Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өткен «Өз кәсібінің үздігі – 2026» республикалық байқауында жерлесіміз Гүлжан Жүсіпбаева «Үздік ауыл мейіргерi» атанып, жеңіске жетті.
Гүлжан Мұзарапшанқызы – Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы Нағи Ілиясов дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік мейіргері, 37 жылдан астам ауыл тұрғындарының саулығын қорғау жолында абыройлы еңбек етіп келеді.
Ол 8-сыныптан соң Жезқазған қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсті. 1990 жылы оқу орнын «Жалпы тәжірибелік мейірбике» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп, диплом алды. Сол жылдың тамыз айынан еңбек жолын Жезқазғандағы «Малыш» балалар ішек санаториясында бастады. 1991 жылы Тереңөзек ауданындағы стоматология кабинетінің мейірбикесі болып жұмыс істеді. 1992 жылдан бері Н.Ілиясов дәрігерлік амбулаториясында қызмет атқарып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсібіне адал, ақ жарқын, жүзінен мейірім төгілген, жан-жағынан көмегін аямайтын көпшіл жанды ауылдастары да құрметтейді.
Ол өзінің негізгі міндетінен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Тұрғындар саулығын қорғау жолындағы үздіксіз еңбегі лайықты бағаланып келеді. Мәселен, арғысын айтпағанда, 2023 жылы ауыл әкімінің Алғыс хатын алса, 2024 жылы республикалық «Үздік медицина қызметкері» байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол «Кәсіби емдік массаж» біліктілік арттыру курсынан өтіп, қазіргі кезде балаларға массаж жасайды.
Көпжылдық тәжірибесі мен жоғары кәсібилігінің арқасында Гүлжан ауыл медицинасының дамуына елеулі үлес қосып, тұрғындар арасында медициналық сауаттылықты арттыруға, аурудың алдын алу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға және сапалы патронаждық қызмет көрсетуді жолға қоюға еңбек сіңірді.
Жас мамандарға тәлімгерлік жасап, өз тәжірибесі мен білімін бөлісу арқылы орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға үлес қосуда.
Өз ісіне адалдығы, жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігі арқылы әріптестерінің құрметіне, ауылдастарының зор сеніміне ие болған Гүлжан Жүсіпбаеваның бұл марапаты ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің лайықты бағасы деп білеміз.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





