екен. Ол кісі Нартай Бекежановтың көзін көрген, сол Нартай атамыз құрған концерттік бригаданың белді мүшесі, әрі әншісі, әрі шәкірті  болған. Сахнаға кие­тін киімдерін әжесі өзі тігіп, жарқыратып киіп шығатын көрінеді. Міне, қасиетті қолөнер бүгінде немересіне жұғысты болып, оның өмірде өзіндік дара болмысын айқындауға септігін тигізгендей. Бір әттегенайы, жас дизайнердің қолынан шыққан бұйымдарының кеңінен таралуына қолдау аз. Мемлекет тарапынан ешқандай грант не болмаса жеңілдетілген несие ала алмай отыр. Талантты бойжеткенге демеу­шілік жасалса өзіндік тың дүние­лерімен  отандық өнімнің дамуына үлес қосарына сеніміміз мол.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<