9 күнде 1827 жағдай

464

0

Облыс орталығында модульдік аурухана жұмысын бастады. Емдеу нысанының құрылысы пандемия жарияланғаннан кейін жүргізілген еді. Алғашқы науқастарды қабылдай бастаған медициналық мекеме 200 орынға арналған.

Қазір облыста эпидахуал күрделі. Өңір «қызыл» аймақта. Маусым айында облыста вирус 541 адамнан анықталса, шілдеде 3387 адам науқастанған. Ал, тамыздың тоғыз күнінің өзінде 1827 жаңа жағдай тіркеліп отыр.

– Індеттің бұлайша қарқын алуы «Дельта» штамының таралуына да байланысты. Жаңа штамм 60 есе тез жұғады, инкубациялық кезеңі қысқа. Науқастанған адамдардың көбінде дерт қазір симптомды түрде өтіп жатса, өткен жылы бұл ауру көбіне симптомсыз түрде кездескен еді. Облыс бойынша инфекциялық стационарда 1314, реанимациялық төсек-орында 94 науқас ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар 1800-ге жуық тұрғын үйінде емделуде. Қазір облыс бойынша 138 мобильді бригада бар. Олардың міндеті –  үйінде емделіп жатқан пациенттерді бақылап, кеңес беру және оларға қажетті дәрі-дәрмекті апарып көмек көрсету. Сондықтан жағдайы орташа жеңіл науқастар үйінде емделеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов.

Аймақта 1 ақпаннан бастап, екпе егу жұмыстары басталған болатын. Бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-компонентімен екпе алғандар саны 244 мыңнан асса, толық курсынан өткендер саны 185 мыңнан асты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жангелді Мырзагелдіұлы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана індетті жеңуге болатынын атап өтті.

– Қазір екпе алмағандардың басым бөлігі – зейнет жасындағы тұрғындар. Сақтық шараларына сәйкес шектеу жасалғанымен, той, ас беру жиындары әлі де өткізіліп жатыр. Үлкендер мұндай отбасылық жиындардан қалмай, қатысуда. Сондықтан вирус жұқтырып,  инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастардың көбі – зейнеткерлер. Үлкендерді де белсенді түрде вакцина алуға шақырамын, – деді ол.

Сондай-ақ, тұрғындар екпені қабылдаған соң, яғни бірінші кезеңі мен екінші кезеңі аралығында сақтанып жүру керегін атап өтті. Себебі, иммунитет ағзада 14-45 күн аралығында ғана толықтай қалыптасады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<