Әр шақырту артында адам тағдыры тұр

1107

0

Жылдамдық пен тез шешім қабылдауды, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицина саласының жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені, өз ісіне мығым, төзімі болаттай берік, кейде өміріне төнген қауіпке де тәуекел ететін осы жандар. Күннің аптап ыстығына, алай-дүлей боранына қарамастан түскен шақыртуға құстай ұшып барады. Сан түрлі сырқатқа дауа болып, алғашқы көмек көрсететін облыстық медициналық жедел жәрдем стансасында 79 бригада жұмыс жасайды. Оның 29-ы емхана, қалған 50-і «103» тобында болса, ал қалада 23 бригада қызмет көрсетеді.

Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының оперативтік бөлім меңгерушісі   Мария  Тобылбаеваның айтуынша, тәулігіне 1400-1500-дей шақырту түседі. Ал жедел-респираторлы вирусты инфекцияның өршуі, ауа райының қолайсыздығы кезінде 1700-1800 шақыртуға дейін артады. Заң талабына сәйкес бұл қызмет түрі 4 категория бойынша медициналық көмек көрсетеді. Осы салада 17 жылдан бері қызмет ететін кардиобригада дәрігері Ақманат Матаева тұрғындардан түскен әр шақыртуға ерекше зейін қояды. Олардың барлығына  жауапкершілік танытатынын айтады.

– Біз тек кардиобригада деп  жүрек ауруларымен шектеліп отырмаймыз. Мәселен, жол-көлік оқиғасы, ауыр жағдайдағы науқастарға алдымен біздің бригаданы жібереді. Әлі күнге есімнен кетпейтін оқиғалар бар. Екі жылға созылған пандемия уақытында үстіміздегі арнайы киіммен күннің аптап ыстығында қанша адамды ауруханаға жеткіздік. Біз апарғаннан кейін ол адамның жағдайын сұраймыз. Науқастың қайтыс болғанын естігенде жүрегіміз ауыратын. Мұндай жағдайлар көп болды. Кейде тұрғындар кеш шақырады. Барғанда ол адамға еш шара істей алмайтынымызды білеміз. Ондайда жақындары эмоцияға беріліп, өзімізге дүрсе қоятын кездер болады. Қолдан келгеннің бәрін жасасақ та, ажалдан арашалауға себепкер ғана екенімізді шақырушылар түсінсе екен, – дейді дәрігер.

Расымен біреуге жедел көмек керек болса, енді бірі жай ғана қан қысымын өлшетуге немесе дене қызуын түсіртуге қоңырау шалатындар бар. Ал нағыз көмекке зәру адам мұндайда жедел жәрдем қызметкерін күтіп қалуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар фельдшерді шұғыл қажет болғанда ғана шақыртуы тиіс. Жедел іс-әрекетті, қатаң талап пен қатал тәртіпті бойына серік еткен фельдшер Нұрдос Мырзабековтың ең алғашқы кезекшілігі қуанышты жаңалықпен басталыпты.

– «Белкөл» кентінен «Ана мен бала» орталығына әкеле жатқан жүкті әйелдің толғағы күшейіп, жол үстінде босандыруға тура келді. Орыс ұлтынан екен. Тілге шорқақтау едім. Бар білгеніммен өзара түсінісіп, әйтеуір баланы дүниеге алып келдік. Қыстың ызғарлы күні болатын. Суыққа тоңдырмай, аман-есен орталыққа жеткіздік. Бүгінде 3-4 баланың кіндік әкесі болып үлгердім, – дейді жас маман.

Шақырту түскен жерге лезде жеткізетін жүргізушінің бұл қызметте жауапкершілігі орасан. Науқасты ауруханаға апаратын болса, оны фельдшермен бірге көтерісуге көмек беретін де жүргізушілер. «Қаладағы автокөліктің көптігі шақыртуға барарда  кедергі келтіреді» дейді жүргізуші Самат Жаппасбаев.

– Он жылдан аса жүргізушімін. Дәрігер мен фельдшердің жанында жүргендіктен, медицина жағынан біраз хабардармын. Сондықтан салаға деген ынтам мен қызығушылығым оянды. Фельдшер мамандығын оқып, арнайы диплом алдым. Әзірге штаттың бөлінбеуіне байланысты ауыса алмай отырмын. Бірақ келешекте өзімді білікті маман иесі ретінде көргім келеді, – дейді ол.

Жалпы жедел жәрдемге шақыртулардың қай-қайсысы алдымен диспетчер бөліміне келіп түседі. Ондағы мамандар науқастың жай-күйіне қарай жергілікті бригадаға нұсқау береді. Стансаның оперативті бөлімінің аға дәрігері Кенішкүл Жеңсікбаеваның отыз жылға жуық тәжірибесі бар. Бұрын қала бойынша небәрі 2 оператор, 7-8 бригада болатын. Қазір заманауи техникамен жабдықталған базада бір мезгілде бірнеше оператор арнайы бағдарлама арқылы бригадаларға бағыттайды. Кейде бір сағатта 100 шақырту түсетін кездері оны бағыттап отыратын санаулы оператордың жұмысы қауырт болып кетеді. Аға дәрігер бұл жердегі диспетчерлер әр минутқа жауап беретінін айтады.

– Шақыртулардың көбі кешкі алтыдан кейін көбейіп, түнгі екіге дейін толастамайды. Бұл жерде отырған мамандар компьютерге түскен әр шақыртуға жауапты. Біздің жұмыс бүгінде бір жүйеге түсті. Мен осы залда отырған 7 қабылдаушы оператор мен 3 бағыттаушы диспетчер жұмысын қадағалаймын. Қала мен ауданға жауап беретін екі аға дәрігер кезекшілікте болады. Мысалы, бүгін ауданға жауаптымын, – дейді аға дәрігер.

Медицина саласының алдыңғы шебінде жүретін жедел жәрдем қызметкерлері әлі талай адамның жанынан табылып, көмек қолын соза беретіні анық. Облыстық медициналық жедел жәрдем станса қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймыз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<