Ахуал алаңдатарлық

490

0

Елімізде өткен тәулікте 5317 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды. Соның ішінде аймақта 127 жағдай анықталды. Жалпы, облыс көлемінде  кешеге дейін коронавирус инфекциясының 8356  жағдайы тіркелді. 

Оның ішінде 55 процентінде (8356 жағдай) клиникалық белгілері болса, 45 процентінде  клиникалық белгілер жоқ (3773). Барлық тіркелген жағдайлардың 61,6 %  (5150) Қызылорда қаласының үлесінде. Аудандар бойынша Аралда  381 жағдай, Қазалыда 393, Қармақшыда 390,  Жалағашта 240, Сырдарияда 474,  Шиеліде  594, Жаңақорғанда 734. Барлық тіркелген  инфекцияның 2 проценті сырттан тасымалданған, 58  проценті скринингтік тексеру нәтижесінде және 40 проценті – қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар.  Ауруға шалдыққан  7082  науқастың 86,3 проценті немесе 7209-ы  емделіп шыққан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.

– Ауруға шалдыққандардың жас шамасы әртүрлі, жаңа туған нәрестеден бас­тап қариялар да бар,  соның ішінде   20 жас­тан 69 жас аралығындағы  азаматтар жиі жұқтыруда. Облыста тіркелген 5928 ошақтың  847-нің инкубациялық мерзімі аяқталмаған, әлі де бақылауда. 847 ошақтың ішінде 113-і ұйымдасқан ұжымда анықталып,   112  науқас тіркелді.  Барлық ошақта індетке қарсы профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Ошақтардағы қарым-қатынастағылар 14 күнге медициналық бақылауға алынды, – деді ол.

Шілде айының 1-18-і  аралығында  тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының 1208  жағдайы тіркеліп, алдыңғы айлардың осы мерзімімен салыстырғанда 5-5,5 есеге өскен (маусым айының  1-18-і аралығында 232 жағдай тіркелсе, жалпы маусым айында 541 жағдай орын алған). Шілде айының өткен аптасында күнделікті  60-тан  140 жағдайға дейін тіркелуде. Әсіресе, 18 шілдеде облыс бойынша биылға ең көп науқас тіркелген күн болды (140 жағдай).

– Кейінгі айларда   балалардың ауруға шалдығуы  жиілеп келеді. Талдау қорытындысы  бойынша биылғы  6 айда 18 жасқа дейінгі балалар арасында 765 ауру  тіркелсе,  оның 211-і тек шілде айының 18 күнінде нақтыланып отыр. Бізді, яғни, мамандарды 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде бір жасқа толмаған нәрестелер арасында аурудың тіркелуі және олардың клиникалық белгілермен ауруханаға түсуі алаңдатып отыр, – деді Әлия Мүтәліпқызы. 

Орын алып отырған күрделі эпидахуалға байланысты ол тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысуға шақырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<