Алға жылжыған ауыл медицинасы

775

0

Жаңақорған ауданына қарасты «Талап» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Алғатай Қаратаеваның еңбек жолы 1985 жылы басталды.  Ол егеменді ел болған алғашқы жылдардағы медицина мен қазіргі медицинаның айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады. Жиырма жылға жуық осы «Талап» дәрігерлік емханасында қызмет атқаратындықтан өткен мен бүгінді таразылай алады.

–    Мәселен, 1990-1995 жылдары УДЗ, ЭКГ, Холтр, КТ, тредмилл аппараттары жоқтың қасы болатын, қазір бұл құрылғылар кеңінен қолданылуда. Бұрын бұлар тек орталық ауруханаларда ғана тұратын, оған түсу үшін науқас айлап кезек күтетін еді. Қазір қолжетімді. Сондай-ақ, бүгінде дәрі-дәрмекпен қамту, ауруханаға жату  да жолға қойылды. Осының нәтижесінде өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, ауруды ерте сатысында анықтауға қол жеткізіп отырмыз, – деді Алғатай Әбітайқызы.

 «Талап» дәрігерлік емханасы Кеңес ауылына қарайды. 1034 тұрғынға қызмет көрсетеді. Екі ауылды қосқанда 3000-ға жуық халық бар. Бұрын ауылдық аурухана болған. Ол кезде Кеңес, Талап, Манап елді мекендері мен №28 разъезд, Бесарық станциясы және Сатымсай ауылы, яғни, барлығы 5 ауылдың тұрғындарына қызмет көрсеткен. 2010 жылы аурухана жабылып, емхана болып қайта құрылған.

– Қоғамның қай саласы болмасын түрлі реформаларды бастан кешті. Осы орайда ауылдық елді мекендерді де біріктіру, қайта құру жұмыстарының жүруі заңдылық еді. Мәселен, сол 2010 жылдары Манап ауылы мен №28 разъезд бірігіп, бір әкімшілікке қарады. Талап пен Кеңес ауылы бір әкімдік, ал Бесарық станциясы өзінше бір әкімдікке  қарайды. Қазір Жаманбай батыр ауылдық округі деп аталады. Ол кезде 5 мыңға жуық тұрғын болды. 5 ауылға бір ғана дәрігер қызмет етті. 20 төсектік аурухана болды. Сол кездегі туу көрсеткіші мен қазіргі көрсеткішті салыстыруға болмайды. Өйткені қазір едәуір өсті. Ана мен бала өліміне қатысты көрсеткіш те осыдан отыз жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Тұрғындардың саулығын сақтау, аурудың алдын алу бағытында көптеген бағдарламалар, жол карталары әзірленіп, жүзеге асырылып келеді. Нақтырақ айтсақ, салада 36 нысаналы индикаторлық көрсеткіш бар. Осыған жету үшін біз тынбай жұмыс істейміз. Мәселен, арыға бармай-ақ, биылғы 9 айда ауылымызда жалпы өлім-жітім  былтырмен салыстырғанда 7,3-тен 5,2-ге төмендеді. Ана өлімі  бірнеше жылдан бері тіркелген жоқ. Сәби өлімі де бірнеше жылдың көлемінде  болған жоқ. Жүрек-қан тамыр ауруынан қайтыс болғандар арасында еңбекке қабілетті жастағылар жоқ. Қатерлі ісік ауруы бойынша да өлім-жітімнің тіркелмегені қуантады, – деп атап өтті аға дәрігер.

Сондай-ақ, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауруды ерте анықтау мақсатында ауылға жылына екі рет жылжымалы медициналық кешен, флюромашина тұрақты түрде келіп, тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Ауылдық емханада 2 жалпы тәжірибелік дәрігер, 5 фельдшер, 12 мейірбике және 2 акушерка, 1 әлеуметтік қызметкер еңбек етуде. Осы мамандардың жұмысының жүруіне, ұжым ауызбіршілігінің сақталуына аға дәрігер ретінде жетекшілік жасайтын Алғатай Әбітайқызының еңбегі зор. 1990 жылы Жаңақорған аудандық емханасында жасөспірімдер дәрігері, 2000 жылдан Талап ауылдық ауруханасының бас дәрігері, 2010 жылдан бері аудандық емханада бас терапевт, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары болып қызмет атқарған ол осы жылдарда Талап ауылдық амбулаториясының жұмысын да қатар алып жүрді. Жоғары санатты дәрігер медицина саласының бүгінгі жетістігі 30 жылда атқарылған тынымсыз жұмыстардың, қабылданған оң шешімдердің нәтижесі екенін айтады.

Алғатай Қаратаева биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде «Үздік ауыл дәрігері» атанып, ұжым абыройын асқақтатты. Онан бұрын алған «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медалі де омырауында жарқырап тұр.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<