АҚЖАРМАДА АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

553

0

Сырдария ауданы Ақжарма ауылында жаңа амбулатория қолданысқа берілді. Енді ауылдағы ағайын аудан орталығына бармай-ақ, елдімекенде ем-дом қабылдай алады. Медициналық нысанда қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов денсаулық сақтау мекемесінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтергенін атап өтті.

– Әлемдегі дамыған 30 ел­дің қатарына қосылу мақ­са­тында қабылдаған бағдар­ламаға сәйкес бүгінде елі­міз­де көптеген жұмыстар ат­қарылуда. Оның ішінде ауыл тұр­ғын­дарының денсаулығын жақ­сарту мақсатында жаңа нысандар салынып, халық игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр. Бүгін Ақжарма ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталды. Ауыл тұрғындары жоғары сапалы медициналық көмекті осы дәрігерлік амбулаториядан алатын болады. Жаңа нысан құтты болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада денсаулық сақтау сала­сының ардагерлері А.Тоғыз­баев пен Р.Есмахан, тұр­ғын­дар денсаулығын нығайту бағы­тында жаңа медициналық ғи­мараттың салынуына қолдау көрсеткен атқарушы билік өкілдеріне алғыстарын айтты. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының мамандары жемісті жұмыс жасайтынына сенім білдірді.

Өз кезегінде аудан әкімі Ғ.Қазантаев соңғы бес жылда аудан бойынша көптеген жаңа нысандар салынып, қолданысқа берілгенін жеткізді.

– Сырдария ауданында бір­неше жыл қатарынан жаңа ғимараттар бой көтеруде. Ау­дандық бюджет есебінен де әлеуметтік нысандар салынды. Бір ғана Ақжарма ауылында биылдың өзінде жаңадан спорттық сауықтыру кешені мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұл – Елбасы саясатының жемісі, Тәуел­сіздігіміздің арқасында келген игілік. Өздеріңізге белгілі, тіректі елді мекенде көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдың кәсіпкер азаматтары да елді мекеннің дамуына атсалысуда. Жалпы алғанда дамуы айшықты Ақжарма ауылы қай қырынан алсақ та, өзге ауылдарға үлгі, – деді аудан басшысы.

Заманауи құрал-жабдық­тар­мен қамтамасыз етіл­ген дәрі­герлік амбулаторияның лентасы қи­ыл­ғаннан кейін мәртебелі меймандар мен ауыл тұрғындары мекеме жұмысымен танысты.

Осы күні Тереңөзек кентінде волейболдан жасөспірімдер ара­сындағы халықаралық турнир­дің жалауы көтерілді.

Биыл 20 мәрте ұйымдас­тырылған турнирге Өзбек­станнан және еліміздің облыстарынан 20 команда, 317 спортшы қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы А.Бақтиярова спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс ережесіне сәйкес, командалар төрт топқа бөлініп ойнауда. Турнирдің ақтық ойындары бүгін өтеді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<