Өнімді еңбектің өтеуі

424

0

Сыр елінің жер баптаған диқандары күріш алқаптарынан өнім жинауға кіріскен. Жұмыс науқанының алғашқы күндері облыс бойынша егілген 87,9 мың гектар күріштің әзірге 12 процентке жуығы орылып, 7%-ке жуығын бастырып үлгерді.

Бұл күндері ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып қалуға тырысқан еңбеккерлер ала жаздай күтіп-баптаған егінді ысырапсыз жиып алу қамында.

Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жаз бен күзгі науқандық жұмыстарды ұйымшылдықпен атқару – бас­ты талаптардың бірі. Сон­дықтан дала төсін дүбірге бөлеген диқандардың қызу тірлігі облыстың барлық ауданында жүріп жатыр.

Еңбек көрігін қыздырған шаруалардың бүгінгі қарқыны жаман емес. Диқан қауымының бірлігі мен тынымсыз тірлігінің арқасында Жалағаш ауданындағы «Сәрке батыр» ЖШС-ның күріші биыл да бітік шықты. Серіктестік төрағасы Қанат Демесіновтің айтуынша, биыл шаруашылық 1450 гектар жерге күріш, 825 гектар жерге ескі және жаңа жоңышқа екті. Мұнда барлығы 150-ге жуық адам еңбек етеді. Егін жинау науқанына су жаңа жатка, комбайндар мен астық тасымалдайтын техникалар тартылып, қырман басындағылар екі ауысыммен жұмыс істеп келеді.

Шаруашылық тізгінін қолға алған Қ.Демесінов – Сыр салысын жинауда рекордтық өнім алған еңбек озаты. Биыл да қырман басындағылар мол өнімге қол жеткізуге талпынып отыр.

– Егін бітік шықса, ол – ел несібесі. Қазіргі таңда күріш алқабында жұмыс қыза түсті. Диқан қауымы да аянбай еңбек етуде. Бізде негізі үш бригада бар. Оларға Пернебай Қарамендиев, Сайлау Аманжолов, Еркебұлан Кенжебеков жетекшілік етеді. Күріштің шығымы жаман емес. Бұйырса, биыл жылдағыдан мол өнім алуды көздеп отырмыз, – дейді серіктестік басшысы.

Егістіктегілер күзгі жиын-те­рім науқанын қазан айының ал­ғашқы күндері толық аяқ­тауды межелеудеміз. Бір қуа­­нар­­лығы, биыл атыздағы кү­ріш­­тің әр сабағы алтын дәнді кө­тере алмай төгіліп тұр. Ендігі мақ­сат – Жер-ананың ризық-не­­­сі­бе­сін шашпай-төкпей жиып алу.

Аудандағы «Ерәлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов биыл 1280 гектар күріш еккенін айтты. Оның ішінде 20 гектарға жергілікті ғалымдар шығарған «Сыр сұлуы» сорты егілген. Оны ору аяқталып келеді. Шаруашылықта негізгі күріш сорттары – «Лидер» және «Янтарь». Оларды жинау 10 қыркүйекте басталып кетті.

– Ораққа 20 техника дайын. Оның 8-і комбайн, 3-уі «Макдональд» жаткасы. Жа­нар-жағармай жеткізіп беру­ші оператор «Нефть-Транс Қы­зылорда» өз қызметін мүл­тік­сіз орындауда, – дейді шаруа­шылық төрағасы.

Қазалы ауданы Ақтан батыр ауылындағы «Сыр маржаны» ЖШС-ның күріш алқабындағы алғашқы орақ түсу рәсіміне аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Биылғы егіске сақадай сай әзірлікпен келген сырмаржандықтар дала төсін еңбек дүбіріне бөледі.

Сырдария ауданы А.Тоқ­мағанбетов ауылындағы «А.Тоқ­­ма­­ғанбетов Жер» се­рік­тестігі 2003 жылдың наурыз айында құрылған. Серіктестікте 120 адам еңбек етеді. Биыл ораққа 1 комбайн, 2 жатка, 2 ХТЗ, 4 МТЗ және 2 ауыл шаруашылығы машинасы қатысады.

Аудан әкімі Руслан Рүстемов шарада шаруаларды егін орағының басталуымен құт­тықтады.

– Бүгін – ерекше күн. Жаз бойы баптаған күрішке орақ түсіп, егіншілердің төккен тері мен еткен еңбегі өз жемісін береді. Бұл – нағыз еңбектің мерекесі. Ал, еңбек ұғымы – бәрі­мізге ортақ құндылық. Сол себепті, баршаңызды шын жүректен егін жинау жұ­мыс­тарының басталуымен құттықтаймын. Әлемде күріш­тен мол өнім алу бойынша  ре­кордтық көрсеткішке қол жет­кізген дала академигі Ыбырай Жақаевтан «Рекордтық өнім алудың құпиясы қандай?» деп сұрағанда, даңғайыр ди­қан «Алдымен еңбек, содан соң еңбек және еңбек» депті. Ең­бектеріңіз жемісті болсын! Қамба алтын дәнге толсын! – деді Р.Рүстемов.

«Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген бабаларымыз. Мәрт егіншілерге жомарт жер мол өнім сыйлайды деген үмітіміз бар.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<