Алдыңғы қатардағы аудандық аурухана

779

0

Бас  ауырып, балтыр сыз­дағанда алдымен Алладан, сонан соң ақ халаттылардан  шипа тілеп, жәрдем сұрайтынымыз белгілі. Елді абыржытып жатқан індет мені де қармағына ілді. Пневмония дертімен ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне түстім. Өзім жүрек ауруымен диспансерлік есепте тұрамын. Ауруханаға түскен бойда дәрігерлер мен медбикелер қажетті ем-дом жүргізді, 14 күн ем алдым.

Сонда байқағаным, індетпен күресіп, науқастардың өміріне араша болып жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі нағыз ерлікпен тең екен. Қазіргідей ыстық күнде тұмшаланып киініп алып жұмыс істеу оңай емес. Ал ондағы қызметкерлер күнұзағына солай жүріп, міндеттерін атқарады. Тағы бір байқағаным, аурухананың материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жақсарған. 

Жалпы, Жаңақорған ауданы бойынша 185 орынға арналған тәуліктік орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана (15 төсек), 1 аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 8 ­фельдшерлік-акушерлік ­бекет, 10 медициналық бекет, 49 жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақ халыққа қызмет көрсетуде. Оларда 170 жоғары білімді дәрігер жұмыс істейді,  дәрігерлердің 104-нің немесе 61,1%-нің біліктілік санаты бар. Орта буынды мамандар – 823, олардың 567-нің немесе 68,8%-нің біліктілік санаты бар.  Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында былтыр жергілікті бюджеттен  бір  ­АРДИАГНОСТ-8 стационар­лық рентгенологиялық диаг­ностика кешені, бір дезинфекциялық тоннель, бір жаңа туған сәбилерге арналған ашық реанимациялық жүйе, бір фиброгастроскоп,  10 кондиционер, 5  хирургиялық сорғыш аппараты, 60 дана пульсоксиметр, 25 дана термометр, сондай-ақ гуманитарлық көмек арқылы бір МАС-R32 жылжымалы рентген аппараты, 10  ИВЛ аппараты, 54 оттегі концентраторы, 34 пульсоксиметр, 5 термометр, 1 «Finecare FIA Meter Plus» зертханалық анализаторы, 1 «Chevrolet Damas DLX» санитарлық автокөлігі және облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 1  тепловизор құрылғысы алынған.  Індетпен күрес шараларына қажетті антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттардың екі айлық қоры жасақталған.

 Ал аурухананың өзім емделген жұқпалы аурулар бөлімшесі кесел  жұқтырған науқастарды қабылдау үшін барлық қажеттіліктермен және медициналық бұйымдармен жабдықталған.  Жұқпалы аурулар бөлімінен  60 төсек әзірленген, оның ішінде 50-і коронавирус жұқтырған науқастарға, 10-ы реанимация­лық науқастарға арналған. Бұл бөлімнің меңгерушісі Әсел Сейілова, мейірбикелер Нұрсезім Тұрсынбаева, Нұрдос Табанбай өз ісіне адал жандар. Олардың жүргізген ем-домдарымен қатар жылы сөздері мен ілтипатты қарым-қатынастары да науқастарға күш беріп, аз уақытта аурудан айығуына сеп болуда. Сонымен бірге кіші буын қызметкерлер Мөлдір Есентаева мен Гүлшара Қоңқаеваның да еңбектері зор. Олар палата ішінің тазалығы үшін уақытпен санаспай өз міндеттерін мінсіз атқаруда.

Ауруханадағы жұқпалы аурулар, фильтр, реабилитация, күндізгі емдеу, қабылдау бөлімшесі және перзентхана мен емхананың фильтрі «лас» және «таза» аймақтарға бөлініп жұмыс істеуде.

Ауданаралық аурухана бас дәрігері Яхия Шорабаевтың мәліметіне сү­йен­сек, инфекция­лық стационар­дағы медицина қызметкерлері ­ра­ция-теле­фондармен толық қам­та­масыз етілген. Әрбір палатаға пациенттер үшін кедергісіз ар­найы шақыру кнопкалары орнатылған. Тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдем қызметі ұйымдастырылған, аурухананың қабылдау бөлімі жанынан уақытша 30 төсекке арналған фильтр бөлімі ашылып тұрақты түрде жұмыс істеуде. Нәтижесінде биыл қаңтар айынан осы мерзімге дейін медицина қызметкерлері арасында бірде-бір індет жұқтыру фактісі тіркелмеген. Қазіргі уақытта орталық аурухана ғимаратын (62 пациентке арналған), емхана филиалы ғимаратын (8 пациентке арналған) және жұқпалы аурулар бөлімшесін (18 пациентке арналған) орталықтандырылған оттегі жүйесіне қосу бойынша бюджеттік өтінім берілген.  

Жұқпалы аурулар бөлімінде екі апта емделген соң үйге шықтым. Он шақты күннен кейін тағы да аудандық аурухананың нейрореабилитация бөлімінде он күн ем алдым. Мұнда да бөлім меңгерушісі Ақерке Дайрабаева, мейірбикелер Люба Асқатқызы,  Жанар Ниязова, Ақмарал Ақ­баева, кіші буын қызметкерлер Толқын Байзақова, Айна Камалова, Раушан Момбаева сынды өз кәсібіне адал жандар еңбек етеді.

Нейрореабилитация бөлімі 2019 жыл ақпан айында ашылған. Мұнда реабилитолог, психолог, логопед-дефектолог, массажист, ЕДШ жаттықтырушы, сәулемен емдеу мейірбикелері, кезекші реабилитация мейірбикелері жұмыс істейді. Бөлімшеде 5 палата, ЛФК залы, асхана бар. Науқастарға барлық жағдай жасалған. Палаталар кондиционермен жабдықталған. Теледидар, тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. ЛФК залында портативті көпфункциялы мини велосипед, механотерапия-кинезотерапия велосипедтері бар. Сәулемен емдеу бөлмесінде вакуумды массаж, парафин, электрофарез аппараттары жұмыс істеп тұр.

Аудандық ауруханамыздың осындай жетістігі, яғни, заманауи техникалармен жабдықталып, білікті мамандармен қамтылуы бізді қуантады. Қазіргідей күрделі эпидах­уалда індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газеті арқылы алғыс  айтуды жөн көрдім. 

Оразбай АҚЫНБЕКОВ,

Жаңақорған ауданының тұрғыны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<