Жауапты кезең

504

0

Облыста күрішке алғашқы орақ салған шаруашылықтың бірі –  Жаңақорған ауданындағы «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС. Осы құрылымда өткен салтанатты рәсімге шаруашылық төрағалары, тәжірибелі диқандар мен ардагерлер қатысып, қуанышты бірге бөлісті.

Биыл ауданда 36 мың гектарға түрлі дақылдар егілсе, оның 11 мың гектардан астамы дәнді дақылдар. Ал күріштің көлемі 8 мың гектарға таяу. Егіні бітік шыққан аудан еңбеккерлерінің де көңілдері көтеріңкі, ерекше екпінмен шешуші науқан жұмысына кірісіп кетті.

Аудан әкімі Ғалым Әміреев  өнімділігі жоғары күріш тұқымын егуді тәжірибе жүзінде қолға алудың тәуір нәтиже бере бастағанын тілге тиек етіп, биылғы өнімнің берекелі болатынына үмітті екендігін жеткізді.  Расында, Жаңақорған ауданы күріш өсіруде алдыңғы саптан көрініп келеді. Мәселен, 2017 жылы облыста «Үздік аудан» атанса, 2018 жылы «Озат аудан» номинациясына ие болған еді. Бастысы, диқан қауымының ала жазғы төккен терінің зая кетпей, қырманын дәнге толтырғанын айтыңыз.

– Егіншілік еркелікті көтермейді. Көзін тауып, бейнет етумен қатар жаңа технологияны меңгеру қажет. Жұмыс басында тәртіп пен жүйелілік болуы тиіс. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жетеді. Әрине, үстеп қоректендіру мен ағын судың жеткілікті болу қажеттігі түсінікті жағдай. Биыл осындай қамқорлықтың болғанын айтуға тиіспіз. Бұл аудан басшылығының жақсы жұмыс ұйымдастыра білуінің нәтижесі деп білемін, – дейді байырғы диқан, Еңбек Ері Арапбек Әбиев. Шаруашылық төрағасы Н.Рүстемов ұжымның егін орағына толық дайындықпен келгендігін, қысқа мерзімде жинап алуға мүмкіншілік бар екендігін айтты.

Сонымен, Жаңақорған ауданы да жауапты шақтың қарбалас тіршілігіне жұмыла кірісіп кетті. Диқандар діттеген межеден шығады деп сенеміз.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<