Ахуал әлі де күрделі

651

0

Әлемде, оның ішінде елімізде  коронавирус індетінің эпидемиологиялық ахуалы күрделеніп отырғаны белгілі.  Сәрсенбідегі жағдай бойынша 11 өңір «қызыл аймақта» болса, сол тәулікте 2682 адамның вирус  жұқтырғаны  ПТР арқылы нақтыланды.

Атап айтқанда, «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалалары мен Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан, Қарағанды, Қызылорда, Маң­ғыс­тау, Павлодар облыстары бар.

Ал, облыста кеше 57 науқас тіркелді. Оның 32-сі симптомды, 25-і симптомсыз. Індет жұқтырған 14 науқас инфекциялық стационарда, 43-і үй жағдайында бақылауда.  Жалпы, өңірде жұқпалы дертпен тіркелген науқастар саны – 5350. Ал індеттен айыққандар саны – 4419-ды құрайды.

Ел аумағында індетке қарсы вакцинациялау жұмысы қарқынды жүргізілуде.  Денсаулық сақтау министрлігінің  мәліметі бойынша 1016809 адам вакцина салдырған.  Екпенің толық 2 компонентін салдырғандар бойынша алдыңғы үштікте Алматы қаласы (44250 адам), Түркістан облысы (19354 адам) және Нұр-Сұлтан қаласы (18168 адам) тұр.

27 сәуірде облыста барлығы 1853 тұрғын  коронавирусқа қарсы екпе ектірді. Ал жалпы 1 ақпан – 27 сәуір аралығында қала бойынша  – 16863, аудандарда – 7620, барлығы 24488 адам екпе салдырған.  Екпе алғандардың барлығы автори­за­ция­лаудың бірыңғай тетігі ар­қылы «Денсаулық сақтаудың бірың­ғай ақпараттық жүйесіне» енгізілген.

Мәселен, Жаңақорған ауданында коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар саны 1405-ке жеткен. Екі  күн бұрын  ауданға «Спутник V» вакцинасының 3000 дозасы жеткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның бас  мемлекеттік санитарлық дәрігері Шынар Айдарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, ауданда ахуал күрделі. Сәуір айының өзінде індет жұқтырғандар саны 130-ға жетіп, сырқаттанушылық көрсеткіші 21 процентке өскен.

– Пандемия басталғалы бері ауыр­ғандардың басым бөлігі ересектер болса, сәуірде 18-29 жас аралығындағы азаматтар індет­ке шалдығуда.  Сондықтан тұр­ғын­дардан сақтық шараларын қатаң ұстануды сұраймыз,– деді ол.

Айта кетейік, өңірімізге  36200 доза вакцина тағы әкелінді. Оның 34200-і – «СпутникV» вакцинасы болса, 2000-ы – «QAZVAC» екпесі.  Алдыңғысы аудандарға бөлінсе, отандық вакцина әзірге қалада салынуда.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<